Құс тұмауы: АШМ Солтүстік Қазақстан өңіріне келді

Құс тұмауы: АШМ Солтүстік Қазақстан өңіріне келді

Құс тұмауы: АШМ Солтүстік Қазақстан өңіріне келді
ашық дереккөзі
222
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың тапсырмасымен вице-министр Гульмира Исаева бастаған арнайы топ Солтүстік Қазақстан өңіріне келді. Олар облыста жоғары патогенді құс тұмауының таралуына жол бермеу мақсатында жасалып жатқан кешенді шаралардың барысын тексерді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады. «Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда 2005 жылдан бері құс тұмауы болмаған. Сондықтан біз Солтүстік Қазақстан облысына өңірде індетке қарсы жұмысты дұрыс үйлестіруге және вакцинация шараларын ұйымдастыруға, сондай-ақ ауру ошақтары анықталған аумақтарды және құстардың өлекселерін жоюға көмектесу үшін келдік. Тәуекелдерді бағалау және құс тұмауының одан әрі таралуын болдырмау үшін барлық іс-әрекеттердің дұрыстығына көз жеткізу өте маңызды болды. Сондай-ақ, біздің міндетіміз – өлген құстардың иелеріне өтемақы төлеу бойынша жұмысты жолға қою. Бізбен бірге Республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың басшысы өз мамандарымен келді. Олар өтініштерді қабылдап, заңға сәйкес төлемдер жүргізеді», – деді арнайы топтың келу мақсаты туралы ҚР АШМ вице-министрі. Сонымен қатар, ол комиссия өңірдегі құс фабрикаларының басшыларымен кәсіпорындар айналасында «биологиялық қауіпсіз әрі оқшауланған» аймақтар құру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізгенін хабарлады. Барлық қажетті талаптар орындалған жағдайда өңірдің құс фабрикалары өз өнімдерін еркін өткізу құқығын ала алады. «Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай және арнайы топтың сапары туралы толық ақпаратты ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева дүйсенбіде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында жариялайды», – деп жазды ҚР АШМ Баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан Facebook-тегі парақшасында.

Серіктес жаңалықтары