Жас кәсіпкерлерді кешенді қолдау шаралары көңіл қуантады

Жас кәсіпкерлерді кешенді қолдау шаралары көңіл қуантады

Жас кәсіпкерлерді кешенді қолдау шаралары көңіл қуантады
ашық дереккөзі
1319
Қазақстан 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес үлесін 50 пайызға жеткізу арқылы әлемнің дамыған елдерінің қатарынан көрінуді мақсат тұтады. Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға барынша көңіл бөле отырып экономиканы тұрақтандырудың негізгі тетігін қалыптастырады. Осы орайда отандық бизнес өкілдерін, оның ішінде жас кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау маңызды. Еліміз бойынша 14 пен 29 жас аралығында 4 миллионға жуық жас азамат бар. Халқымыздың төрттен бір бөлігін құрайтын жастардың осы әлеуетін шағын және орта бизнесті дамытуда тиімді пайдалану маңызды. Осы ретте Халықаралық Túrkistan газеті еліміз бойынша кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жастардың тәжірибесін жинақтаған болатын. Жанәділ ТАЛДЫБАЕВ, жеке кәсіпкер:  width= – Кәсіпті бастау қашанда оңай, бірақ ары қарай дұрыстап игеріп әкету қиын. Кей адамдар кәсіп бастау дегенді жеке кәсіпкер ретінде немесе заңды тұлға ретінде тіркелу деп қана түсінеді.  Кәсіпті жүргізуде жүйелі көзқарас керек. Ең алдымен кәсіпкер немен айналысқысы келетінін анықтап, осы бағытта өзінің алдына қойған мақсатын нақтылап, сол мақсаттарына қол жеткізу үшін еңбектенуі қажет. Менің корей тіліне деген қызығушылығым кейін Оңтүстік Кореяда магистратура бойынша білім алып, сол жақта кәсіп ашуыма әсер етті. Оңтүстік Кореяның білім министрлігі жүзеге асыратын, шетел азаматтарының тегін оқуына мүмкіндік беретін Korean Government Scholarship бағдарламасына қатысып, грант ұтып алдым.  Оқи жүріп, кәсіп ашу туралы ой келді. Осылай жүргенде атам ауырып қалды, кейін анам ауырды. Екеуінің де аяққа тұруына Оңтүстік Кореяның медицинасы саласының мамандары көмектесті. Осы жаққа емделуге келетін қаншама отандасымның бар екенін көрдім. Өзімнің мамандығым қызметтік менеджмент болғандықтан медициналық консалтинг саласында кәсіп ашу туралы идея пайда болды. Оңтүстік Кореяның медициналық туризмін дамыту туралы бизнес жобамыз сәтті болып, жүзеге асты. Қызметіміз – бізге хабарласқан науқасқа қолайлы аурухана тауып беріп, емделу кезіндегі процестерге және еліне қайтуға дейін Кореяда жүріп-тұруына көмектесу болды. Бір бизнесті бастауымыз, екінші бизнестің пайда болуына алып келді. Кореяның ТМД елдерімен жұмыс істегісі келетін компанияларына орыс тілінде жарнама материалдарын жасап, ТМД нарығына кіруге көмектесуді қол алып, екінші компаниямызды аштық. Бүгінде шетелде жинақтаған тәжірибем менің шыңдалуыма, тұлға ретінде қалыптасуыма көп көмектесті. Біздің елімізде де бүгінгі таңда мемлекет шағын және орта бизнеске қолдау көрсету жолында бірқатар бағдарламалар қабылдады. Жастарға мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несие беруді қолға алып отыр. Мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерді кешенді қолдау шаралары көңіл қуантады. Осы ретте біздің компаниямыз да мемлекеттік грант бағдарламасына қатысуға өтініш берді, нәтижесін күтіп жүрміз. Нарықтық экономика мен ақпараттық технологиялар ғасыры кәсіпкерден жан-жақтылықты талап етеді. Өз кәсібін бастаймын деген жастарға жобасын жетілдіру бойынша талмай еңбектеніп, өзін дамытып, жетілдіре отырып өз ісінің жемісті болатынына сенуге шақырамын. Сұлтансері ЕСЕНТАЕВ, «Сұлтансері» этно өнер орталығының негізін қалаушы:  width= – Өзім этно өнер орталығын ашып, кәсіпкерлікпен айналысқанға дейін той ұйымдастырушы болдым. Той бизнесінен шаршап, болашағы жоқ екеніне көзім жеткен соң ішкі туризмді дамыту туралы ойлана бастадым. Этно ауыл ашуды армандап жүргеніме 3 жылдай уақыт болды. Ұлттық ойындарымыз бен салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды танытқым келеді. Өзімізде барды көрсетсем, өзім секілді ұлтымыздың құндылықтарын бағалайтын қазақтар көп болса екен деп армандадым. Ішкі туризм саласын дамытуымның тағы бір себебі мен бала кезден саятшылыққа құмар болып өстім. Бүркіт ұстаймын, тазымен аңға шығамын. Осылайша ұлттық ойындарға, дәстүрімізге деген қызығушылық «Сұлтансері» этно өнер орталығын құруға жетеледі. Ашылғанымызға аз ғана уақыт болса да келушілер саны көп. Әсіресе ауылын сағынған кісілер қаладан ұзамай-ақ біздің орталықта ауылға, туған жерге деген сағынышын басып жатыр. Ал кешкі уақытта мейрамхана мен кафеге баратын жастар атқа міну, садақ ату, қыз қуу, бүркіт түсіру, сұңқар ұшыру, аударыспақ, теңге ілу сынды ұлттық ойындарымыз мен дәстүрімізді тамашалап, куә болады. Карантин жағдайы ішкі туризмнің дамуына оң әсер етіп жатқаны байқалады. Көктем шығып күн жылыса болды шетел асатын қазақстандықтар биыл Көлсайды, Шарын шатқалын тамашалауға асықты. Қазақстанның табиғаты ешбір шетелден кем емес. Тіпті әлемде кездеспейтін небір сұлу жерлер бізде бар. Байқасаңыз, биыл киіз үй тігіп, қымыз, шұбат сатып жатқан адам көп. Бұл өте қуантарлық жағдай. Жалпы кәсіп ашу өте үлкен тәуекелді қажет етеді. Егер адам кәсіпті жеке өзі бастаймын десе, ең бірінші адамға дұрыс бағыт, яғни идея керек. Екіншіден, идеяны іске асыратын қаражат көзі қажет. Идея да, қаражат та өзіңізден болса тіпті жақсы. Қаражатсыз сізге келіп біреу кәсіп ашып бермейді. Идея мен қаражат та өзіңнен табылса тіптен керемет. Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзін шын түсінесің. Өз кәсібіңді өзгеге сеніп тапсырудың қажеті жоқ, тек өзің ғана еңбектенгенің жақсы. Бизнес бастау үшін мықты ерік-жігермен қатар, заманға сай икемді болған дұрыс. Мағжан ЕРАЛЫ, «Абзал и Компания» ТС директоры:  width= – Бала күнімнен әкемнің күріш шаруашылығымен айналысқанын көріп өстім. Кейін өзіміз жер алып, күріш еге бастадық. Жыл өткен сайын күріш алқаптарының көлемін ұлғайттық, бүгінде 5 200 га жерге күріш егеміз.  Мен отбасылық бизнестің басы-қасында жүрдім. Компаниямыздың алып-сату жұмыстарымен айналысып, менеджер болдым, кейін шетелден бизнесімізге қатысты құрал-жабдықтар әкеле бастадым. Оңтүстік Корея, Жапония, Германия сынды дамыған мемлекеттерден шағын және орта бизнес бойынша білімімді жетілдіріп, көрген-түйген тәжірибемді бизнесте қолданып, сапалы күріш өндіруді қолға ала бастадық. Ал 2016 жылы әкем Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланғаннан кейін компанияның директорлығы қызметіне келдім, ендігі жерде барлық жауапкершілік толық менің мойныма өтті. Жалпы бизнес бастау оңай емес. Тәжірибесі аз болғандықтан жастар үшін бизнес бастау қиынырақ болар, бірақ менің ойымша әр жастың өз тағдыры өз қолында. Яғни тәртіпке бағынып, қолда бар мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланса, әр адамның бастамасы іске асады. Бизнес жоба болғаннан кейін шығынды бірден ақтап шықпайды, алғашында пайда әкелмеуі де мүмкін. Кей жағдайда бизнесті тоқтатып, жабу керек болады. Егер 3-4 жобаңыздың біреуі сәтті шықса, оның өзі үлкен жетістік. Бүгінде бизнесті дамыту үшін мемлекет тарапынан да көптеген бағдарламалар қабылданып, гранттар бөлініп жатыр. Бүгінгі таңда ашқан бизнесті ары қарай дамытуда әлеуметтік желілердің көмегіне жүгінуге болады. Карантин жағдайындағы қатаң шектеулер онлайн сауданы дамытып жатыр. Жастарға қызмет көрсету саласында кәсіп бастауға көптеген мүмкіндіктер бар. Алайда қазіргі таңда жастар кәсіп бастай салып байып кеткісі келеді. Тез байып кете алмағандықтан Қазақстанда бизнес жасау қиын, мүмкіндіктер аз деп айтады. Миллиардер Уоррен Баффеттен «Сіздің жұмыс жасау стратегияңыз оңай, тіпті өте жеңіл. Неге бәрі бірдей сіз сияқты бірден миллиардер болып кетпейді?» деп сұрақ қойған. Сонда Уоррен: «Өйткені адамдар тез байып кеткісі келеді» деп жауап берген екен. Иә, бірден байып кету қиын, жұмыста сабырлылық, адалдық, жұмысыңа деген қызығушылық болуы керек. Сонымен қатар жұмыскерлермен шынайы, адал жұмыс істесеңіз,  өзін жақсы жағынан көрсеткен мамандардың тұрмыстық әл-ауқатын арттыруға жағдай жасасаңыз, олар өнімді сапалы жасайды. Өзім басқарып отырған «Абзал и Компаниясы» жұмыста үздік танылған жұмыскерлерге ай сайын үстемақы сыйлайды, құрал-жабдықпен жұмыс істейтін мамандарды Ресейде, Германияда, Оңтүстік Кореяда тәжірибеден өткізіп, өзін жақсы жағынан танытқан 30-35 қызметкердің балаларын жаз айларында лагерьге жібереміз. Пәтер кезегінде тұрған жұмысшыларымызға 1 жыл тегін пәтерде тұруға мүмкіндік жасаймыз немесе 6 айға пәтерақысын төлеп береміз. Жұмысшыларымызға мұндай мүмкіндіктер үздіксіз беріліп отырады. Бұрын олар күріш зауытындағы жұмысқа маусымдық жұмыс деп қарайтын. Жұмыстан шығып, кейін қайта кіріп жататын. Ал қазір жұмысшылар ешқайда кеткісі келмейді, өйткені жыл сайын жалақы мөлшерін арттырып, мотивациялық қадамдарға барамыз. Осы жасаған мүмкіндіктеріміздің арқасында жұмысшылар өзін-өзі көрсетуге, сапалы өнім шығаруға жұмыс істейді. Бизнесті дамыта отырып, өзім де жан-жақты дамып жатырмын. Жас болғандықтан әлі де тәжірибе жинақтап, бизнестің қыр-сырын меңгергім келеді. Азды-көпті жиған тәжірибемнен көзім жеткені, жастардың берекесі бар бизнесті бастағаны дұрыс. Ішімдік, шылым сататын бизнес бастағаннан, азық-түлік өнімдерімен айналысып, білім бойынша қызмет көрсету саласында бизнес ашса, бастаған ісі берекелі болатыны анық. Елдос БАЯЛЫШБАЕВ, «Асар» Спорттық-оңалту орталығы және «Алакөл-Асар демалыс орнының директоры:  width= – Өткен жылдармен салыстырсақ, қазіргі таңда жастарға бизнес ашу әлдеқайда оңайырақ. Бұрынғыдай жарнамаға қыруар ақша жұмсамайсың, қазір әлеуметтік желі арқылы бизнесті дамытуға болады. Еңбек етемін, кәсіп бастаймын деген адамға қазір бәрі қолжетімді. Ізденісте жүрген жастар өзінің бағытын да, тығырықтан шығатын жолын да дұрыс таба алады. Елімізде жас кәсіпкерлерге бөлінетін гранттар бар. Тіпті шетелден грант ұтып алған жастар елімізде өз кәсібін бастап жатыр. Іздеген адам мүмкіндікті де табады. Бірақ бүгінде бизнес ашуда білім мен қаржы көздерін тапқаныңмен,  бәсекелестік жоғары. Бәсекелестер бұрын да болған, бола да бермек. Сондықтан өз бизнесіңде ерекшелігіңді тауып,  соны дамыту керек. Әр сәт сайын сол ерекшелігіңді жақсартып отырған дұрыс. Егер сен дамуыңды тоқтатсаң, жеңілесің. Өзім бизнесімді нөлден бастадым десем болады. Денсаулығыма байланысты арбада отырғандықтан, спорттық-оңалту орталығын ашып, өзім секілді жандардың арманын орындағым келді. Өйткені әр адамның ерекшелігіне байланысты арба табу оңай емес. Бизнес жобамды жүзеге асыруда жергілікті әкімшілік ғимарат табуға көмектесті. Ал оңалту аппараттарының бағасы өте қымбат тұрады.  Бірақ бастаған істі соңына дейін жеткізгім келді.  Қосымша табыс болмағандықтан, екінші бизнес ашуды қолға алдым. Осылайша екінші бизнесімнен түскен табыспен бірінші бизнестің шығынын жапқан кезім де болды. Әдетте адамдар бизнес ашу үшін үлкен сомада несие алады. Бәрі бірден жақсы болып кетеді деп қателесіп жатады. Несие алудың екінші жағы бар, егер бизнесің тоқтап қалса, қаразыңды қалай қайтармақсың? Сондықтан бәрін жан-жақты ойлап, жеті рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс. Өйткені ақпарат пен технологиялар ғасыры барлық саланың мамандарынан икемділікті талап етіп отыр.

Серіктес жаңалықтары