COVID-19: Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын қатаң сынға алды

COVID-19: Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын қатаң сынға алды

COVID-19: Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын қатаң сынға алды
ашық дереккөзі
Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралу ахуалы жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын қатаң сынға алды. Бұл туралы akorda.kz жазды. – Баяндама бетінде жағдай бақылауда болғанымен, іс жүзінде олай емес. Президент Әкімшілігіне еліміздің барлық дәріханаларындағы дәрі-дәрмектерді тексеру жөнінде тапсырма бердім. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматыда дәрі тапшылығы, ұзын-сонар кезек әлі де бар. Аса қат дәрілердің бағасы қымбат екені анықталды. Көлеңкелі бизнестің көлемі артып бара жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Құқық қорғау органдары көтерме және бөлшек саудамен айналысатын дәріханаларда рейдтер мен тексерулер жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша заңсыз дәрі-дәрмек саудасымен айналысқан 270 адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 116-сы медицина қызметкері. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретінін, сондай-ақ, кінәлілер заңға сәйкес жазаланатынын атап өтті. Президент Үкіметтің коронавирус пен өкпе қабынуының статистикасын біріздендіру туралы шешімі пандемияның таралу көлемін нақты көруге мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар статистика мен сараптамалардағы кемшіліктердің, жоспарлаудағы тиімсіздіктің кесірінен өңірлер өздеріне қажетті дәрі-дәрмектің көлемін нақтылай алмай отырғанын жеткізді. Барлық проблема жұмысты дұрыс жоспарламаудан басталатынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев, мұны кәсіби шеберліктің төмендігі деп бағалады. Елімізде шектеу шаралары қабылданғанымен халық әлі де отбасылық мерекелер жасауды жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, мұндай жағдай Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент қаласында байқалады. Президент әкімдер карантин режимін сақтауға бағытталған түсіндіру жұмыстарын әлсіз жүргізгенін сынға алды. – Әкімдер аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмайды. Өзекті проблемаларды шұғыл шешуді, азаматтарға мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруді білмейді,– деп мәлімдеді Президент. Оның ойынша, Үкімет мүшелері де, әкімдер де «тоқмейілсудің, масайраудың қақпанына түскен, – деді Мемлекет басшысы. Мемлекет басшысы дертке шалдығушылар санының артуы, коронавирус рейтингіне ғана емес, Қазақстанның инвестициялық ахуалына, туристік әлеуетіне және елімізге тартылатын жаңа технологияларға да кері әсер ететінін атап өтті. Үкімет барлық сын-қатерлерді жою үшін бұл жағдайды өзінің жұмыс жоспарында ескеруі керек. Қазақстан Президенті пандемия кезіндегі кез-келген қате шешім, бюрократиялық кедергілер, жауапкершіліктен бас тарту жүздеген адамның өмірі мен денсаулығына зиян тигізуі мүмкін екенін баса айтты. Жиын соңында Мемлекет басшысы коронавирус жөніндегі барлық дерек, оның ішінде, статистикалық мәліметтер Үкіметтің айрықша құзыретінде болуы қажет екенін мәлім етті. Өйткені бұл жекелеген адамдардың жалған ақпарат таратып, қоғамды адастырудан сақтайды.