Мұғалімнің министрден несі кем?

Мұғалімнің министрден несі кем?

Мұғалімнің министрден несі кем?
ашық дереккөзі
526
«Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген Мағжан ақынның сөзі­мен өсіп-өнген қазақ ұстазды әрқашан ұлық тұтқан. Құрмет-қошеметті әуелі мұғалімге көрсеткен. Алайда бүгінде диплом сататын оқу орындарының көбеюі, жалақының төмендігі, жүктеменің көптігі, қоғамдық жұмыс атаулыға мұғалімдердің жегілуі «ұстаз» деген ұлы атаудың қадір-қасиетін төмендеткендей. Мұны Білім және ғылым министрлігі де мойындап, мұғалімнің қоғамдағы беде­лін көтеру үшін «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын ұсынды. Заң шығарушы орган қабырғасында ұзақ талқыланған құжат өткен жылдың соңында қабылданды, биылдан бастап қолданысқа енді. Ұстаздар қауымы ұзақ күткен бұл заң, шынында, мұғалімдердің мәртебесін көтере ала ма? Қит етсе мұғалімді айыптап, атақ-абыройын аяққа таптаудан тайынбайтын ата-ананың алдында педагогтың құқығын қорғауға қауқарлы ма?

Ұстаз мәртебесі неге төмендеді?

Жасыратыны жоқ, осы күнге дейін мұға­лімдерсіз ешбір қоғамдық шара өткен емес. Балаларға білім беру, дәптер тексеру, құжат толтырудан бөлек, ұстаздар әкімдердің есептік жиыны, мәдени шаралар, семинар-конференцияларда адам қарасын толтыру, «тірі дәліз» жасау үшін жегілетін. Қағазбастылықтан қажып, толастамайтын тексерістерден жүйкесі тозған педагогтар ең басты міндеті – білім беру, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге келгенде ақсамай қайтсін? Жүк­теменің көптігі, жалақының аздығы ұстаздыққа бет бұруға ынталы жастардың қатарын азайтты. Әлеуметтік зерттеулер талантты, қабілетті жас­тардың педагог болуға  құлықсыз екенін көр­сетіп отыр. Ақпараттық-сараптамалық орталық мамандары жүргізген сауалнама қорытындысына сүйен­сек, елімізде  «Алтын белгі» иегерлерінің  7 пайызы ғана педагогикалық мамандықтарды таңдайды екен. Ал дамыған мемлекеттерде, мә­се­лен, Жапонияда мұғалім – ең қадірлі мамандық. Ұстаздың жалақысы сол елдің үкімет басшысының ең­бек­ақы­­сы мен бірдей. Еуропада ең үздік оқу­шылар ғана мұғалім мамандығын таң­дай алады. Ұстаздың беделі Финлян­дияда, Сингапур, Оңтүстік Кореяда да  жоғары.  Педагогикалық мамандықтар бай­қауында бір орынға 10 адам таласатын көрінеді. «Педагог мәртебесі туралы» заң Қа­зақ­­станда да мұғалім дейтін мәртебелі ма­­мандықты өз тұғырына қондыруды мақ­­сат еткен. Мамандардың айтуынша, ең әуелі, бұған дейін мұндай заң ТМД кеңіс­тігінде тек Қырғызстанда ғана қа­былданған. Ал біздің елімізде әлі күн­ге дейін ұстаз беделі 2007 жылғы 27 шіл­деде қабылданған «Білім туралы» Заңдағы «Педагог қызметкердің мәр­тебесі» тарауындағы 4 бапқа ғана иек артып келді. Мұнда ұстаздардың ірілі-ұсақты әлеуметтік мәселелерін шешу тетігі, жалақы төлеу, жұмысқа қабылдау тәртібі ғана нақты көрсетілді. Соның салдарынан бүгінгі қоғам ұстаз беделін көтеру мәселесімен бетпе-бет келді. Мәселенің күн өткен сайын күр­делене түскенін көріп, өткен жылы тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мұғалімдердің беделін кө­теру­дің кешенді шараларын әзірлеуді тап­сырды. «Бүгінде мұғалімдердің еңбекақысы ең төменгі айлықтардың бірі болып тұр. Экономикадағы орташа еңбе­кақы­ның 65 пайызы ғана. Әрине, мұнымен келіспейміз. Сондықтан Үкіметке білім жүйесіне білікті мамандар тарту мақса­тында және педагогтардың мәртебесін көтеру үшін мұғалімдердің еңбекақы­сын 4 жылдың ішінде 2 есе арттыруды тап­сырамын», – деген еді Президент сол жиында. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Пе­дагог мәртебесі туралы» Қазақстан заңы қабылданды. 21 баптан тұратын құ­жат 4 бағытты қамтиды. Атап айт­қан­да, бірінші – ұстаздардың құқық­та­рын кеңейту және өзіне тән емес жұ­мыстан босату, жүктемесін азайту, екін­ші – мұғалім қызметіне қоятын та­лаптарды күшейту, үшінші – ма­териал­дық емес ынталандыру тетіктері, төртінші материалдық ынталандыру мәселелері қарастырылған.

Ұстаздар қоғамдық жұмыстарға жегілмейді

Бірінші бағыттағы нормалар мұғалімдерді артық жұмыстан, негізсіз тексерулерден, қызметіне кедергі келтіретін қағазбастылықтан арылтуды көздейді. Халықаралық TALIS зерттеулерінің көрсеткіштеріне сүйенсек, ТМД, ЕҚЫҰ мемлекеттерімен са­лыстырғанда қазақстандық педагог­тар­дың жүктемесі өте көп. Мысалы, ЕҚЫҰ мемлекеттерінде 38 сағат болса, бізде – 48,8 сағат. Заңдағы негізгі және маңызды нор­ма – «Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы» Кодекс шеңберінде пе­дагогтің лауазымдық міндеттерін орын­дау кезінде оларға қатысты жеке тұл­ғалардың әдепсіз мінез-құлық та­ныт­қаны, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникация жүйесі арқылы дөрекілік көр­сеткені, былапыт сөйлегені және қор­лағаны үшін айыппұл салынады. Бұдан бөлек, педагогті кәсіби мін­деттермен байланысты емес жұ­мыс түрлеріне тартқан, мұғалімнен бі­лім беру саласындағы ҚР заңна­ма­сын­да көзделмеген есептілікті немесе ақ­паратты талап еткендер де ескерту алып, айыппұл арқалайды. Сондай-ақ мемлекеттік орта білім беру ұйымының мұғалімдеріне тауар­лар мен көрсетілетін қызметтерді са­тып алу бойынша міндет жүктеу жә­не оның өз кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйым­дардың іс-шараларын өткізуге тарту түріндегі әрекеттер де бұдан былай жазасыз қалмайды. Психиатриялық және нарколо­гия­лық есепте тұрған немесе өз­г­е де шектеулері бар азаматтарды, сон­дай-ақ, педагогикалық білімі барын рас­тайтын құжаты жоқ адамдарды мұ­ғалімдік қызметке тартқандар да жазаланады. «Педагог мәртебесі туралы» заң бойынша оларға 64 мың теңге айыппұл салынады. Мұғалімдердің мәртебесі дегенде ең әуелі ойға оралатыны – ұс­таз­дар­дың оқушы алдындағы беделі, ата-ана алдындағы абыройы. Мұғалімге дөрекілік көрсететін, балағаттаудан, тіпті күш көрсетуден тайынбайтын оқу­шылардың көбеюі, баласының сөзін сөйлеймін деп ұстаздың ар-намысын аяққа таптайтын ата-ананың артуы қо­ғамның педагогикалық маман­дық­тарға деген көзқарасын өзгертті. Ұстаз­дықты жүрек қалауымен емес, мәжбүр­ліктен, мемлекеттік грант арқылы оқу үшін ғана таңдайтындардың қатары көбейді. Білім және ғылым министрлігі жаңа заң арқылы бұл мәселенің де шешімін табуға тырысыпты.  Кәме­лет­ке толмағандарды тәрбиелеу мен оқы­ту, олардың құқықтары мен мүд­де­лерін қорғау жөніндегі өз міндеттерін орын­дамағаны үшін ата-аналарға немесе олардың заңды өкілдеріне айып­пұл салынады.  Атап айтқанда, ұстаз­дың ар-намысына нұқсан келтіру, оның ішінде БАҚ немесе телекоммуникация желілері арқылы абыройына нұқсан келтіргені үшін жеке тұлғаларға 77 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал 12 жастан 16 жасқа дейінгі жа­­­сөспірімдердің жасаған жү­ген­сіз әрекеттері үшін олардың ата-ана­сы 53 мың теңге (20 АЕК) айыппұл тө­леуге міндеттелмек. Ал оқушы 1 жыл ішін­де орынсыз қылығын қайталайтын бол­са, ата-анасына салынатын айыппұл бұдан екі есе артады. Заңның екінші бағыты мұға­лім­дердің қызметіне қойылатын та­лаптарды күшейтуге бағытталған. Мұн­дағы мақсат – ұстаздықты екінің бі­ріне қолжетімді кәсіп емес, таңдау­лылар, білімділер ғана игере алатын мамандық ретінде мойындату.  Құжатқа сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап мұғалім ретінде кәсіби қызметін жүзеге асыруға алғаш рет кірісетін тұлғалар педагог біліктілігінің сәйкестігін растауы тиіс. Яғни, білім беруге, шәкірт тәр­биелеуге қабілетті екенін дәлел­де­мейін­ше жұмысқа орналаса алмайды. Мұғалімдердің этика мәселелері де айрықша назарға алынбақ. Әр білім беру мекемесінде әдеп бойынша кеңестер институты енгізіледі.

Айлығы шайлығына жете ме?

Заңдағы үшінші бағыт – мате­риал­дық емес ынталандыру те­тік­тері. Бұдан былай мұғалімдердің ба­лаларына балабақшаларда бірінші ке­зекте орын беріледі. Бұған қоса «Қа­зақ­станның еңбек сіңірген ұстазы» мем­лекеттік марапатының жаңа түрі сияқ­ты бірқатар материалдық емес ын­таландыру да енгізілді. Әскери қыз­метке шақыруды кейінге қалдыру, ауыл мұғалімдерінің еңбекақысын арттыру, «Үздік педагог», «ЖОО-ның үздік оқы­ту­шысы» гранттары сияқты әлеуметтік кепілдіктер де заңда сақталған. Бұдан бө­лек, барлық педагог алдағы уақытта ке­зекті еңбек демалысына 42 күннен емес, 56 күндік демалысқа шығатын бо­лады. Ал төртіншісі – материалдық ын­таландыру мәселелері. Педагог беделі жайлы айтылғанда, жалақы мәселесіне соқпай өту мүмкін емес. Ұстаздар еңбекақысының аздығы, мұ­ға­лімдерге артылған жүктеменің тө­ле­нетін айлыққа сай келмеуі талай мәр­те айтылды, жазылды.  Әрине, барлығын қаржыға тіреп қоюға тағы болмайды. Бі­рақ қай уақытта да, қай салада да ең­бектің лайықты бағалануы маңызды. Статистикаға сүйенсек, қазақ­стан­дық ұстаздардың жалақысы республикадағы орташа жалақының 65 пайызы. Ал білім саласының дамуына ерекше көңіл бөлетін Финляндия, Шве­ция, Нидерланд елдерінде мұғалім­дер­дің еңбекақысы елдегі орташа жала­қы­ның 100 пайызына тең. Жыл сайын түрлі салаларға зерт­теу жүргізіп, қоғам өмі­рін­дегі маңызды көрсеткіштерді жариялайтын Willis Tower Watson консалтингтік компаниясының дерегіне сүйен­сек, Люксембургте ұстаздардың ор­таша жылдық жалақысы 79 мың доллар болса, Швейцарияда – 69 мың, Германияда – 61 мың, Норвегияда  47 мың доллар шамасында екен. Дания ұстаздары жылына 46 мың доллардан астам табыс тапса, АҚШ мұғалімдерінің жылдық еңбекақысы – 43 мың доллар. Ал Қазақстанда мұғалімдердің жыл­дық жалақысы 5 мың дол­лар­ға да жетпейді. Биылғы қаңтарға дейін қала мектептерінде сабақ беретін 25 жылдық еңбек өтілі бар, жоғары са­­­­­нат­тағы мұғалімнің нақты жалақы-сы – 83 176 теңге, дәптер тексеріп, сынып жетекші болғаны үшін – 25 130 теңге, білім берудің жаңартылған мазмұны үшін – 24 953 теңге, жалпы  айына 133 258 теңге табыс тауып келді. Ал  15 жыл­дық еңбек өтілі бар, бірінші са­нат­тағы мұғалімнің нақты жалақысы – 72 381 теңге, дәптер тексеріп, сынып жетекші болғаны үшін – 24 050 теңге, білім берудің жаңартылған мазмұны үшін – 21 714 теңге, жалпы 118 145 тең­ге алып жүрді. Еңбек өтілі аз, санаты жоқ мұғалімнің жалақысын әрі қарай өзіңіз шамалай беріңіз. Қаладағы әріптестеріне қара­ған­да, ауыл мұғалімдерінің жа­­­ла­қысы біршама жоғары. 25 жылдық ең­­бек өтілі бар, жоғары санаттағы мұ­ға­лімнің нақты жалақысы – 103 970 тең­­ге, дәптер тексеріп, сынып жетекші бол­ғаны үшін – 27 209 теңге, білім бе­ру­дің жаңартылған мазмұны үшін –  31 191 теңге төленді, яғни айлық та­бысы  162 370 теңге болды. Ал 15 жыл­дық еңбек өтілі бар, бірінші санаттағы мұ­ғалімнің нақты жалақысы – 90 476 теңге, дәптер тексеріп, сынып жетекші бол­ғаны үшін – 25 860 теңге, білім бе­ру­­дің жаңартылған мазмұны үшін – 27 143 теңге, жалпы 143 478 теңге алып жүрді. 3 жылдық еңбек өтілі бар, санаты жоқ мұғалімнің нақты жалақы­сы – 70 788 теңге, дәптер тексеріп, сы­нып жетекші болғаны үшін – 23 891 теңге, білім берудің жаңартылған мазмұны үшін – 21 236 теңге, жалпы  115 915 теңге табыс тауып келді. Мұны 12 айға көбейтіп, 420-ға (АҚШ долларының бағамы) бөліңіз де, шыққан соманы жоғарыда аталған елдердегі ұстаздар­дың жалақысымен салыстырып кө­ріңіз. Айырмашылық жер мен көктей. Осыдан кейін педагог мәртебесін жалақымен байланыстырудың қажеті жоқ дей алмасымыз анық. Мемлекет басшысының Тамыз конференциясындағы тапсырмасы бойынша биылғы жылдың қаңтарынан бастап ел ұстаздарының жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда еңбекақыларына тағы 25 пайыздан қосылып, жалпы 4 жыл ішінде мұғалімдердің табысы 2 есе артпақ. Бұдан бөлек, «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында биылғы қыр­күйектен бастап  ұстаздарға дәптер тексеру мен сынып жетекшілігі үшін төленетін үстемақы көлемі екі есеге ар­тады. Сондай-ақ ғылыми-педагоги­калық бағыт бойынша магистр дәре­жесі бар бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының мұға­лім­деріне 10 АЕК (26 510 теңге) көлемінде қосымша ақы төленеді. Ал бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының тәлімгерлік жүргізетін мұ­ғалімдерінің жалақысына 17 697 теңге көлемінде үстемақы қосылады. Сонымен қатар ұстаздардың мәртебесін көтеруді көздейтін заң шеңберінде физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде өтетін оқытушылардың база­лық лауазымдық жалақысына 200 пайыз­ға дейін қосымша ақы тағайын­далады. Ал педагог-шебер біліктілігі бар мұ­ғалімдерге – лауазымдық жалақы­ның 50 пайызы, педагог-зерттеуші сана­ты үшін – лауазымдық жалақының 40 пайызы, педагог-сарапшы санаты үшін – лауазымдық жалақының 35 пайы­зы, педагог-модератор санаты үшін  лауазымдық жалақының 30 пайы­зы мөлшерінде үстемақы төлен­бек. «Педагог мәртебесі туралы» заңды іске асырып, мұғалімдерге уәде етілген үстемақыларды төлеу үшін респуб­ли­калық бюджеттен 2020-2022 жылдарға қосымша 2 трлн 282 млрд теңге (2020 жылы – 404 млрд теңге, 2021 жылы – 770 млрд теңге, 2022 жылы –1 трлн 108 млрд теңге) бөлінген. Аз қаржы емес. Діт­теген жеріне жетіп, көзделген мақ­сатты орындауға жұмсалса болғаны. Игерілмеген, қолды болған, желге ұшқан қазына қаржысы онсыз да қыруар. P.S. Жаңа оқу жылының алғашқы тоқсанында мектептер мен жоғары оқу орындары қашықтан оқытатынын сылтау­ратып, мұғалімдердің жалақысын азайтуға оқталғандар болыпты.  Министр Асхат Аймағамбетов бұған жол берілмейтінін қадап айтты. Өйткені онлайн оқу мұғалімдердің жүктемесін көбейтпесе, азайтқан жоқ. Жаңа форматқа өзі бейімделіп қана қоймай, оқушылар мен студенттерді үйрету оңай шаруа емес. Техника тапшылығы, интернеттің әлсіздігі секілді түйіні тарқамаған түйткілдерге қарамастан, өскелең ұрпаққа сапалы білім, тағылымды тәрбие беру үшін талмай ізденіп жүрген ұстаздардың еңбегі – ерлік. Көктемде балаларын қашықтан оқытамыз деп сабыры сарқылып, жүйкесі сыр бере бастаған ата-аналардың аузынан «ұстаздарға ескерткіш қою керек» дегенді көп естідік. Расында да, темірдей төзім, сарқылмас мейірім, терең білім иесі – мұғалімдерді қалай құрметтесек те артық етпейді.

Серіктес жаңалықтары