Елордада 11 дәріхана иесі жауапқа тартылды

Елордада 11 дәріхана иесі жауапқа тартылды

Елордада 11 дәріхана иесі жауапқа тартылды
ашық дереккөзі
Елордада дәрі-дәрмектің алыпсатарлығына қатысты 11 дәріхана иесі жауапқа тартылып, оларға 180 мың теңге айыппұл салынды, – деп хабарлады ҚазАқпарат. Қалалық прокуратура, полиция департаменті, мемлекеттік кірістер басқармасы, экономикалық тергеу, фармацевтикалық бақылау қызметкерлерінен тұратын мобильді топ астанада күн сайын дәрі-дәрмекті алып сату фактілеріне қарсы жұмыс жүргізуде. Нақтырақ айтқанда топ мүшелері I-teka қосымшасын қолдана отырып, әлеуметтік желілерді (Instagram, Facebook, телеграмма, WhatsApp және т.б.) талдап, дәрі-дәрмек бағасын қадағалап отырады. 2020 жылдың 17 шілдесіндегі жағдай бойынша дәрі-дәрмекті қымбат сататын, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сатқан 30 дәріхана анықталған. «Материалдарды қарай отырып, 11 заң бұзушыға (дәріхана иелері) ҚР ӘҚБК 426-бабы 1-бөлігі (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) 180 570 теңге айыппұл салынды. Атап айтқанда «Лайм Фарм» жеке кәсіпкерлігі, «Асильбаева Д.А.» жеке кәсіпкерлігі, «Аңсар-Фарм» ЖШС, «Medi Lab Smartpharma» ЖШС, «Баязитова Ж.К.» жеке кәсіпкерлігі, «Абдильбаева А.Т.» жеке кәсіпкерлігі, «Мамаева А.К.» жеке кәсіпкерлігі, «Сулейменова А.Ж.» жеке кәсіпкерлігі, «Базикова мен ЮК» ЖШС, «Фарм-Бизнес Астана» ЖШС, «Бермаханова К.Ш.» жеке кәсіпкерлігі басшылары жазаланды», – деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасынан. Егер аталған дәріхана иелері бұл заңбұзушылықты қайталаса олардың фармацевтика саласындағы лицензиясы алты айға тоқтатылады. Сонымен қатар қазіргі уақытта 19 дәріхана бойынша материалдар жинақталуда. Екі факт бойынша іс соттың қарауында жатыр.