Аманат арқалаған алашшыл Әуезов

Аманат арқалаған алашшыл Әуезов

Аманат арқалаған алашшыл Әуезов
ашық дереккөзі
Академик, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің Абай мен Алаш тақырыбындағы орны да, рөлі де айрықша. Абай және Алаш қатпарлы тарихи мәселенің көкөзегі –  Мұхтар Әуезов ғұмырнамасы. Оның абайтануға қатысты зерттеу еңбектері сан салалы. Бір сөзбен айтқанда, академик Әуезов – абай­тану ғылымының тұтас тарихын жазған тұлға. Ең алғаш рет оқу бағдарламасына «Абайтану» курсын енгізіп, абай­тануды жеке ғылым саласы ретінде зерттелуіне жол ашқан Мұхтар Омарханұлы сонау бала кезінен Абай ауылымен малы ара­лас, қойы қоралас болған. Төсекте басы, төскейде малы қосыл­ған бұл ел бір-біріне құдалы болған жұрағат еді. Атасы Әуез бен әжесі Дінасылдың тәрбиесінде өскен бала Мұхтар үл­кен ақынның тізесінде отырып, батасын алған деген әңгіме бар. Әуезовтің апайы Нұрғаным (Нұрғаным Бердіқожақызы) Құнан­байдың кіші әйелі болатын. Әдебиеттанушы Айқын Нұрқатов «Мұхтар Әуезов» монографиялық зерттеу еңбегінде: «Оның әкесі Омархан да, атасы Әуез де – ескіше білім алған, ауқатты адамдар. Олар Абай ауылымен көр­ші отырған, жақын қарым-қатынаста болған. Сөй­тіп, болашақ жазушы Мұхтардың балалық ша­ғы сол кездің алдыңғы қатарлы идеялары, үлгі-өне­гелері тікелей таралып жатқан жерде – Абай ауы­лында өтеді. Бұл оның болашақ өміріне, шы­ғармашылық тағдырына игі әрі үлкен әсер етеді»,  – ­деп жазушының шыққан ортасы, Абай ауылының шығармашылығына тигізген пайдасы туралы жазған. Ал академик жазушы өзінің балалық шағы турасында: «Абай шығармаларын мен жастайым­нан біліп өстім. Атам Әуез Абайдың досы еді. Ол кісі біз сияқты немерелеріне ақынның өз өлең­де­рін де, аудармаларын да көп оқытатын. Әсіресе, Абай аударған Татьяна жанының нәзік сырын, оған Онегиннің жауабын жаттататын. Біз болсақ Та­тьяна кім, Онегин кім – онда жұмысымыз жоқ, ата­мыз айтқанын істеп, жаттай бердік», – деп Абай шы­ғармаларын ерте жасынан жаттап, санасына тоқығанын жазған. Сөз жоқ, академик Мұхтар Әуезов шы­ғар­машылығының аса құнды парақтары – Абай Құнанбайұлының ғұмырнамасына арналған әдеби-ғылыми туындылары. Бұл ретте ең алдымен  «Абайдың өнері һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақын­дар» мақаласынан бастау алған ізденісі, «Та­тьянаның қырдағы әні» әңгімесі, «Абай» либрет­тосы, сом бағалы туындысы – «Абай жолы» роман-эпопеясына дейінгі қаламынан туған, жүрек сөзі боп төгілген әр сөз, әр сөйлемі бәрі-бәрі Абайдың болмысы мен қайталанбас бітімін сомдаған. Мұхтар Әуезовті заманы өсірді. Өскен ортасы оның танымын кеңейткен. Алаш аға­ларының ұлтшылдығы мен энциклопедиялық білімі, бірнеше озық шет тілдерін еркін меңгеруі, зиялылығы мен парасаттылығы, көшбасшылық қасиеті бәрі – жас Әуезовті ерте жасынан тұлға ре­тінде қалыптасуына жол ашқан, себеп болған фак­торлар. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның ха­ризмасы, Ахмет Байтұрсынұлының терең білім­ділігі, Міржақып Дулатұлының өткірлігі мен өжет­тілігі, Халел Досмұхамедұлының бірбеткей тік мінезі оның қасиетін даралады. Семей мұғалімдер семинариясындағы Алаш рухты Мұстақым Малдыбайұлы, Нәзипа Құл­жанова, Әбікей Сәтбаев, Райымжан Мәрсеков бас­таған оқымыстылар, орыстың ішкі қалалары­нан айдалып, қуғын-сүргін көріп, қазақ даласына келген данышпандары оған ұстаз болды, дәріс оқы­ды. Семейдегі азаттық туының желбіреуі, Алаш ұранының жүректерді қозғауы, намысыңды жануы, қайраткерлігіңді серпілтуі – оның үлкен азамат болып ел алдына шығып, ұлт мүддесін қо­лына алғызды. Мұхтар жас алаш оғланы райында қоғамдық-саяси іске белсене араласып, ұлттық ав­тономияның Семей қалалық комитетінің мү­шесі, хатшысы болды. «Абай», «Сарыарқа», «Таң», Шолпан», «Сана», «Жаңа мектеп», «Жаңа әдебиет» ба­­­сылымдарында публицистік қырын шыңдап, отты сөзімен қатарластарына дем берді. Қал­ғығанды оятты. Тізерлегенді жігерлендірді. Алаш идеясының насихатшысына айналды. Қазақ прозасының ерен жүйрігіне айналған Жүсіпбек Аймауытұлымен қоян-қолтық жұмыс істей жүріп, бас ақынның рухына арнап шығарған «Абай» журналын баспасөз айдынына қос­ты. Абайдың тұлғасын биіктетті. Алаш сөзін ас­пан­ға шығарды. «Абай» журналы – қазақ қоға­мы­­на жаңа серпін, жасына медет, жасамысына қуат еді. «Абай» журналы арқылы ақын туралы, оның заманы мен туысы туралы ізденді. Ақын өлеңін, оның ішкі мазмұны мен поэтикалық сыр­ларына терең үгілді. Алаш идеясы арқылы Абай сөзіне ынтықты. Семейдегі оқуын тауысып, Ленинград, сосын Ташкент өтті. Орыстың мәдени астанасы – Ленинградтың білімін толық игеріп, өзінің жазу­шылық, әсіресе әңгіме жанрындағы ең таңдаулы классикалық туындыларын тудырды. Ташкентте әдебиеттанушы ретіндегі ең сүбелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазып, тұтас Түркістан өлкесіндегі оқырманды таңғалдырды. Тамсандырды. Міне, осындай белестерден Әуезов өтті. Совет өкіметінің дауылы соғып, Сталиннің жеке басқа табынушылық культі өршіген қы­зыл отты жылдары алашшыл Әуезов «Алқа» ұйы­мының мүшесі болғаны үшін «саяси жат эле­мент» есебінде танылып, қуғын-сүргінге ұшы­рады. Қазақтың болашағын ойлап, қара бастарын қа­терге тіккен алаштың әзіз ағалары оны райынан қай­тарып, көзқарасын мүлде бөлек арнаға бұрды. Ол – қызыл от шарпыған жалынның ішінде найза­ғайдай жана жүріп, Абай жұлдызын жағу болатын. Ол – Алаш аманаты еді. Ол – өлімге қарсы тұрған ерлердің ең соңғы үміті еді. Алашшыл Әуезов советтік Қазақстан кезінде от­қа да түсті, шоқты да басты. Табанына шөң­ге де кірді. Бірақ кешегі аманат сөз қалдырған Алаш­шыл биік мұраттағы асыл ағаларының се­німін ақтап, ірі суреткер ретінде Абай бейнесін шы­найы әрі классикалық түрде сомдады. Сұлу сөз­­бен Абай мүсінін соқты. Абайды әлемге та­нытты. Суреткер Әуезов Абай туралы көп жазды. Ақын өмірбаянын ғылыми түрде төрт рет жүйе­леп жазып шықты. «Абай Құнанбаев» моног­ра­фиясын оқырманға ұсынды. Қазақ әдебиетінің тарихы мәселелерін зерт­теген академик М.Әуезов Абай Құнан­байұлы­ның әдебиеттегі орны мен рөлі хақында: «Абай­ды әдебиеттің басшысы дегенде, осындай кейінгі дәуірді еске алып айтамыз. Қазақ әдебиетіне Абай кіргізген жаңалық көп. Абай – қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы, тереңге сырлы, кең м­а­ғы­­налы кестелі өлеңнің атасы. Қазақ өлеңіне үлгі, өр­нек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан – Абай. Ол қазақтың ішінен оқушы тапқан», – деп айтқан. Бұл еңбегінде ғалым қазақ әдебиетінің арғы-бергі ғасырларындағы фолькорлық ауыз әдебиеті мұра­сынан бастап Бұқар жырау, зар заман ақын­дары, Ыбырай Алтынсарин, Абай шығарма­шы­лығына дейін жеке-жеке кеңінен толғап, өзінің ой-тұ­жырымын білдірген. Зерделі зерттеуші Абай шығармашылығының тілі жөнінде де келелі ой айтқан. Мәселен, «Мәдениетті жұрттың ысылған тілмен айтқан тәт­ті күй, нәзік сезімдерін Абай қазақтың дүкен көр­меген жалпақ тілімен өзіндей тәтті қылып, сезімді қылып айтып берген. Сондықтан Абай қазақ оқу­шысының ойымен қатар сезімін де тәрбиелеген. Қазақтың тіліне Абайдың сіңірген еңбегінің арқа­сында бұл тілдің барлық байлығы, орамдылығы, өрнектілігі табылған. Абайдың барлық өлеңі – қазақтың  сол күшті тілінің ішінен туған асыл құрыш, қырдағы қалың қазақтың осы күнге шейін сөйлеп жүрген жалпақ тілінің жемісі, сосын сыры мен сымбатын көрсететін айнасы. Бұл – Абайдың қазақ тіліне істеген қызметі», – деп қазақ әдеби тілі­нің негізін салудағы Абайдың айрықша қыз­метін жоғары бағалап жазады. Мұхтар Әуезовтің совет билігі орнаған жыл­дары Абайға арнап кеш ұйымдастырғанын ұмытпағанымыз жөн. 1924 жылдың 27 желтоқ­са­нында Семейдегі Луначар атындағы клубта Абайға ар­налған әдеби кеш өткен. Ақынның өмірден өт­кенінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған. Осы кеште «Абайдың өмірбаяны» тақырыбында Ха­лел Ғаббасов баяндама жасаса, Мұхтар Әуезов «Қа­зақ әдебиетіне сіңірген Абайдың еңбегі» тура­сында ғылыми ойларын ортаға салған. Абайдың мінезі жөнінде Көкбай замандасы ретінде естелік айтқан. Әміре, Әлмағанбет әншілер Абай әнін шыр­қап, көрерменді тамсандырған болатын. Кеш­ті ұйымдастырған комиссия хатшысы, сол кездегі сту­дент Әлкей Марғұлан екен. Міне, Әуезовтің абайтану мәселесін түбе­гей­лі зерттеуді қолға алғанға дейін Алаш жо­лымен жүріп өткендегі ісі – осы. Тағылымды, өне­гелі. Тағдырлы һәм азапты.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

алаштанушы,

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты