327
Дүниені дағдарыс елесі кезіп жүр
Дүниені дағдарыс елесі кезіп жүр
Коронавирус індетінің алғашқы толқынынан кейін жаппай шектеу шараларын жеңілдеткен әлем елдерінің көпшілігінде індет қайта өршіп, онсыз да діңкесі құрыған жаһандық экономиканың тынысын тарылта түсті. Аузын айға білеген алпауыт компаниялардың өзі сан мыңдаған қызметкерін қысқартып, дағдарысты еңсерудің амалын іздеп әлек. Мемлекеттер өз экономикасын аяқтан тік тұрғызу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанымен, кесірлі кесел толық ауыздықталмай тұрып, тұрақтылық туралы, өсім жайлы сөз қозғау қисынсыз секілді.
Жаһандық экономика біртіндеп қалыпқа келе бастағанымен, COVID-19 індетінің екінші толқыны экономикалық дағдарысты күрделендіре түсуі мүмкін. Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева осындай мәлімдеме жасады.
«Жыл басында күрт құлдыраған әлемдік экономикалық белсенділік біртіндеп көтеріле бастады. Алайда біз әлі қиындықтарды еңсерген жоқпыз. Біз саяси ептілікті және жүйелі әрекет етуді талап ететін дағдарыстың жаңа кезеңіне аяқ бастық», – деді қор басшысы. Ол Үлкен жиырмалық (G20) елдерін күш біріктіруге шақырып, денсаулық сақтау, сауда және қарыз ауыртпалығын жеңілдету салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту қажетін атап өтті.
Халықаралық валюта қоры сарапшыларының болжамынша, биыл жаһандық экономика 5 пайызға құлдырайды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) болжамы да көңіл көншітпейді. Ұйымның жуырда жарияланған баяндамасына сүйенсек, індеттің екінші толқыны салдарынан туындайтын экономикалық дағдарыс 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан он есе күрделірек болмақ. ЭЫДҰ мамандарының пікірінше, қазіргі белгісіздік жағдайында алдағы 18 айға қатысты екі эпидемиологиялық сценарийді болжауға болады. Бірінші сценарий бойынша індеттің таралу қарқыны бәсеңдей түседі және бақылауда болады. Ал екінші сценарий коронавирустың екінші толқыны басталып, кесел бақылаудан шығып кетуі мүмкін деген нұсқаны қарастырады.
«2008 жылғы қаржы дағдарысы кезеңімен салыстырғанда кейбір елдерде жұмыс істелген сағаттар саны 10 есе азайған», – делінген ЭЫДҰ баяндамасында. Сарапшылардың болжамынша, егер коронавирустың жаңа толқыны бүкіл әлемді шарпитын болса, дамыған елдерде 80 миллионнан астам адам жұмыссыз қалуы ықтимал. Ал ЭЫДҰ-ға мүше елдерде жұмыссыздық деңгейі 10 пайызға дейін жетпек. Егер індеттің жаңа толқынына байланысты жаңа шектеулер енгізілетін болса, жұмыссыздық көрсеткіші бұл болжамнан әлдеқайда жоғары болуы ғажап емес дейді мамандар. Мәселен, карантин режимі қайта күшейтілер болса, АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі 12,9 пайызға дейін көтеріледі. Шектеу шаралары алынған жағдайда 2021 жылы 11,3 пайызға дейін төмендемек.
АҚШ компанияларында жаппай қысқарту
Бүгінде әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 15 миллионға жуықтады. Қатерлі вирус құрбандарының саны 600 мыңнан асып жығылды. Індеттің қайта өршуіне алаңдаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус шектеу және алдын алу шараларына жеткілікті мән берілмесе, жақын арада қалыпты жағдайға оралмайтынымызды мәлімдеді. Экономиканың шатқаяқтап тұрғанына қарамастан, көп ел карантинді қайта күшейтуге мәжбүр болды. Калифорния штатында барлық мейрамхана, көңіл көтеру орындары, хайуанаттар бағы мен мұражайлар жабылды. Бұдан бөлек, штатта құлшылық үйлері, жаттығу залдары, шаштараз, ойын-сауық орталықтарының қызметі де тоқтатылды. Мұндай қадамға баруға штаттағы науқастар санының көбеюі себеп болып отыр. Қазіргі таңда мұнда күніне орта есеппен 8 мыңнан астам адамның вирус жұқтырғаны анықталады. Елдің өзге өңірлерінде де індеттің таралу қарқыны алаңдатарлық. Пандемия басталғалы АҚШ-та коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 4 миллионға жуықтады. Індеттен көз жұмған науқастар саны 150 мыңға жетеғабыл. Алдағы апталарда елде өлім-жітім саны арта түседі деп болжанып отыр. АҚШ Денсаулық сақтау министрінің көмекшісі Бретт Жируардың айтуынша, күзде індеттің екінші толқынының басталу ықтималдығы жоғары. Өйткені вирус тұрғындардың 90 пайызын әлі шарпып үлгермеген. Жергілікті дәрігерлердің шектеу шараларын күшейту керек дабыл қағып жатқаны сондықтан. Егер ел аумағында карантин қайтадан жаппай енгізілер болса, ЭЫДҰ сарапшыларының болжамы дәл келіп, АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі бұрын-соңды болмаған деңгейге жететін түрі бар. Қазірдің өзінде америкалық алпауыт компаниялар қызметкерлерін қысқартуға қамдануда. Мәселен, коронавирус пандемиясы салдарынан дағдарысқа тап болған United Airlines компаниясы жұмысшыларының жартысы жұмыссыз қалмақ. Жуырда компания 36 мың қызметкеріне қазанның 1-інен бастап ақысыз демалысқа жіберілетінін хабарлады. Олардың 2 250-і ұшқыш, 15 мыңы бортсерік, 16 мыңнан астамы қызмет көрсету саласындағы мамандар. United Airlines компаниясы мемлекеттен миллиардтаған доллар көмек алса да, қаржы дағдарысын айналып өте алмады. Наурыз айының басынан бастап әуе тасымалы 95 пайызға қысқарған. The Wall Street Journal-дың хабарлауынша, үкіметтен бөлінген қаражат алпауыт компанияның қазан айына дейінгі шығынын ғана өтей алады. Басылымның дерегінше, компания күн сайын 40 млн долларға жуық шығынға батуда. АҚШ-та және әлемде эпидемиологиялық ахуалдың оңала қоймағанын ескерсек, United Airlines қаржы дағдарысын жақын уақытта еңсере қоюы екіталай. АҚШ-тың тағы бір ірі әуе тасымалдаушысы – American Airlines Group Inc компаниясы да күрделі жағдайда. Компания өз қызметкерлерінің бестен бірін, 25 мың адамды күзде ақысыз демалысқа жібермек. 1 қазанға дейін, яғни мемлекеттік қаржыландыру мерзімі аяқталғанша компанияға қызметкерлерін қысқартуға немесе олардың жалақысын азайтуға тыйым салынған. Ал мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтатылғаннан кейін әуе тасымалдаушы қол қусырып отырған жұмысшыларының барлығына бірдей жағдай жасай алмасы анық.Ұлыбритания ұйықтан шыға ала ма?
Ұлыбританияда да эпидемиологиялық ахуал көңіл көншітерлік емес. Мамандардың болжамынша, мемлекет осы қыста коронавирус инфекциясының екінші толқынымен бетпе-бет келеді. Ол біріншіге қарағанда өлім-жітімді көбейтуі мүмкін. Бұл туралы британдық медицина ғылымдары академиясының өткен аптада жарияланған баяндамасында айтылған. Пандемия мен алдағы тұмау індетіне байланысты елдің денсаулық сақтау жүйесінде туындаған қиындықтармен қатар коронавирустың екінші толқыны Ұлыбритания азаматтары үшін айтарлықтай қауіп төндіреді. Осыған байланысты мамандар денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктеме қаупін азайту үшін және қыста демікпе, инфаркт, өкпенің созылмалы обструктивтік ауруы мен инсульт сияқты басқа да инфекциялардың таралу қаупі артатындықтан, жедел дайындықты қазірден бастауға шақырады. Баяндамада Ұлыбританиядағы коронавирустың екінші толқыны қалай дамитынына қатысты белгісіздіктің жоғары дәрежесі бар екені көрсетілген. Онда ауру жұқтырған адамдардың орташа санын көрсететін R репродукция индексі 2020 жылдың қыркүйегінен бастап 1,7-ге дейін өседі. 2021 жылғы қаңтар-ақпанда Ұлыбританияда ауруханаға түсу мен өлім оқиғалары өте көп болады деп болжанып отыр. Сонымен қатар биылғы қыркүйек айынан бастап 2021 жылдың маусымына дейінгі кезеңде коронавирустан туындаған атипиялық пневмонияның өршу қаупіне байланысты індеттен қайтыс болу жағдайларының саны 119 900 адамға жетуі мүмкін. Ел билігінің алдында күрделі таңдау тұр. Таразының бір басында – ұлт саулығы, екінші басында – мемлекет экономикасы. Екінші толқынның қаупін сейілту үшін Ұлыбритания үкіметі шектеу шараларын қайта енгізер болса, індеттің алғашқы толқынынан кейін еңсесін енді тіктей бастаған британ экономикасы дағдарыстан жақын арада шыға алмауы мүмкін. Make UK ұйымы жүргізген салалық сауалнама нәтижесіне сүйенсек, ұлыбританиялық өндірушілердің төрттен үші қызметкерлерін қысқартуға ниетті. Сауалнамаға қатысқан компаниялар басшыларының 40 пайызы жыл соңына дейін жұмыс орындарын азайту көзделіп отырғанын мәлімдеген. Респонденттердің пікірінше, алдағы үш айда сауда-саттық көлемі әдеттегі көрсеткіштен 26 пайызға төмендейді. Экономикалық белсенділіктің артқанына қарамастан, сауданың құлдырауы барлық саланы шарпиды деп болжанып отыр. Салдарынан еңбек нарығының жағдайы да ушыға түспек. «Елдегі жұмыссыздық деңгейі пандемияға дейінгі көрсеткіштен шамамен 4 пайызға жоғары болатынын және мұндай ахуал 2023 жылға дейін сақталатынын ескерсек, еңбек нарығы біраз уақытқа дейін экономиканың қалыпқа келуіне кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі болып қала береді», – дейді Capital Economics компаниясының бас экономисі Рут Грегори. Ұлыбританияның Қаржы министрі Риши Сунак өткен аптада ел экономикасын дағдарыстан құтқаруға бағытталған құны 37 млрд долларлық жоспарды жариялады. Онда баспана сатып алу салығын төмендету, ел азаматтарының барлығына мейрамханаға баруға жеңілдік жасау, сондай-ақ қызметкерлерін қысқартпаған жұмыс берушілерге қаржылық қолдау көрсету секілді шаралар қамтылған деп хабарлайды Bloomberg. Елдегі 9,3 миллион адамның еңбекақысын субсидиялау үшін қолға алынған жұмыс орындарын сақтау бағдарламасының мерзімі қазанда аяқталады. Десе де, мемлекет қаңтарға дейін жұмыс орны сақталатын және 654 доллардан жоғары жалақы алатын әр қызметкері үшін кәсіпорындарға 1 259 доллар көлемінде бонус төлемек. CNBC басылымының жазуынша, қазанда қаржыландырудың тоқтатылуы еңбек нарығындағы дағдарысты күшейтеді. Алайда Риши Сунак жұмыс орындарын сақтау бағдарламасын ұзаққа созу мүмкін емесін айтып, қаржыландыруды жалғастыруға шақырған белсенділердің бастамасын жауапсыздық деп атады. Сондай-ақ министр қоғамдық тамақтану саласының жұмысын жандандыру үшін ел азаматтарына тамызға дейін мейрамханаларға баруға 50 пайыздық жеңілдік ұсынып отыр. Қонақүй және туристік секторлар үшін қосымша құн салығы келер жылға дейін 20 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді. Бұл мемлекет қазынасына 4 млрд фунт стерлинг шығын әкелмек. Елдің жалпы ішкі өнімі сәуірде 20,4 пайызға төмендеп, ел тарихындағы ең ірі құлдырау болды. Сәуір-мамыр айларында Ұлыбританияның берешегі 103,7 млрд фунтқа жетіп, 1963 жылдан бері алғаш рет мемлекеттің қарызы ІЖӨ-ден асып түсті. Экономиканы құтқаруға ел қазынасынан 160 млрд фунттан аса қаржы бөлінді. Алайда мамандар бұл қаржы дағдарысты еңсеруге көмектесе алатынына сеніңкіремейді. Англия банкінің болжамынша, биыл ІЖӨ көлемі 14 пайызға құлдырайды.Еуроодақ саммиті: 1,8 трлн еуроның тағдыры шешілді
Маусымда жағдай тұрақталған соң, шекараларын жаппай ашқан Еуропа елдерінің көпшілігінде індет қайта өрши бастады. Мәселен, Сербияда соңғы апталарда коронавирус жұқтырғандар саны күрт артты. Елдегі ауруханаларда орын қат. Тұрғындар бұған ел билігін кінәлайды. Мамырда үкімет шектеу шараларын жеңілдетіп, маусымда сайлау өткізген. Ал билік өкілдері карантин талаптарын сақтамаған халықтың өзін кінәлайды. Вирусты одан әрі таратпау мақсатында Белградта 10-13 шілде аралығында коменданттық сағат режимі енгізілді. Сербияның 19 қаласы мен ауданында төтенше жағдай жарияланды. Испанияның Галиция өңірінде қайтадан локдаун енгізілді. Аталған ауданда вирус жұқтырғандар саны күрт артқан. Осыған байланысты, қоғамдық орындарда бетперде тағу міндеттеліп, көпшіліктің жиналуына тыйым салынды. Жергілікті билік індеттің өршуіне қоғамдық тамақтану орындарының ашылуы себеп болды деп пайымдайды. Ал Италия үкіметі коронавирус инфекциясына байланысты енгізілген төтенше жағдай режимін 31 қазанға дейін ұзарту мәселесін қарастыруда. Соңғы дерек бойынша, мемлекетте 245 мыңнан астам адам коронавирусқа шалдыққан. Олардың 197 мыңы емделіп шықса, 35 мыңнан астамы көз жұмды. Кесірлі кесел Италияның денсаулық сақтау жүйесіне де, экономикасына да аз қысым түсірген жоқ. Елдің ендігі үміті – Еуроодақ экономикасын қалпына келтіру қорынан бөлінетін қаржы. Өткен аптада Брюссельде бас қосқан Еуроодақ серкелері пандемия басталғалы алғаш рет кездесіп, Одақ экономикасын қалпына келтірудің 750 млрд еуроға арналған дағдарысқа қарсы жоспарын талқылады. Пандемиядан зардап шеккен кәрі құрлық экономикасын аяқтан тік тұрғызып, 7 жылдың бюджетін бекіту үшін жиналған 27 елдің көшбасшысы келісімге бірден келе алмады. Бастапқыда екі күнге жоспарланған саммит ұзаққа созылып, тараптар тек бесінші күні мәмілеге келді. Пікірталас тудырған сома – 1,8 трлн еуро. Одақтың 2021-2027 жылдарға арналған бюджеттік жоспарын және дағдарысқа тап болған экономикаларды қалпына келтіру бағдарламасын жүзеге асыру үшін осынша қаржы бөлінбек. Шығыс Еуропа елдері қаржыландыруға қатысты шарттарға көпке дейін келіскен жоқ. Вирустан қатты зардап шеккен Оңтүстік Еуропа елдері Солтүстіктегілердің дағдарысқа қарсы қорларға грантты азайтып, олардан реформа өткізуді талап ету керек деген ұстанымына қарсы шықты. Ал Франция мен Германия Еуродақ елдеріне қаржыны пайызсыз субсидия ретінде бөлу қажетін алға тартты. Нидерланд, Австрия, Дания, Швеция бұл бастамаға үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Аталған елдің көшбасшылары тіпті Одақ бөлген қаржының қайда жаратылғанын қатаң бақылауды талап етті. Саммиттің бесінші күні Еуроодақ көшбасшылары бір тоқтамға келді. Әр мемлекетке бөлінетін қаржы көлемі әртүрлі болмақ. Індеттің салдарынан жоғалтқаны көп елдерге көбірек қолдау көрсету туралы шешім қабылданды. Мәселен, Еуроодақ экономикасын қалпына келтіру қорындағы қаражаттың 28 пайызы Италияға беріледі. Бекітілген құжат бойынша, бөлінетін қаржылай көмектің жалпы көлемі 209 млрд еуро болмақ. Брюссельден олжалы болып қайтқан Италия премьері Джузеппе Конте саммитке қатысушылардың қаржыландыру мәселесі жөнінде келісімге келуін Еуропа үшін тарихи оқиға деп бағалады. Кипрдің президенті Никос Анастасиадис те саммит қорытындысына дән риза. Одақтың ортақ қорынан Кипрдің еншісіне 2,7 млрд еуродан астам қаражат тисе, риза болмай қайтсін? Ел үкіметі сол қаржыны ұқсатып, экономиканы құрдымнан құтқара алса игі.