770
«Қазақстан студенттер Альянсы» президенті жастарды жолдаудың орындалуына атсалысуға шақырды
«Қазақстан студенттер Альянсы» президенті жастарды жолдаудың орындалуына атсалысуға шақырды
Еліміздегі белсенді жастардың бірі, «Қазақстан студенттер Альянсы» студенттік қозғалысының президенті Түстікбаев Ілияс мемлекет басшысының бүгінгі жолдауына жастардың көзқарасымен өз пікірін білдірді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бүгінгі жолдауын бүкіл ел болып тыңдадық. Бұл жолдаудың толықтай халыққа арналғанын баса айтқым келіп отыр. Себебі бір жарым сағат уақыт ішінде президент ішкі істер органдарынан бастап цифрландыру саласына дейін қамтып, әр саланың даму жолдары мен бағыттарын айтып өтті. Бұл – мемлекет басшысының халықтың үніне құлақ асатынын, елдің жай-күйінен толық хабардар екенін көрсетеді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, білімді болу үшін оқу керек, бай болу үшін кәсіп керек, күшті болу үшін бірлік керек. Осы керектің жолында жұмыс істеу керек. Сол себептен де әр тоқталып кеткен бағыттардың ішінде маған ұнағаны – мемлекеттік қызметті одан әрі беделді және мәртебелі қылу. 2021 жылға дейін мемлекеттік қызметкерлер саны 25%-ға қысқаратын болады. Нәтижесінде бұл қызметтің маңызы артады, болашақ жас мамандардың келуіне даіңыл жол ашылады деп ойлаймын.
Және тағы бір басты мәселе – жер мәселесі. Жер шетелдіктерге сатылмайды. Және ауыл шаруашылығын дамыту бойынша 5 жылдық бағдарлама әзірлеу, сонымен қатар 5-10-25 бағдарламасының жұмысын одан әрі күшейту, баспаналы алудағы көптеген қиындықтар мен түрлі мәселелерді оңтайландыру – осының барлығы өте дұрыс шешім деп санаймын.
Пандемия басталған кезде денсаулық сақтау саласы, білім саласы мұндай қиындықтарға дайын емес екені байқалған болатын. Сол салаларды әрі қарай дамытуға бағыттар берілді. Қашықтан оқытуды бір ізге түсіру керек екені, білім беру сапасы сын көтермейтін жоғарғы оқу орындарын жабу керектігі де нақты айтылды. Себебі сапалы білім – жарқын болашақтың кепілі.
Сонымен қатар қазіргі заманның батырлары – дәрігерлердің, және мұғалімдердің жалақысын көтеру – өте дұрыс шешім.
Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін қайта қарап, дамыту, жастарды билікке тарту мәселелері де қарастырылды. Қазір жастарға көп көңіл бөлініп жатыр, көптеген мүмкіндіктер беріліп жатыр. Жолдауда айтылғандай, біз –жастар жұдырықтай жұмылып, мүмкіндіктерді құр жібермей, елдің өркендеуіне, жолдаудың іске асырылуына атсалысуымыз керек деп ойлаймын.