264
Отандық әуе компанияларының табысы 1,5 есе кеміді
Отандық әуе компанияларының табысы 1,5 есе кеміді
Қазақстан әуе компанияларының табысы 1,5 есе азайды.
Еnergyprom.kz мәліметінше, 2020 жылдың қаңтар-маусымында еліміздің әуе компаниялары 2,3 млн жолаушы тасымалдады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 35,8 пайызға аз.
Ал маусым айында әуе компаниялары 480,6 мың жолаушыға қызмет көрсетті және карантин күшейіп тұрған мамыр айына қарағанда жолаушылар ағыны 2,9 есеге артты. 2020 жылдың 1-жартыжылдығында жолаушылар ағыны 3,8 млрд жолаушы-шақырым болды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,9 есе кем. Дегенмен, маусымда мамырға қарағанда жолаушылар ағыны 2 еседен астамға артып, 476,3 млн жолаушы-шақырымға жетті.
Осы жылдың қаңтар-маусымында әуе компаниялары 9,6 мың тонна жүк пен қол жүгін тасымалдады. Дегенмен, бұл да бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 21,9 пайыз аз болып отыр. Маусымда мамырға қарағанда жүк тасымалының көлемі 12,5 пайызға артып, 1,8 мың тонна болды.
Әуе компанияларының жарты жылдың ішіндегі кірісі 99,2 млрд теңгеге жетті. Алайда өткен жылы компаниялар мұнан 1,5 есе көп, яғни 170,1 млрд теңге табыс тапқан болатын. Маусымда әуе компанияларының кірісі 18,2 млрд теңгеге жетіп, мамырмен салыстырғанда 2 есе өсім көрсетті.
Жалпы әуе компанияларының негізгі табысын жолаушылар тасымалы құрайды. Бұл көрсеткіш жарты жылда 95,1 млрд теңгені құрады. Ал қалған 4,1 млрд теңге жүк пен қол жүгін тасымалдаудан түскен.