Еліміздің жалпы ішкі өнімі 3% төмендеді

Жыл басынан бері Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3% төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді. 

«Тамыздың екінші жартысында қызметтер секторының бірқатар салалары жұмысты қайта бастады. Экономиканың нақты секторында өсу сақталуда. Олар құрылыс, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі. Дайын өнім тауарлары экспортының ұлғаюы байқалады. Жылдық инфляция 7%-ке дейін бәсеңдеді. Тауарлар өндірісі 1,7% өсті. Сонымен бірге, көрсетілетін қызметтер 6,1% қысқарды. Нәтижесінде, жедел деректер бойынша, жалпы ішкі өнім 3% төмендеді», – деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, өндірістік сектор салаларында, оның ішінде құрылыста – 6,5%, ауыл шаруашылығында – 4,9% және өңдеу өнеркәсібінде – 3,3% өсім бар. Ал көрсетілетін қызметтер секторы салаларында, керісінше, төмендеу байқалады. Атап айтқанда, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар – 4,3%, әкімшілік қызметтерді көрсету – 5,1, сауда – 10,5 және көлік қызметтері – 16,1% төмендеген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі Қазақстанның сыртқы қарызының көлемін жариялаған болатын.

 

Back to top button