Президенттің жастар кадр резервіндегі 150 маман жаңа лауазымға ие болды

Президенттің жастар кадр резервіндегі 150 маман жаңа лауазымға ие болды

Президенттің жастар кадр резервіндегі 150 маман жаңа лауазымға ие болды
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент жастар кадр резервін құру бастамасы аясында іріктелген 300 адамның жартысы әртүрлі лауазымға ие болды. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин хабарлады. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі бастамаларының бірі – Президент жастар кадр резервін құру. Аталмыш бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасы аясында дарынды жастар үшін тиімді әлеуметтік лифт құру шараларының бірі ретінде жариялаған еді», - деп жазды Президенттің кеңесшісі Телеграм парақшасында. Ерлан Қарин өткен жылдың күз айында конкурс жарияланғанын, еліміздің 13 аймағынан 13 мыңға тарта қазақстандық өтінім бергенін еске салды. «Іріктеу 4 ай жүргізілді. Нәтижесінде 300 адам өтті. Осы жылдың 15 ақпанында бағдарлама қатысушыларымен Президенттің өзі кездесті. Мемлекет басшысы резервтегілермен кездесу барысында «Елдегі ең ауқымды трансформациялар нақты саладағы, қала немесе ауылдағы аздаған өзгерістерден басталады. Иеленген позициясына қарамастан әркім өз орнында отырып, жаңғырту процесіне үлесін қосуы керек» деп атап өткен еді. Сонымен қатар, Президент бұл бағдарламаның басты мақсаты – лауазымға жайғастыру емес екенін, оның басты мақсаты – жас мамандарға өз дарынын, әлеуетін көрсетуге мүмкіндік беру екенін ескертті. Сол себепті резеврке ену фактісінің өзі – мемлекеттік лауазымға тағайындалу кепілдігін бермейді. Жастар резерві бойынша ұлттық комиссия тиісті вакансия барда және үміткердің кәсіби құзіретін есепке ала отырып, бағдарлама қатысушысын ұсына алады. Қазіргі уақытта 150 резервші жаңа лауазымға ие болды», - дейді ол. Ерлан Қарин орталық мемлекеттік органдарға - 83 адам, жергілікті атқарушы органдарға - 38 резервші, басқа құрылымдарға - 29 адам орналасқанын жеткізді. «Таяу арада Президент жастар кадр резервінің қатысушыларымен жаңа оқытушы бағдарламалар іске қосылады», - дейді Ерлан Қарин