851
Ұшпайтын ұшақтың билеті: ақшасы қайтпағандар қайтпек?
Ұшпайтын ұшақтың билеті: ақшасы қайтпағандар қайтпек?
Төтенше жағдайға байланысты елімізде әуе рейстерінің 95 пайызы тоқтаған болатын. Мәселен, сәуір айында 4 340 рейс ұшпаған. Жолаушылар мен саяхатшылар да бірден билеттерін қайтарып алуға әрекет жасады. Әдетте қазақстандық жолаушылардың тек 7 пайызы ғана билеттерін кері өткізсе, төтенше жағдай кезінде бұл көрсеткіш 80 пайыздан асып кеткен. Билетті қайтаруға өтініш білдіргендер ақшасын ала алмай жүргендерін айтып шағымданған болатын. Одан кейін билеттің құны толық қайтарылмайды деген де ақпарат тарады. Ұшпаған ұшаққа билет алғандардың біразы әлі күнге дейін қаражатының қалтасына қайтпағанын айтып, әуе компаниялардың әлеуметтік желідегі парақшаларына шағымдарын жазған. Билет бар, ұшақ жоқ, ақша қайда?
Үкімет тарапынан атқарылған шаралар
Тек біз ғана емес, мұндай қиындыққа әлемнің барлық әуе компаниясы тап болды. Атап айтар болсақ, Италияда әуе билеттерін брондау өткен жылмен салыстырғанда 63 пайызға, Испанияда 84 пайызға, Германияда 65 пайызға, Францияда 74 пайызға азайған. Сарапшылардың пікірінше бұл – соңғы жүз жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Әуе сапары мен туризмге арналған The Blue Swan Daily порталының дерегінше, Қазақстанда жыл сайын үш мыңдай әуе рейсі арқылы жолаушылар тасымалданады екен. Оның екі мыңға жуығы ішкі рейстер болса, қалған бөлігі сыртқы рейстерге тиесілі. 2019 жылы жолаушылар ағыны тіптен артқан. Төтенше жағдай мен карантин алдында сапарға немесе саяхатқа шығып үлгергендерді мемлекет кейін арнайы ұшақтармен алдыруға мәжбүр болды. Төтенше жағдай жарияланған уақытта 5 914 қазақстандық шекара сыртында жүрген. Оларды қайтару үшін шамамен 1 млрд теңге қаржы қажет болды. Ал шетелге шығып үлгермегендерге туристік агенттіктер әуе билеттері үшін төленген 4,6 млрд теңгені қайтаруы керек еді. Саяхатшылардан бөлек басқа мақсатта сапарға шығуға ниетті болған жолаушылар да «күйіп кеткен» билетінің ақысы қайтпай қала ма деп алаңдады. Еліміздегі ұшақ билеттерінің құнын ескерсек, алаңдамауға негіз де жоқ емес: 2012-2018 жыл аралығында еліміздегі әуе билетінің бағасы тұрақты түрде өсіп отырған. Әуе билеттерін кері өткізудің ережелері әр компанияда әуелден бекітіліп қойғандықтан, алғашында сол тәртіп бойынша билет құны толық қайтарылмайтыны айтылған еді. Кейіннен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов әуе билеттерінің ешқандай айыппұлсыз қайтарылатынын мәлімдеген еді. «Әуе компанияларына төтенше жағдай кезінде тоқтатылған рейстердің билет құнын айыппұлсыз, толық көлемде қайтару туралы тапсырма беріліп, қайтаруға міндеттелді. Бір айта кетерлігі, бізде агрегатор компаниялар (Aviata, tickets.kz) арқылы да көп билет сатылған. Олар дербес жұмыс істейді және агрегаторлардың бір бөлігі өзге мемлекеттер аумағында орналасқан. Бұл да бізге қиындық тудырып жатыр. Кей туристік агенттіктер билетті шетелдегі кеңселері арқылы сатып жатыр. Мұнда әрине, қайтару мәселелерін азаматтық-құқықтық алаңда сот органдары арқылы шешу қажет», – деген еді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есеп беру брифингінде. Сауда және интеграция министрлігі сәуір айының соңында SCAT, Air Astana, Qazaq Air, Fly Arystan әуе компанияларымен келіссөз жүргізіп, ақшаны қайтаруға келіскен болатын. Бірақ бұған уақыт керек екені де сол кезде айтылған еді. Сонымен қатар шілде айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайды ресми түрде форс-мажорлық жағдай деп бекітті. Ал «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ басқармасы жолаушылар билеттерін өткізген жағдайда ақшалары толық көлемде қайтарылатынын төтенше жағдай енді жарияланған уақытта-ақ мәлімдеген-ді. Теміржол билеттерінің құны бұрын 3 күн ішінде қайтарылған болса, пандемия кезінде қаражат жолаушыларға дереу қайтарылып отырды. Қазіргі кезде жағдай біршама оңалды. Ел ішінде ғана емес, көптеген шет мемлекетке ұшатын рейстер қайта жанданды. Бірақ қаншама уақыт өтсе де, осы кезге дейін ақшасын ала алмай жүргендер әлі де жетерлік.Бұған компаниялар не дейді?
SCAT әуе компаниясы 3 қыркүйек күні Instagram желісіндегі парақшасында төтенше жағдай кезінде тоқтатылған рейс билеттерінің құны 99 пайыз қайтарылғанын мәлімдеген болатын. Бірақ оған жазылған пікірлердің басым көпшілігі кері мазмұнда. Пікір жазғандар әлі күнге дейін билетке төлеген ақшалары қайтпағанын айтып шағымданған. Қаражатым қайтты деп алғыс айтқандар да бар, бірақ ондайлар ілуде біреу. Осы мәселені назарға ала отырып, SCAT әуе компаниясына хабарласып көрген едік. Компания ақшаны қайтару жұмыстарының 99 пайызы орындалғанын, қайтарылған қаражат сомасы шамамен 1,8 миллиард теңге болғанын айтты. – Әлемді пандемия қаупі құрсағаннан бері барлық салада үлкен өзгерістер болды. Өкінішке қарай, Қазақстан да бұдан сырт қалған жоқ. Қазақстандағы төтенше жағдай кезеңінде SCAT 3 000-ға жуық рейстен бас тартуға мәжбүр болды. Бұл – 98 000-нан астам билет. Карантин шараларын қайта-қайта ұзарту, алыс-жақын шетелдерден Қазақстанмен әуе қатынасын шектеу бұл жағдайды одан әрі ушықтырды. Елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап SCAT компаниясы жолаушыларға көмек көрсету бойынша штаб құрды. Қолдау орталығы командаларының тәулік бойғы жұмысы үштік құраммен нығайтылды. Бүгінгі күні әлемдік оқиғаларға байланысты дағдарыстың ықпалына түспеген бірде-бір адам жоқ. Әуе компаниясы өзінің негізгі функциясы – тұрақты жолаушылар тасымалын жүзеге асыра алмаған кезде кері қайту процесін ішінара тоқтатуға тура келді. Рейстерді ұшыру қайта басталған кезде біздің компания жолаушыларға тоқтатылған рейстерді қайтару процедураларын жеделдетті. Компания барлық сұранысты жоспарлап, жоспарға сәйкес өңдеуді аяқтап, төлемдердің кестесін жариялады. Сонымен қатар жолаушылар мына ақпаратты назарға алса дейміз: Қазіргі уақытта әуе компаниясына түскен барлық өтініш қаралып, мәселелер реттелді. Егер қандай да бір себептермен ақша қайтарылмаған болса, билетті сатып алу орнына хабарласқан жөн. Біз төтенше жағдай кезінде тоқтатылған рейс билеттерінің ақшасын 100 пайыз қайтаруға кепілдік береміз. Осы қиын кезеңде шыдамдылық пен түсіністік танытқан барша халыққа ризамыз, – дейді компанияның қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Виктория Дашкина. Бүгінде әуе билетін онлайн рәсімдейтін жолаушылар өте көп. Арнайы кассаға барып билет алатындар саны мүлде аз десек, әуе компанияларының ресми сайты арқылы да билет алатындар көп емес екен. Көбісі Tickets.kz, Aviata.kz, Chocotravel.com сияқты билет сату сервистері арқылы онлайн билет рәсімдеуді әлдеқайда қолайлы көреді. Халықтың көпшілігі осы билет сату сервистері арқылы билет алғандарын, олар ақшаны әуекомпаниялары қайтарады десе, әуекомпаниялары керісінше сілтейді деп реніш білдірген. Осы мәселе турасында Tickets.kz компаниясының пікірін білген едік. – Біз әуе компаниялар мен халық арасында делдалдық қызмет атқарамыз. Яғни, сатылған билеттердің құнының азын-аулақ бөлігі ғана қызмет көрсеткеніміз үшін ұсталады. Нақты қанша пайызы екенін жариялап айта алмаймыз. Қалған негізгі билет құны әуе компанияларға аударылады. Ал билеттерді қайтару процесі тура осы заңдылық бойынша жүзеге асырылады. Ақшаның белгілі бір пайызын әуе компаниялардың қайтарғанын күтеміз. Содан кейін ғана өтініш берушіге ақшасы қайтарылады, – дейді компания өкілі. Әуе компанияларының уәдесі мен Үкімет тарапынан жасалған шараларға иек артсақ, халықтың алашағы толық қайтарылады деуге негіз бар. Ақшаны қайтарудың әдісі – билетті сатып алған жеріңізге жүгініп, өтініш беріп, сәл күту керегін бәрі бірауыздан айтады. Пандемиядан кейінгі халықтың жағдайы белгілі, онымен қоса әуе көліктерінің билет құны аспандап тұрған уақытта қайтарылмаған ақшаны шығын емес деп айта алмаймыз. Алда пандемияның екінші толқыны келе жатыр деген болжамның бар екенін де білеміз. Күтпеген жерден келетін індет ол кезде де осы тектес қиындық тудырмасына ешкім кепілдік бермейді.