АҚШ-тың батысында ормандар өртеніп жатыр

ВВС агенттігі АҚШ-тың батысында ормандар өртке оранып, қалалар қирап жатқаны туралы ақпарат таратты. Оқиға орнынан мыңдаған адам көшірілді, қаза тапқандар да бар. 

Жылу толқындары мен желдің әсерінен болған өрттен ең көп зардап шеккен – Калифорния, Вашингтон және Орегон штаттары.

Орегон штатының губернаторы бұл оқиғаны штат тарихындағы өрт салдарынан «адам мен мүлік шығыны ең көп тіркелген жағдай» деп атады.

ҚазАқпараттың ВВС агенттігіне сілтеме жасап жазған ақпаратында аймақтың басқа да тоғыз штатында орман өрті өршіп тұрғаны айтылған.  Орегонда орман өрті салдарынан үш адам, Калифорнияда үш адам және Вашингтонда бір адам қаза тапқан.

Ұлттық ведомствоаралық орман орталығының мәліметінше, АҚШ-тың батысында 96 ірі өрт тіркелген. Қазіргі кезде 3,4 миллионнан астам акр жер өртенді, бұл ретте соңғы күні Калифорния, Орегон және Вашингтонда оңдаған мың акр жер жанып кеткен. Орегон штатының ресми тұлғалары бірнеше қаланың жел сағатына 72 шақырым жылдамдықпен соққан кезде өртеніп кеткенін мәлімдеді.

 

Back to top button