301
Омбыда «Абай» мәдени-іскерлік үйі ашылды
Омбыда «Абай» мәдени-іскерлік үйі ашылды
Омбы қаласында Ресейдегі қандастарға қолдау көрсететін «Абай» мәдени-іскерлік үйі ашылды. Орталықтың ашылуы онлайн форматта өткізілді. Салтанатты іс-шараға Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.Әзілханов және Ресей Федерациясы Омбы облысы Үкіметінің өңірлік саясат және бұқаралық коммуникация министрінің орынбасары Ю.Назаренко, Қазақстаның Омбыдағы Бас консулы Е.Сүгірбеков және «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті М.Сарбасов қатысып, өз құттықтауларын жеткізді.
Қазақ халқының тарихында Омбы қаласының да алар орны ерекше. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары Шоқан Уәлиханов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин қатарлы қайраткерлер Омбы қаласында оқыды. Дарынды қазақ жастары білім нәрімен сусындаған қалаға бір ғасырдан кейін қазақ мәдени-іскерлік орталығы шаңырақ көтерді. Көңілімізге қуаныш ұялатқан және бір жағдай «Абай» мәдени-іскерлік үйі ғимараты қала орталығындағы Шоқан Уәлиханов көшесінің бойында және ағартушы ғалым оқыған Омбы кадет корпусының жанында орналасқан.
– Омбы қаласындағы «Абай» мәдени-іскерлік үйінің ашылуымен барлық шеттегі қандастар мен отандастарды құттықтаймын. Бұл бір тарихи шара. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін шеттегі бауырларымызбен байланысты нығайды. Жыл сайын қандастарымыздың қатысуымен мәдени-гуманитарлық іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. «Отандастар қоры» құрылғалы бері қандас бауырларымызбен жұмыс жүйелі жүргізілуде. «Абай» мәдени-іскерлік үйі алдағы уақытта басқа мемлекеттерде де ашылатын болады, – дейді Қазақстан Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Алмасұлы.
«Абай» мәдени-іскерлік үйі 4 бағыт бойынша жұмыс істейді. Бірінші, бағыты мәдени-гуманитарлық және қазақ тілін үйрету жобаларын қамтиды. Екінші, «Атамекен» іскерлік бағыты бойынша қандастардың екі жақты тиімді бизнес жобаларына қолдау көрсетіледі. Үшінші, «Жас қазақ» бағыты арқылы әлемдегі жас қандастарды елге тарту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру көзделеді. Төртінші «Атажұрт» бағыты арқылы шетелдегі қазақтілді БАҚ-тың қауымдастығын құрып, өзара ақпараттық ынтымақтастықты арттыру жоспарланып отыр.
– Біз бүгін өте қуаныштымыз. Себебі қаламызда «Абай» мәдени-іскерлік үйі ашылып жатыр. Орталыққа жақын жерде Қазақстанның елшілігі орналасқан. Омбыда елшілік ашылғалы бері атажұртпен байланысымыз жақсара түсті. Омбыдағы белсенді жастардың атсалысуымен «Омбы қазақтары» деген газетіміз шығып тұрады. «Отандастар қорымен» екі жылдан бері жұмыс істеп жатырмыз. Болашақта да тың жобалар мен бағдарламаларды бірге жүзеге асырамыз деген үміттемін, – дейді Омбыдағы «Мирас» қазақ тілі мен мәдениетін дамыту және сақтау қорының басшысы Асқар Райсов.
«Абай» мәдени-іскерлік үйі Қазақстан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және «Отандастар қорының» бірлескен жобасы негізінде жүзеге асып, жыл соңына дейін Өзбекстанның Ташкент, Түркияның Стамбұл, Қырғыз Республикасының Бішкек, Германияның Берлин қалаларында ашылады деп жоспарлануда.
Бақытбек ҚАДЫР