Аустралиялық физиотерапевт Дэниел Вадналдың айтуынша, турникке тартылған кезде саусақ пен білек дене салмағын ұстап тұруға күш салады. Соның арқасында ең алдымен қолдың ұстау төзімділігі, белгілі бір деңгейде қысу күші де дамиды, деп хабарлайды turkystan.kz The Lancet журналына сілтеме жасап.
Қолдың қысу күші медицинада адамның жалпы физикалық жағдайын бағалайтын көрсеткіштердің бірі саналады. 17 елдегі 139 691 ересек адам қатысқан зерттеуде қысу күшінің әрбір 5 килограмға төмендеуі кез келген себептен қайтыс болу қаупінің 16 пайызға, жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім қаупінің 17 пайызға жоғары болуымен байланысты болған.
Дегенмен бұл байланыс турникке көп тартылған адам міндетті түрде ұзақ өмір сүреді дегенді білдірмейді. Қолдың әлсіз болуы бұлшықет көлемінің азаюы, қозғалыстың жеткіліксіздігі, жас ұлғаюы немесе денсаулықтағы басқа мәселелердің белгісі болуы мүмкін.
Турникке иық, қол және дененің жоғарғы бөлігін созады. Әсіресе үстел басында немесе телефонға еңкейіп ұзақ отыратын адамдарда тартылып қалатын кеуде, арқа, қолдың артқы бөлігі мен жалпақ арқа бұлшықеттеріне әсер етеді.
Жаттығудан кейін адам иығының еркін қозғалғанын және денесінің жазылғанын сезуі мүмкін. Бірақ 30 секундтық жаттығу дене қалпын бірден түзетеді немесе арқа мен иық ауруын емдейді деген тұжырымдар сапалы клиникалық зерттеулермен дәлелденбеген.
Иыққа жақында операция жасатқан, мойын, иық, шынтақ немесе білек жарақаты бар адамдар алдымен дәрігермен не физиотерапевтпен кеңескені жөн. Иық буыны тұрақсыз, қолды жоғары көтергенде ауырсынатын, жүрек-қан тамырлары мәселесі немесе бақылауға алынбаған жоғары қан қысымы бар адамдарға да маманның рұқсаты қажет.