Баянауылда карантинге қарамастан жұмыс істеген демалыс орындары анықталды

Карантин енгізіліп, демалыс орындарының жұмысына тыйым салынғанына қарамастан Баянауыл аймағындағы Жасыбай көлінің жағасында екі демалыс базасы қонақ қабылдаған.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, заңбұзушылықтар тек Баянауыл аймағында ғана анықталмаған. Павлодарда тәртіп сақшылары ойын клубтарының бірінен келушілерді тапқан. Мекеме жасырын жұмыс істеген, полиция барған кезде ішінде 10 келуші болыпты.

Демалушылар Жасыбай көлінің маңында күнге қыздырынып жатқан. Оларға қызмет көрсеткен екі демалыс базасының үстінен әкімшілік хаттама толтырылды.

Карантинді бұзған демалыс базасы иелері ғана емес, демалушылар да жазаланбақ. Барлық хаттама санитар дәрігерлерге жіберіледі, ал мекемелерде мөр басылады.

Полиция дерегінше, облыста карантинді бұзушылардың жалпы саны 230-ға жеткен. Карантин тәртібін көбіне дүкендер мен сауда үйлері, кафелер мен мейрамханалар бұзатын көрінеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда түнде қонақтарды қабылдаған екі кафе анықталған болатын.

Back to top button