293
Халықтың сенімі бәрінен де маңызды
Халықтың сенімі бәрінен де маңызды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Қарапайым жұрт көкейдегі мұң-зары мен өтініш-шағымының мемлекет құлағына жеткенін қалайды. Президенттің бастамасымен былтыр Президент Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімі құрылғаны есімізде. Содан бергі бір жыл уақыт ішінде бөлім қанша адамның мәселесін шешуге көмектесті, халық үніне құлақ асатын мемлекетті қалыптастырудағы жұмысы қандай нәтиже берді деген сұрақтарға бөлім басшысының орынбасары Данияр Қадыров жауап берді.
– Мемлекет басшысының тұжырымдамасы азаматтар мен мемлекет арасындағы диалогтың, өзара байланыс пен ынтымақтастықтың жаңа негізін құрайды. Азаматтар өтінішіне жедел әрі тиімді жауап беру –тұжырымдаманың бір аспектісі ғана. Халықпен тікелей жұмыс істей жүріп көптеген адам үшін Президент Әкімшілігінің Қабылдау бөлімі мәселесін шешудің соңғы үміті екеніне куә болдым. Олар бізге үлкен сеніммен келеді, сондықтан жауапкершілікті сезіне отырып, мәселені шешудің заңды мүмкіндігін табуға тырысамыз. Бөлім ашылып, жұмыс істеген бір жылдан кейін біз белгілі нәтижеге жеттік деп сеніммен айта аламын, – дейді Данияр Қадыров.
Оның айтуынша, Бөлім азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланыс сапасын арттыру үшін халықтан келген өтініш-шағымдармен жұмыс істеудің бірегей экожүйесін құруды көздейді. Бөлімнің міндеті – мемлекеттік органдар мен халық арасындағы өзара әрекеттестіктің түбегейлі жаңа сапасын қалыптастыру.
«Бөлім азаматтарды қабылдаудың екі форматын қарастырады: Президент Әкімшілігінің фронт-кеңсесіндегі қабылдау және Президент көмекшісінің көшпелі қабылдауы. Қабылдауға жазылған кез келген азаматтың таңдау жасау құқығы бар, яғни ол Нұр-Сұлтанға келіп өтінішін ауызша айта алады немесе өз өңіріндегі әкімдік пен Президент Әкімшілігінің фронт-кеңсесі арасындағы бейнеконференция арқылы қабылдауға қатыса алады. Сонымен қатар өзі тұратын өңірде Президент көмекшісі көшпелі қабылдау өткізгенде қабылдауына кіре алады. Егер адамның денсаулығы, қаржылық, отбасылық жағдайы немесе уақытының жетіспеуі сынды себептерге байланысты Нұр-Сұлтанға келуге мүмкіндігі болмаса да, біз оған әрдайым қолжетімдіміз. Бұл, әсіресе Нұр-Сұлтан қаласына, Президент Әкімшілігінің фронт-кеңсесіне келуге қаржылық мүмкіндігі жоқ әлеуметтің әлсіз азаматтарына қатысты», – дейді ол.
Жалпы, бөлімде азаматтарды қабылдауды Президенттің көмекшісі немесе оның орынбасарлары ғана жүргізеді. Өтінішті қарауға құзыретіне белгілі бір азаматтың өтінішін қарау мәселесі кіретін мемлекеттік орган өкілдері де қатысады. Өтініш берушінің көтерген мәселесі сол жерде шешілетін жағдайлар да кездеседі екен.
Бөлім басшысының орынбасары бірлескен жұмысқа азаматтық қоғам институттары да тартылғанын айтты. Қазақстан Заңгерлер палаталары қауымдастығының өкілдері келіп түскен өтініштерге тәуелсіз сараптама жүргізіп, тиісті қорытынды дайындайды, ол қорытынды прокуратура, құқық қорғау, орталық және жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі. Бұл орайда былтыр қалыптасқан тәжірибенің жоғары тиімділігін атап өтуге болады. Мысалы, жекелеген өтініштер бойынша, азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесудің арқасында прокурордың әрекет ету актілерін енгізуге қол жеткізілді, ал сот органдары алдыңғы сот шешімдерін қайта қарады. Сонымен қатар азаматтарды қабылдау кезінде тартылған заңгерлер мыңға жуық тегін заңгерлік кеңес берген.
Бөлім жұмыс істеген бір жылдың ішінде қабылдауға 1 777 азамат келген. Ал 2019 жылдың 21 қарашасында бөлім бастамасымен тұңғыш рет Бірыңғай қабылдау күні өткізілді. Ол күні орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен барлық деңгейдегі әкімдер азаматтарды жеке қабылдады. Бірыңғай қабылдау күнінде республика бойынша қабылдау органдарына 14 мыңнан астам адам жүгініпті.
Бөлім бүгінгі таңда пандемияға байланысты өтініштерді бейнеконференция арқылы қабылдап жатыр. Ал Президентке өтініш айтушылар саны көп-ақ. Мысалы, маусым айында Президент көмекшісі Тамара Дүйсенова еліміздің 7 өңірінен 55 адамды қабылдады. Бүгінгі қиын кезеңде өтініштердің арасында шұғыл шешуді талап ететіндерін сараптау күшейтілді және ол мәселені жедел түрде шешуге назар аударылады. Себебі бөлімнің негізгі міндеті – осынау қиын кезеңде өтініштерді сапалы және уақытылы қарауды қамтамасыз ету.
Бөлім азаматтарды қабылдап, өтінішін қараудан бөлек, ай сайын мемлекеттік органдардың азаматтарды қалай қабылдайтынына да бақылау жүргізеді. Егер мемлекеттік органдардың арасында азаматтарға арнап қабылдау өткізбейтін немесе азаматтарды қабылдауға тіркемей жатқаны туралы деректі анықтаса, бірден ол мәселені зерттеп, нақты шара қабылданады. Болашақта бұл тәжірибені де облыс әкімдіктері деңгейінде тарату жоспарланып отыр екен.
Данияр Қадыровтың айтуынша, бөлімге түскен өтініштердің 47 пайызы Алматы, Ақмола, Қостанай, Жамбыл және Түркістан облыстарынан келген. Олардың басым бөлігі (68,8%) коммуналдық қызмет, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй және жер мәселелерін көтерді.
– Азаматтардың көтеретін мәселені алдын ала жан-жақты зерттеп алғаны өздеріне пайдалы. Қабылдау сол азаматтардың өзі мұқият дайындалып келген кезде ғана мағыналы болатынын айтқым келеді, – дейді ол.
Бөлім өтініштерді қарау сапасын жақсартуға басымдық беріп отыр. Егер бірнеше азаматтың өтініші бір-бірін қайталайтын болса, онда бөлімнің қолдауымен мекемеаралық үйлестіру жүзеге асырылады, оның ішінде нақты проблемалар бойынша жұмыс топтары құрылады. Мұндай мысалды үлескерлер өтініштеріне қатысты келтіруге болады. Бұл ретте бөлім қызметкерлерінің ұсынысы бойынша мемлекеттік органдардан бастапқы материалдарды қалпына келтіру және талдау тәжірибесі енгізілді. Әдетте, бұл инспекциялық хаттамалар, сарапшылардың пікірлері, отырыстардың хаттамалары, типтік келісімшарттар және т.б.
Осылайша, мемлекеттік органдардың өтініштерді қарау сапасын бағалау бөлімге берілген жауапқа ғана емес, бірақ мемлекеттік органдар жүргізетін жұмыстардың барлық спектріне негізделеді.
– Жоғарыда атап өткенімдей, қажет болған жағдайда өтініш берушінің сұрағы бойынша, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жауаптары бойынша құқықтық сараптама жүргізіледі. Сонымен қатар бөлім қызметкерлері мемлекеттік органдардың дәлелдерін екі рет тексеру үшін өтініш берушілермен міндетті түрде байланысқа шығады. Тұрғындар өтінішіне негізделген мәселелер шешілген соң шағым жиі айтылатын құрылымның жұмысына шағын тергеу жүргіземіз. Себебі біз көтерілген мәселелердің түпкі себебін анықтауға тырысамыз. Сондай жағдайда көбіне-көп адами факторға тап боламыз, яғни біреу қызметіне немқұрайды қарайды, қателік жібереді, лауазымын теріс пайдаланады немесе мүлде әрекет етпеген болып шығады. Сондықтан біз формализм фактілерімен, қызметтік міндетіне немқұрайлы қараушылармен де күресіп жатырмыз, – дейді Данияр Рамазанұлы.
Ең бастысы, бөлім құрылғалы бері өткен бір жылда мол тәжірибе жиналды. Енді өңірлердегі тұрғындар өтінішін қарау жұмысын бастаған облыс әкімдіктеріндегі ұқсас бөлімдер де осындай фактілерді анықтауға және уақытылы жауап беруге жұмылдырылмақ. Бұл ретте бөлімде қызметкерлерінің дағдысы, білімі мен тәжірибесі басқа мемлекеттік органдар арасында таратылатын әдіснамаға негіз етіп алынбақ.