16 Шілде, 14:45 499 0 Қоғам Арайлым Бимендиева

Заманы туды жастардың...

Бүгінгі зайырлы мемлекетімізде қоғамның әр саласында жемісті еңбек етіп, белсенділік танытып жүрген қазақ қыздары аз емес. Сондай жандардың бірі – қызмет жолын журналистикадан бастап, осы саланың қыр-сырын меңгеріп, бүгінде білім мен қажырлы еңбегінің арқасында қызмет биігінен көрініп жүрген Маржан Иманғалиева.

Маржан Әбдірәсілқызы жас­тайынан өнер мен білімге жа­ны құштар болып өсті. Тәлім мен тәр­бие­нің діңгегі болған үлкен шаңырақта ата-әжесі мен әке-шешесінің тәрбиесін қатар алып, олардың еңбекқорлығы мен адалдығын өзіне үлгі тұтып өсті.

Арманы асқақ, мақсаты биік Мар­жан мектепті үздік аяқтап, ма­ман­­дық таңдар тұста  көп ойланбастан жур­­­налистика саласын құп көрді. Жас­тайынан қоғамдық жұмыстарға етене ара­ласып, көптеген байқаулардың жеңім­пазы болды.Мектеп қабырғасында жүріп «Ордабасы ауданының аруы» бай­қауының алғашқы гран-при иегері атан­ғаны үшін және журналистика саласына қос­қан үлесі үшін ол осы ауданның «Құр­метті азаматы» атағына да лайықты деп танылды.  Маржан Әбдірәсілқызы ең­бек жолын студенттік кезде газет редакторы қызметінен бастап, облыс­тық және республикалық телеарналарда диктор, тележүргізуші, корреспондент бо­лып жұмыс істеді. Кейін телевизия са­ласында жинаған тәжірибесін С.Сей­фуллин атындағы Қазақ агротех­ни­ка­лық университетінде телестудия мең­герушісі болып жалғастырды. Қазақ, орыс, ағылшын, француз, түрік  тілдерін меңгерген ол салалық журналистиканы зерттей жүріп, экономика ғылымының магистрі, PhD докторант атанды.

Ол Тұңғыш Президент – Елбасы қо­рында редактор, бөлім мең­герушісі, «Қазақстан Республикасы Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Қоры» ҚҚ жа­нындағы Әлемдік экономика және сая­сат институтында экономика бөлі­мінің сарапшысы, кейін Н.Назарбаев ор­талығының бас сарапшысы қызметін атқарды. Білімі мен тәжірибесі, қызмет­ке деген адалдығы мен қарапайымдылы­ғы оны өз ортасына сыйлы етті. Әр­дайым абырой биігінен көрініп жүрген, жеткен жетістіктеріне қарамастан, қазақи қалпын сақтап қалған білікті ма­ман Қазақстан Парламенті Сенаты Төра­ғасы хатшылығының бас консуль­тан­ты, кейін Сенат  Төрағасының кеңес­шісі қызметіне тағайындалды.

Маржан Әбдірәсілқызының ғы­лым жолындағы ізденісі өз ал­дына бір төбе. Осыған дейін 50-ден ас­там ғылыми мақалалары республи­ка­лық, шетелдік басылымдарда жарық көр­ді. Оның журналистика саласындағы із­денісі «Мұқағали», «Шер», «Жамбыл», «Темір­бек Жүргенов» сынды кітаптарға редакторлық етуімен жалғасты. Қос бұрымы тобығына түскен жас ана кезінде «Бұрымды ару» республикалық телебайқауының жеңімпазы атанып, ұлттық тәрбиеге де өз үлесін қосып, қыз-келіншектерге үлгі болып жүр.

Тарихта ел басқару ісінде қазақ әйелдері көбіне кеңесші, шаңы­ра­­ғының  тілекшісі  позициясында болып, билікті ер адамдарға берген. Ал қазіргі таңда әйелдің ел өміріндегі тұлғалық әлеуетін қалыптастыруға бағытталған мәдени, рухани мүмкіндіктер көп. Біздің қоғамда отбасылық құндылықтарды нығайтуда әйелдердің рөлі аса маңызды. Өйткені отбасы – тіршіліктің тірегі, қоғамның негізі. Үлгілі келін, сүйікті жар бола білген Маржан Әбдірәсілқызы бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған ана. Отбасындағы міндетімен қоса қоғам мен мемлекет өміріндегі маңызды қыз­метті бірге алып жүру – үлкен жауап­кер­шілік. Оның айтуынша, қазақ әйе­лінің мойнында жауапкершілік қашанда көп болған. Қоғам мен отбасы ал­дын­дағы әйел адамның жауапкер­шілігі тө­мендесе, әлеуметтік мәселе көбейеді. Оның астарында адам тағдыры, қала бер­ді ел тағдыры жатыр.

«Елбасымыздың «Әйел – шексіз құ­дірет иесі. Тарих тағылымында ең ай­тулы өзгерістердің барлығы әйелдердің қолымен немесе әйелдер үшін жасала­ды» деген сөзі бар. Шексіз құдірет иесі еткен балалары үшін аналар қашанда үлгі. Бала деген мотивация, ынталан­дыру­шы күш. Қазақтың аруы, анасы де­ген түсініктің өзі маған күш береді», – дейді Маржан Әбдірәсілқызы.

Ұстаздар мен ғалымдар әулетіне келін болып түскен ол бүгінде ана­лар ізін жалғап, сол әулеттің абы­ройын асқақтатып, арқа сүйер азаматы, белгілі ғалым Бауыржан Иманғалиевпен бірге қоғамнан алшақтамай, бала тәр­биесіне де көңіл бөліп, шаңырағының ұйытқысы болып отыр. Білім мен ру­хани байлықты ту еткен Иманғалиевтер жан­ұя­сы Алматы қаласы бойынша «Ме­рейлі отбасы» ұлттық байқауының гран-при иегері және республика бойынша лау­реаты.

Әлемде болып жатқан жағдай қо­ғамға білімді де білікті менед­жер­лердің, ғалымдардың, тәжірибелі ұстаз, дәрігерлердің орны қаншалықты маңызды екенін айқындап берді. Біздің елге де мемлекетшіл, халықтың өз іші­нен шыққан, қолы да ары да таза, адал аза­маттардың қажет екені сөзсіз. Мақа­ла­мызға арқау болған кейіпкеріміз Мар­жан Әбдірәсілқызы секілді жас та жа­лын­ды, іскер мамандардың заманы ту­ды.

Соңғы жаңалықтар