Сәби аңсағандар үшін сәтті жоба

Сәби аңсағандар үшін сәтті жоба

Сәби аңсағандар үшін сәтті жоба
ашық дереккөзі
2207
Елі­мізде бедеулік пен белсіздік мәселесі соңғы жылдары өзекті мәселелердің біріне айнал­ды. Өйткені бір бала сүюге зар болған ерлі-зайыптылар саны көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еліміздегі отбасылардың 20 пайызы балалы болмағандықтан ажы­расатынын және әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмай отырғанын айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан хал­қы­ның өсімі Орталық Азия­да­ғы көр­шілес елдермен салыстырғанда көңіл көн­шітпейтінін атап өтті. Бала таба алмай жүр­ген отбасыларға көмектесу мақсатында Президент 2021 жылдан бастап «Аңсаған сә­би» арнайы бағдарламасын бастауды тап­сырды. – Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аң­са­ған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тап­сырамын. ЭКҰ бағдарламалары арқылы кво­та санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту керек», – деді Президент Жол­дауын­да. Президенттің 7 мың квота бөлу туралы Жолдауда айтқан сөзі сәби иі­сін аңсаған көп отбасында үміт отын жақ­ты. Квота кезегін 3-4 жылдап күткен жұп­тарға бұл жаңалық қуаныш сыйлағаны анық. Өйткені жасанды жолмен балалы болу­дың құны елімізде 700 мың мен 1 млн 200 мың теңге шамасында. Ал мұндай қар­жыны табуға кез келген отбасының қалтасы көтере бермейді.  width= Биыл елімізде 1 ЭКО-ға 943 млн 800 мың теңге қарастырылған. Денсау­лық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағ­дат Қожахметов келесі жылы іске қо­сы­латын «Аңсаған сәби» бағдарламасына жа­сан­ды жолмен ұрықтандыру арқылы бала сүю­ге үмітті кез келген жұп қатыса алатынын жеткізді. Оның айтуынша, пациент жылына 1 рет квота арқылы ЭКҰ жасай алады. Алайда жасанды жолмен ұрықтан­дыру бір мүмкіндікте нәтиже бермеуі мүм­кін. Нәтиже беруі үшін ЭКҰ-ды кемінде 2-3 рет қайталап жасау керек. Ал мемлекет бір жұп­қа 1 квота ғана бөледі, сәби сүюден үміт­ті жұп қалған мүмкіндіктерге ақшаны өз қалтасынан төлейді. Тарихқа шегініс жасасақ, құтыдағы балалардың атасы атанған физиолог Роберт Эдвардс 1978 жылы өзінің ты­ным­сыз ізденісі мен еңбегінің арқасында адам­зат тарихында алғаш рет жасанды жол­мен Луиза Браун есімді қыз баланы «өмірге» әкелді. Луиза 32 жасқа толғанша 5 мил­лионға жуық бала ЭКҰ арқылы туған. Ал бүгінде жа­­санды жол­­мен өмір­ге келген ба­лалар саны әлем бойын­ша 8 миллион. Жасанды жолмен ұрық­тандыру арқылы өмірге келген барлық баланың денсаулығын ғылыми-зерттеуден өткізіп, қорытындысы оң нәтиже бергеннен кейін медицина саласында елеулі жаңа­лық ашқан Роберт Эдвардске 2010 жылы Нобель сыйлығы берілді. Дәл осы 2010 жылы Қазақстан ЭКҰ-ға тұрақты түрде квота бөлуді бастады. Алғашқы жылы 100 кво­та бөлінсе, бүгінде оның саны 1 500-ге жет­кен. Ал 2010-2018 жылдар аралығында  ЭКҰ бағдарламасы аясында 2 700 сәби дү­ние есігін ашқан. Жалпы, елімізде 26 ЭКҰ орталығы жұмыс істейді, оның 21-і – жеке­мен­шік. Қазақстан бойынша осы уақытқа дейін жасанды жолмен 22 мыңнан астам бала дүниеге келген.  width= ЭКҰ жолымен туған балалардың ден­сау­лығына күмәнмен, күдікпен қарай­тындар бар және олар туралы ел арасында әртүрлі алып-қашпа әңгіме көп. «Жасанды жолмен өмірге келген бала әлжуаз келеді, олар табиғи жолмен балалы бола алмайды, бедеу болады екен» деген пікірлер ара-тұра айтылып жатады. «Құтыдан» пайда болған балалар табиғи жолмен дүниеге келген ба­лалармен бірдей екенін уақыттың өзі дәлелдегендей. Былтыр елімізде ЭКҰ арқылы 24 жыл бұрын дүниеге келген ал­ғашқы қазақстандық қыз табиғи жолмен босанып, ана болды. Бұл жаңалық көптің көңілінде жүрген күпті ойды сетінетіп, табиғи жолмен балалы болуға мүмкіндігі жоқ ерлі-зайыптылардың ЭКҰ-ға сұра­нысын арттыра түсті десек болады. Оның үстіне, біздің елімізде медицинаның атал­ған саласы айтарлықтай дамыған әрі кең сұранысқа ие. Мәселен, Қазақстандағы ЭКҰ орталықтарына АҚШ, Франция, Германия, Оңтүстік Корея, Израиль, Иран, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктерінің, сонымен қатар көршілес елдердің азаматтары жиі жүгінеді екен. Бұған себеп осы елдерде жасанды жолмен ұрықтандырудың заңмен шектелуі және діни ұстанымдар болса керек. Тағы бір себебі біздің елімізде ЭКҰ жасау өзге мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Иә, өзіміздің қарапайым халық үшін миллион теңге шамасында қаражат табу қиынға түскенімен, шетелдіктер үшін өте қолайлы баға болып отыр. Республикалық электронды ден­саулық сақтау орталығының мәліме­тіне сүйенсек, елімізде 9 467 әйел бедеулік диагнозымен есепте тұр. Алайда «Экомед» Адам өрбіту емханасының басшысы, биология ғылымдарының докторы, репродуктолог Салтанат Байқошқарова елімізде бе­деуліктің тізілімі жоқ дейді. «Біз жалпы сөзбен «5-6-шы отбасы бедеулікпен бетпе-бет келеді» деп айтамыз. Алайда олардың барлығына арқау болатын статистика жоқ. Сондықтан цифрландыру заманында қанша адам бедеулікке ұшырағанын анық­тау қажет. Яғни, бедеу адамдарды тіркеу мәселесін дұрыстап, база, тізілім жасауымыз керек», – дейді ол. Салтанат Бер­­­ден­­қызының ай­туынша, елі­міздегі бедеу ерлер мен әйелдердің нақты са­нын ешкім білмейді. Бел­гілісі – еліміздегі отбасылардың 20 пайы­зы балалы болма­ғандықтан ажырасады. Осы ретте Президент Жолдауында айтқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында ЭКҰ арқылы балалы болатын отбасылар саны артса, ажыра- сатындар саны азаяр деген үміт қылаң береді. Жалпы, әлем бойынша 2 млн адам ЭКҰ тәсіліне жүгінеді екен. Оған се­беп – бедеулік. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының дерегі бойынша бе­деуліктің 20-дан астам себебі бар екен. Соның ішінде ең жиі кездесетін себептердің бірі – әйел және ер адамдардың медици­налық көмекке кеш жүгінуі. Ал олардан бөлек қазір «әлеуметтік бедеулік» ұғымы кең етек алып келеді. Бұл дегеніміз – балалы болуды кейінге шегеру, жүктіліктің алдын алатын дәрі ішу, жасанды түсік жасату. ЭКҰ жасатуға келетін әйелдердің 75 пайыздан аста­мы жасанды түсік жасатқандар.

Арайлым

ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары