2482
Техногендік апатты болдырмау – мемлекет үшін басты мақсат
Техногендік апатты болдырмау – мемлекет үшін басты мақсат

Қыркүйек айының басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында төтенше жағдайлар министрлігін қайта құруды тапсырған болатын. Оның себебін: «Ішкі істер министрлігінің құрылымын қайта қарап шығу қажет. Оған жатпайтын функциялардан босатқан жөн. Соның арқасында маңызды ведомствоның жұмыс тиімділігін көтеруге болады.
Біздің табиғи және техногендік апаттар дәуіріне аяқ басқанымызды ескере отырып, төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру қажет деп санаймын», – деп түсіндірді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті бұл мәселені дер кезінде шешуді көздеп отыр. Өйткені соңғы кезде жиілеп кеткен техногендік апаттар тұсында (мәселен, Арыс қаласындағы әскери қойманың жарылуы, Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бұзылуы нәтижесінде Түркістан облысының ауылдарын су басуы т.б.) Президентке тікелей бағынатын төтенше жағдай министрлігінің қажеттігі байқалды. Дегенмен 2014 жылдан бері Ішкі істер құрамындағы төтенше жағдайлар комитеті елімізде жүз берген табиғи және техногендік апаттардың алдын алуда, сондай тосыннан жүз берген қиындықтарға қарсы тұруда өздерін танытып, жемісті еңбек етіп келеді.
Өнеркәсiп, көлiк авариялары және басқа да авариялар, өрт (жарылыс), күштi әсер ететiн улы, радиоактивтi және биологиялық жағынан қауiптi заттарды тарататын апат, үйлер мен ғимараттардың кенеттен қирауы, бөгендердiң бұзылуы, тiршiлiктi қамтамасыз ететiн электр-энергетика және коммуникация жүйелерiндегi, тазарту құрылыстарындағы жарылыс туғызған жағдайлар – техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар ретінде танылатыны мәлім. Міне, осындай қауіпті жағдайлардың қай-қайсысының да алдын алу, егер аяқ астынан апат жүз беріп, төндіре бастаса адамдарды құтқаруға бірінші болып жететін төтенше жағдай қызметкерлерінің жұмысы, шын мәнінде, аса қабілеттілік пен батылдықты қажет етеді.
Шын мәнінде, төтенше жағдай қызметкерлерін ішкі жағдайлардағы құтқарушы армия деп атауға болады. Тек олар өзге елдің әскерімен атысып, шабыспайды, бірақ табиғат тосын мінез танытқанда, аяқастынан болатын техногендік апаттар жағдайында табиғаттың дүлей күшімен алысып, адамдарды құтқарып қалу үшін апаттармен алысады.
Қазақ апаттардан сақтандырғанда, «От бәлеңнен сақта, су бәлеңнен сақта, жала бәлеңнен сақта» дейді ғой. Осының алдыңғы екеуі – табиғи апат. Демек, біздің халық табиғи апаттардың қайдан келетінін ертеден-ақ білген болса, қазақтың бүгінгі ұрпақтары да от пен су тудыратын апаттармен алысудай-ақ алысып келеді.
ІМ ТЖ комитеті азаматтарды әр кез халықты дала және орман алқаптарында болған кезде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырудан жалыққан емес. Өрттің табиғи түрде туындауына халықтың отты абайсыз пайдалануы, сөндірілмеген темекі, ұшқынның ұшуы, жанып тұрған сіріңкені өшірмей тастай салу, майлы немесе тозығы жеткен шүберектерді оттан алыс ұстамау, көлік құралының сөндіргішінен ұшқын, найзағайдың ойнауы себеп болып жататыны белгілі. Бірақ осы бір қарапайым, әр адам есте сақтауға тиіс ереженің орындалмауының кесірінен аяқастынан шыққан өрт талай жерді жайпап, адамдар мен мүлікке зор шығын келтіріп жатады.
Егер дер кезінде алдын алмаса немесе пайда болған кезінде оны тез арада тоқтатпаса, жаздың күні далалық жерлерде болатын өрттердің келтірер зардабы орасан болады. Мәселен, соңғы 4-5 күннің өзін алсақ, еліміздің бірнеше жерінде далалық жерлерде болған өрттерді сөндіру жұмыстарының өзі төтенше жағдай комитеті қызметкерлерін уақытпен санаспай тер төгуге мәжбүрледі.
Осы жылдың 3 қыркүйегінде сағат күндізгі 12.00 шамасында Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Біржан ауылынан 25 шақырым жерде 20 гектар жерде құрғақ шөп жанды. Өрт темекі шегудің салдарынан болған, яғни өшірілмеген темекі шоғының кесірінен құрғақ шөп тұтатып, тез жайылып кеткен. Өртті сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 6 адам мен 1 техника, жергілікті атқару органдарынан 20 қызметкері мен 2 техника, Орман шаруашылығынан 15 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылып, қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт түнгі сағат 22:56-да толық өшірілді. Өрттен зардап шеккендер жоқ.
Дәл сол күні Павлодар облысы Шарбақты ауданында «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты ММ аумағында 15,4 га алқапта қарағайлар өртенді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге Төтенше жағдай департаменті, «Ертіс орманы» МОТР ММ және жергілікті атқару органдарының күштері жұмылдырылып, 52 адам және 17 техниканың көмегімен өрт өшірілді.
Қыркүйектің бесінде Атырау қаласынан 30-40 шақырым қашықтықта Каспий теңізінің жағалауында қамыстар жанып, ол аумақтағы батпақты қамыстың биік болуы өртті жермен барып сөндіруге мүмкіндік бермеді. Сондықтан оны тексеру үшін төтенше жағдайлар комитеті «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағымен өрт шыққан жерге әуеден барлау жүргізіп, өрт ошақтарын анықтады. Дегенмен 110 гектар жерді алып жатқан өртті сөндіру оңай болмады. Сол күні Шымкент қаласынан барған «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-17 тікұшағы жану ошағына 3 тоннадан 10 рет су шашты. Сөйтіп, өртті сөндіруге Атырау облысы ТЖД, «Қазавиақұтқару» АҚ, Орман шаруашылығынан, жергілікті атқарушы органдардан 82 адам, 23 техника және 2 тікұшақ жұмылдырылып, 6 қыркүйекте сағат 17.21-де Атырау облысында қамыс пен құрғақ шөптің жануы жойылды.
Міне, бұл жаз бойы болып жатқан жүздеген өрттің екі-үш күн ішінде болғаны және оның төтенше жағдайлар қызметкерлері және оған көмектескен жергілікті күштердің қолымен қалай тоқтатылғаны туралы ақпараттар.
Мәселен, жылына, 365 күн бойы тынбай, 7/24 сағат бойы дамылсыз жұмыс істейтін құтқарушылардың «112» шұғыл қызмет телефонына өткен жылдың алғашқы жартысында елімізден 3,5 млн рет қоңырау шалынуы бұл салада жұмыс істеудің қандай қиын және тынымсыз екенінен хабар берсе керек.
Өзге елдер сияқты бізде де болып тұратын техногендік апаттың ең көбі өртке тиесілі. Аяқастынан пайда болатын бұл алапат апаттың салдары қашанда ауыр болады. Соңғы алты жылда елімізде болған ең көлемді техногендік сипаттағы апаттарды сараласақ, оның елімізге қанша шығын әкелгенін білуге болады.
2014 жыл. Орал қаласының орталығындағы «Комплекс Каменный» сауда кешені әп-сәтте өрт құшағында қалды. Дабыл көтеріліп, оқиға орнына тез жеткен өрт сөндірушілер ғимараттан адамдарды алып шығып, жол-патрульдік полициясы өрт болған жерге жақын аумақтағы көлік құралдары қозғалысын шектеді. Тілсіз жаумен қаладағы 4 өрт сөндіру бөлімшесінің 65 қызметкері аянбай арпалысса да, кешен шатырын түгел шарпыған қызыл жалынды тоқтата алмады. Шашқан суды сол бойда мұз қып қатырып тастап тұрған сол күнгі қатты аяз бен күшті желмен алыса жүріп, төтенше жағдай қызметкерлері өртті қараңғы түскенде столық сөндіре алды. Өрт 1 050 шаршы метр аумақты алып, шығын көлемі 100 мың долларға жетті. Адам шығыны жоқ.
2015 жыл. Алматы қаласындағы «Адем» сауда орталығынан шыққан өрт 25 мың шаршы метрге дейін барды. Хабар тигеннен кейін 6 минутта өрт болған жерге Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келіп жеткен. Бұл кезде ғимараттың ішіндегі температура 270 градусқа жеткен және ол жерлерде синтетикалық тауарлар жанып жатқандықтан улы газ шыққан, сондай-ақ ғимаратта сақталған газ баллондарының жарылуы, өрт шалған аумақтағы желдің жылдамдығы секундына 2,7 метрге жетіп, жалынды күшейткен. Түнгі 22.00-ден өткенде басталған өрт таңғы 06.35-те толық өшірілді. Оны сөндіруге Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының 156 адамы, 25 өрт сөндіру және 16 арнайы техника қатысқан. Өрттен келген шығын көлемі 40,6 млн доллар болған.
2016 жыл. 23 қыркүйек күні таңғы сағат 08.44-те Павлодар облысы Ақтоғай аудан орталығына орналасқан «Ақтоғай-Агро» ЖШС аумағында өрт шыққан. Үш минуттан соң өрт сөндірушілер жеткенде қызыл жалын аумағы 6 мың шаршы метрден асатын көкөніс қоймасын алып кеткен болып шықты. Дегенмен тілсіз жаудың екпіні бір сағат ішінде басылды. Өртті сөндіруге Павлодар облыстық Төтенше жағдай департаментінің 16 қызметкері және 2 өрт сөндіру техникасы тартылып, оларға 20 жергілікті тұрғын мен агрофирманың 50 қызметкері көмектесті. Оқиға орнынан агрофирма қызметкерінің мәйіті табылған. Агрофирмаға 227,7 млн доллар шығын келген.
2017 жыл. Маусым айының соңғы онкүндігінде Шымкент қаласында сыйымдылығы 3 000 текше метр болатын бензин құйылған резервуар жарылды. Өрт сөндіру жұмыстарына Төтенше жағдай қызметкерлерінен 120 адам және 28 техника, нысандағы өрт сөндіру бөлімшесінің 16 адамы мен алты су тасушы көлігі жұмылдырылған. Өрт шыққан аумақта бір адамның қаза болғаны анықталды. Өрт 159,5 мың доллар шығын әкелген.
2018 жыл. Маусым айында, таңғы сағат 6-да Алматы қаласы Түрксіб ауданына қарасты «Қайрат» шағынауданындағы SVORD Industries компаниясына қарасты қоймалардан өрт шықты. Өрт сөндірушілер келгенде жеті ангар жанып жатқан. Қызыл жалынды сөндіруге қаланың 75 өрт сөндірушісі мен 21 өрт сөндіргіш техника жұмылдырылған. Сондай-ақ арнаулы тікұшақ 44 рет рейс жасап, жанып жатқан жерге 132 тонна су төккен. Өртенген аумақтың көлемі 17 мың шаршы метр. Тілсіз жау 8,9 млн доллар зиян әкелген.
2019 жыл. 24 маусым күні Түркістан облысындағы Арыс қаласында орналасқан әскери қоймада таңғы сағат 9.20-да алапат жарылыс болды. Оның соңы өртке ұласып, соңынан қоймадағы өрт шыққан жерден снарядтар жан-жаққа ұшқан. Арыстағы төтенше жағдайды тоқтатуға және оның салдарын жоюға Төтенше жағдай қызметкерлерінен басқа, Ішкі істер министрлігі жеке құрамының 1 488 қызметкер жұмылдырылған. 408 сапер қаладан және өрт шыққан оқ-дәрі қоймасы орналасқан аумақтан 5 700-ден астам жарылмаған снаряд тауып залалсыздандырған. Түркістан облысы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің мәліметінше, Арыс қаласындағы үйлердің 85 пайызы бүлінген. Жарылыс салдарынан келген шығын 52,6 млн долларға жеткен. Арыс оқиғасы елімізде бұрын-соңды болған ең ірі техногендік апат деп танылған...
Қай жерде апат болса, сол жерге жұрттан бұрын жететін Төтенше жағдай қызметкерлері нағыз бейбіт күннің батырлары деуге болады. Себебі аптаның қай күні, тәуліктің қай сәті болса да, өрт болған жерде өртті сөндіріп, адамдарды құтқаруға, су тасқыны болса – адамдарды қауіпті аймақтан тез алып шығуға бар күшін салып, жанталаса әрекет ететін құтқарушылар ең алдымен өзін емес, өзгені ойлап көзсіз батырлық істейтін жандар. Сондықтан олардың қатарының көп болуы – еліміз қауіпсіздігі үшін аса маңызды нәрсе.
Сөзіміздің басында айтқанымызға қайта оралсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай министрлігін қайта құруға тапсырма беруі ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шешім екені даусыз.