377
Праймериз: Дебаттар байыпты пікір алаңына айналды
Праймериз: Дебаттар байыпты пікір алаңына айналды
«Nur Otan» партиясының жалпыреспубликалық ішкі сайлауында дауыс беруге санаулы күн қалды. Праймериз кандидаттары 14 қыркүйектен бері жария пікірсайысқа қатысып, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын ұсынуда. Дебаттар әр өңірдің түйткілді мәселелері көтерілетін, олардың шешу жолдары ұсынылатын салмақты ой, байыпты пікір алаңына айналды.
Семей қаласында күні бүгінге дейін пікірсайыс 8 рет ұйымдастырылып, оған 40-тан астам үміткер қатысты. Сейсенбіде өткен дебатта үміткерлер мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қала аумағында қозғалыстарын оңтайландыру мәселесін көтерді. Сондай-ақ кандидаттар Семей қаласындағы қоғамдық көліктерді жаңарту, қала ішін абаттандыру сынды мәселелерді талқылап, оны шешу жолдарын ұсынды.
Ал Ақмола облысының Жарқайың ауданында өткен пікірсайыста кандидаттардың бірі жас кәсіпкерлерді қолдауды, жастарға үй салу мәселесін көтерсе, келесі үміткерлер сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін өзінің сайлауалды бағдарламасының өзегі еткен. Праймеризге қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тілге тиек ете отырып, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыру қажет екенін жеткізді.
Сондай-ақ жарқайыңдық кандидаттар патриотизм мен жастар мәселесін де көтерді. Үміткерлер ел ішін аралап, тұрғындардан жинаған ұсыныс, пікірлердің негізі де жастар мәселесі болып отырғанын айтты. Барлық ұсыныстар аудандық партия филиалының сайлауалды бағдарламасы мен ауданның даму бағдарламасына енгізілмек. Себебі ел ахуалы халық қалаулыларының ұдайы назарында болуы қажет. Өңірдің тыныс-тіршілігіне етене қаныққанда ғана мәселелердің мәнісімен жете танысуға болады дейді праймериз қатысушылары.
Елордалық кандидаттар да тартысты дебат өткізді. Байқоңыр ауданының қатысушылары «Нөсер кәріздері және тазарту құрылыстары», «Қоғамдық көлік», «Жастар», «Қауіпсіздік» секілді 10 тақырып аясында пікір таластырды.
Үміткерлер аталған тақырыптар бойынша тұшымды идеяларын ұсынып, қала өмірін жақсартуға қатысты ойларын ортаға салды.
Мәселен, мемлекеттік органдарда тәлімгерлік институтын енгізуді, яғни тәжірибесі бар адамдарды жас қызметкерлерге тәжірибе беруге ынталандыруды ұсынды. «Әділдік» БПҰ өкілі жастар мәселелерін талқылаған пікірталаста жастар үшін шекті жасты арттыру қажеттілігі туралы, мектептерде «Логика» және «Психологиялық дайындық» пәндерін міндетті түрде енгізу қажетін айтты. Сонымен қатар ол мемлекетке ЕДБ-дан халықтың кепілсіз несиелерін сатып алу үшін бағалы қағаздар шығаруды ұсынды.
Ал бизнес өкілі пікірталас алдында елордалық автобус парктерінің жүргізушілерімен бірнеше рет кездесіпті. Дебатта ол ең алдымен, жүргізушілер үшін ыңғайлы жағдай жасауды, атап айтқанда, соңғы аялдамаларды дәретханалармен жабдықтауды ұсын-ды.
Еске сала кетейік, Nur Otan партиясының партияішілік сайлауында онлайн дауыс беру 1-3 қазан аралығында өтеді. Дауыс беруге қатысу үшін «Праймериз» ақпараттық жүйесіне бүгінгі күнге дейін 700 мыңға жуық партия мүшесі тіркелді. Праймеризге 11 мыңға жуық үміткер қатысуда. Еліміз бойынша орта есеппен бір орынға төрт адам үміткер болып отыр. Кандидаттардың 70 пайызы өзін-өзі ұсынғандар, ал мыңға жуығы – партияның жаңа мүшелері. 37 пайызы – әйелдер, 29 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар.