222
Елорда автобустарындағы электронды билеттеу жүйесі 6 млрд теңгені көлеңкелі айналымнан шығарды
Елорда автобустарындағы электронды билеттеу жүйесі 6 млрд теңгені көлеңкелі айналымнан шығарды
Нұр-Сұлтан қаласындағы қоғамдық көліктерді электронды есеп айырысу жүйесіне толық көшіру арқасында 6 млрд теңге көлеңкелі айналымнан шығарылған. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.
«Бүгін Kazan Digital Week халықаралық форумына онлайн қатыстым. Басқа елдердегі әріптестермен бірге интеллектуал транспорт жүйелерін талқылап, тәжірибемізбен бөлістік. Қоғамдық тасымалдың модернизациясы мен цифрлануы - басым бағыттардың бірі. Автобустарды жаңартып қана қоймай, жаңа маршруттар қосып, жол салып, қалалықтардың ыңғайы үшін электронды қарым-қатынас механизмдерін енгізу керек», - деп жазды қала әкімі Instagram парақшасында.
Алтай Көлгінов елордадағы көлік тасымалын дамыту мақсатында қолға алынған шараларға тоқталды.
«Бірінші - интеллектуал транспорт жүйесін дамыту. Көше қиылыстарында тұрған бағдаршамдардың 50% адаптив басқару жүйесімен қамтылған. Мұндай технология көлік ағынын автоматты режимде есептеп, бағыттар бойынша шешім қабылдайды. Бұл көлік ағынының жылдамдығын арттырып, жолда жоғалатын орташа уақытты 20% қысқартуға мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін қаладағы көше қиылыстарының 80% осы цифрлы жүйемен қамтитын боламыз. Бұл - тәуліктің қарбалас уақытында түйінді бағыттарға жүктемені азайтады. Екінші - қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бақылау камералары жол-көлік оқиғаларын 20% қысқартып, өлімге әкеп соғатын жағдайларды 40% азайтуға мүмкіндік берді. Үшінші - қоғамдық тасымалды дамыту. Қалалықтардың ыңғайы үшін қаламаңы көлік қатынасын енгіздік (32 елдімекенге қызмет көрсетіледі), экспресс , sport shuttle bus маршруттар да бар (бұқаралық мәдени шаралар үшін)», - деп жазды шаһар басшысы.
Сондай-ақ, қала әкімі шаһарда тұрғындардың өтініші бойынша 40 маршрут оңтайландырылғанын, қоғамдық көліктің 70% астамын жаңартылып, жыл басында көшелерге 100 жаңа электр автобус шыққанын атап өтті. Әкімдік жыл соңына дейін электр автобустардың тағы бір партиясын шығаруды жоспарап отыр екен.
«Барлық автобус жолақы төлеудің электронды жүйесімен жабдықталған, бұл карантин кезеңінде індет жұқтыру ықтималдығын азайтты. Электронды есеп айырысуға 100% өтудің арқасында 6 млрд теңге көлеңкелі айналымнан шығарылды. Сонымен бірге, қалалықтар автобустардың қай жерде келе жатқанын мобил қосымша арқылы қарап, аялдамалардағы электронды таблолардан көре алады», - дейді Алтай Көлгінов.