289
Өзбекстанда карантин 15 тамызға дейін ұзартылды
Өзбекстанда карантин 15 тамызға дейін ұзартылды
Өзбекстанда 10 шілдеде енгізілген қосымша шектеу шаралары 15 тамызға дейін ұзартылды. Арнайы республикалық комиссия осындай шешім шығарды.
Елде қала ішінде және өңірлер арасында көлік қозғалысы шектелген. Сонымен бірге әуе және теміржол байланысы уақытша үзіліп отыр. Мәдени, ойын-сауық іс шаралары мен үйлену тойларын өткізуге болмайды. 65 жастан асқан қарттардың қоғамдық орындарда жүруіне рұқсат жоқ. Демалыс күндері жеке көліктің қатынауына тыйым салынған. Сондай-ақ сенбі-жексенбі күндері такси қызметі, азық-түлік емес дүкендер мен базарлардың жұмысы тоқтатылады. Қазіргі уақытта сән салондары, шаштараздар мен тамақтану орындары да жабық.
Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары Азиз Абдухакимовтың айтуынша, карантинді ұзарту - мәжбүрлі шара. Індеттің таралуын тоқтатудың басқа жолы жоқ дейді вице-премьер.
Пандемия басталғалы Өзбекстанда 20 мыңнан аса адам коронавирус жұқтырған. Науқастардың 11 мыңнан астамы емделіп шықты. 116 адам қайтыс болды.
Айта кетейік, бұған дейін Ташкенттегі көрме залы коронавирус белгілері бар науқастарға алғашқы көмек көрсетілетін орын ретінде жабдықталғанын хабарлағанбыз.
Орталықта науқастарға алғашқы медициналық жәрдем көрсетіліп, нақты диагноз қойылады және ауруханаларға бөледі. Көрме залына 500 төсек қойылған.