Нұртаза Шалғынбаев
(Нұртаза Үкірдай)
Нұртаза оқыған медресе кейін жәдиттік үлгіге толықтай көшкен (медресе
А.Байтұрсынұлы ұсынған төте жазу әдісін қолданған). Қ.Манжыбаевтың дерегінше, Нұртаза Қапез Оразаевты арнайы Семей, Зайсан қалаларына жіберіп, Алаш арыстарымен байланыс жасап медресеге қажетті оқу құралдарын, сонымен қоса, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетін алдырып оқып тұрған. Әуелі осы тұста, Петерборгте 1909 жылы жарық көрген «Қазақ ақыны Ибыраһим Құнанбайұлының өлеңі» атты Абайдың тұңғыш шығармалар жинағын да арнайы алдырып оқып, бұл өлкедегі Абайдың алғашқы рухани шәкірттерінің біріне айналады. З.Сәніктің дерегінше, Кәкітай мен Тұрағұл баспаға дайындаған «Абай өлеңдер жинағын» Шағантоғай Мәмбеттері (Сейілхан зәңгі бастаған) 1910 жылдың өзінде-ақ жақын таныса бастаған. Осындай мәдени байланыстардан соң, бұл өңірге Алаш идеясы мен Абай шығармашылығы кеңінен тарады. Нұртаза Қытайға өткен ақтар құрамындағы Алаш әскерімен де байланыс жасады. А.Бакич қосыны Бақтыдан Шәуешекке өткенде қосын құрамындағы Алаш жасақтарын өзі тұрған елді мекенге алып қалмақ болады. Бірақ Ақтар құрамында келген Алаш әскерлерінің көбі еліне қайтып, аз бөлігі басқа уәлаяттарға ауып кеткендіктен, бұл іс аяқсыз қалады. Кейін Хилавский бастаған ақтар армиясының он шақты жауынгері Нұртазаны жағалап, Шағантоғайдың Жүнжүрек елді мекенінде там соғып, егін егіп тұрақтап қалады (30 жылдары 150 отбасыға дейін өсті). Ал генерал Бакич бастаған әскери топ Алтайға өтіп, ондағы қазақтарға саяси үгіт-насихат жүргізеді және тәуелсіздік жариялауға желіктіреді (Сейітұлы, Ә. Миньго дәуіріндегі қазақ тарихы. Үрімжі, 2015ж. 52-б).
Алаш идеясына жаны жақын Нұртаза Шалғынбаев өз халқын отырықшы болуға үгіттеп, Жүнжүрек пен Беріктастан үй тұрғызып, жаңа үлгідегі мектеп құрылысын салдырады. Бұл мектеп кейін «Беріктас мектебі» деген атпен ауданға танымал алғашқы оқу орнына айналды. Мектептің алғашқы түлегі Махмут Салықұлының дерегінше, мектеп ауласы бау-бақшалы және іші ерсілі-қарсылы 20 бөлмелі, ерекше жобаланып салынған. Нұртаза Шалғынбаевтың әуелгі мақсаты Беріктас елді мекенін қалаға айналдырмақ болған екен де, сол үшін жұртты жаппай қоныстандыра бастаған (Манжыбаев, Қ. Қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша деректер. Үрімжі,
2009 ж. 362-б).
Осыдан соң Мәмбет елі жаппай отырықшылыққа көшеді. 1935-1937 жылдары арасында аудан Нұртазаның басшылығымен Бүргентекше, Долаты, Үскі, Тарайық, Бұрған, Тасбастау, Қызылбұлақ, Қайыңды, Жанкөрпе қатарлы үлкенді-кішілі елді мекендерден 20 шақты мектеп ашады (Шағантоғай ол кезде Шәуешектен бөлінбеген). 1925 жылы Шәуешектегі «Тұран» мектебінің түлектері Нияз Ысқақи мен Фуат Әбдірешиттер Қазан қаласынан баспа машинасын алдырады да, «Біздің Тауыш» деген атпен дербес газет шығарып, баспа құрады. Газет пен баспа құру ісіне Нұртаза Шалғынбаев та белсенді араласты. Ол газетке «Байтұрсын емлесі» туралы мақала жариялап, халыққа алғашқы болып Ахмет Байтұрсынұлын таныстырды. Кейін Қапез Оразаев екеуі бірігіп А.Байтұрсынұлының «Әліпби», «Тіл құрал», «Оқу құрал» қатарлы кітаптарын қайтадан басып шығарып, Шәуешектегі қазақ мектептеріне қолдануға берді (Сәнік, З. Дала мәдениеті туралы толғаныстар. Үрімжі, «Шыңжаң халық баспасы» /Шыңжаң халық бас баспасы. 331-б).
Өлкелік коалициялық үкіметттің қаржы мекемесінде хатшы қызметін атқарған Қабимолда Манжыбаевтың «Кешірмелерім» атты естелігінде, 30 жылдары Шәуешекте шығып тұрған «Біздің Тауыш» газеті А.Байтұрсынұлының емлесін арнайы таныстырып желілес мақала жолдағанын тілге тиек етеді. Шәуешектен бастау алған «А.Байтұрсынұлы емлесінің» Шығыс Түркістан бетінде қайта жаңғыруы ондағы қазақ, ұйғыр және татар зиялылары арасында үлкен рухани һәм мәдени революция жасады. Осыдан кейін Шығыс Түркістан қазақтары жаңа әліпби мен ұлттық емле-ережеге байланысты пікірталас бастап кетті. Бұл ғылыми пікір-тартыс Шығыс Түркістан қазақ баспасөзінде «көнешілдер мен жаңашылдар дауы» деген атпен жүрілді. Ал Шығыс Түркістан ұйғыр баспасөзінде дүмпу тудырған «Байтұрсынұлы емлесі» (төтеше) ұйғырлардың жазу ережесін белгілеудің басты бағдарына айналды.
“Біздің Тауыш” баспасынан бір көрініс
1936, Шәуешек
1934 жылы өлкеде зор саяси өзгеріс орын алды. Осы саяси өзгерістен соң «Алты үлкен саясат» ұраны жарияланды. Онда әр ұлт халқының мәдени, ағарту ісін дамытатын мүмкіндіктер қарастырылды. Сол негізде кейін өлкелік, аймақтық және аудандық ұйымдар құрылды. 1934-1935 жылдары Ш.Көгедайұлы, Б.Қарекеұлы,
С.Нұртаев, Ә.Құдыш қатарлы ұлт зиялыларының ұйытқы болуымен Үрімжіде тұңғыш рет қазақ-қырғыз құрылтай жиналысы өтті. Жиналыстан соң «Өлкелік қазақ-қырғыз мәдени, ағарту ұйымы» құрылды. Осы Өлкелік ұйымның төрағасы болып Сейітқазы Нұртаев тағайындалды. Өлкелік Қазақ-Қырғыз ұйымы 1935 жылдың шілде, тамыз айларында Құлжа, Шәуешек және Алтай қалаларында кіші құрылтай өткізді. Жиналыстардан соң өлкелік ұйымның аймақтағы бөлімшелері мен ұйым төрағаларын сайлады. Осы жылы Мұқаметқали Көксегенұлы, Ақат Балтабаев, Нұртаза Шалғынбаев, Мырзасадық Құрбанов, Қазыхан Емілбаев, Назарбек Тұрысбеков, Омар Үкірдай, Уәйіс зәңгі, Әсейінғазы, Мырзахмет, Мырзабек сынды зиялылардың бас болуымен «Тарбағатай уәлаяты қазақ-қырғыз мәдени, ағарту ұйымы» Шәуешекте құрылды. Ұйым төрағалығына Мұқаметқали Көксегенұлы тағайындалды, Ақат Балтабеков орынбасары болды. Нұртаза Шалғынбаев 1939 жылы Үрімжідегі өлкелік қазақ-қырғыз ұйымына ауысып кеткенге дейін осы ұйымның жауапты қызметкері міндетін атқарады (Асылұлы, О. Тарбағатай тарланы. Үрімжі, 2012 ж. 66-б). 1939 жылы Нұртаза Шалғынбаев, 1941 жылы Ақат Қондықазақов өлкелік қазақ-қырғыз ұйымына төраға болды. Аймақтық қазақ-қырғыз ұйымы құрылған соң Шағантоғай, Дөрбілжін, Толы аудандарында бөлімшелері ашылды. Ұйым 1935 жылдан бастап Шәуешекте «Төрт үкірдай мектебі», «Шәуешек дөртуіл бастауыш мектебі», «Шәуешек ерлер мектебі», «Шәуешек гимназиясы», «Балтабаев мектебі», «Шәншиев мектебі» қатарлы жаңа оқу орындарын салды. «Шыңжаң оқу-ағарту тарихы» атты кітаптың дерегінше, осы жылдары аймақтық қазақ-қырғыз ұйымы басшылығымен тұтас Тарбағатайда 210 қазақ мектебі салынып, 14 594 оқушы мектепке барған. Ұйымның көркем өнер және баспасөз бөлімі құрылған соң «Тарбағатай» театры (1935), «Шыңжаң-Тарбағатай» газеті (1935), «Шәуешек» газеті (1938), «Тарбағатай хабарлары» газеті (1942) және «Жаңа Шыңжаң» (1935) журналы жарыққа шықты.
Нұртаза Шалғынбаев 1936 жылғы «Жаңа Шыңжаң» журналына «Естігендерім мен көргендерім» атты ұзақ әңгімеден тұратын еңбегін жариялайды. Нығмет Мыңжани бұл еңбекті Шыңжаң қазақ прозасының алғашқы туындысы десе, тарихшы Су Бэйхай Қытай қазақтарының тұңғыш романы деп баға берген. Шығармада Патшалық Ресей мен Цин империясы қазақ даласын қалай отарлағаны, қалай бөліске салғаны туралы қиян-кескі оқиғалар баяндалған, сонымен бірге Жалбағай Үкірдай мен Мамырбек төре дәуіріндегі қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік мәселелері де сөз болған. Бұл кезеңнің мәдени шырқау биікке көтерілуінің бір көрінісі ұлттық театрлардың жарыққа шығуы еді. Шәуешекті рухани өзек еткен уәлаяттағы барлық қазақ аудандарында қалалық, ауылдық театр ұжымдары пайда болды. Әйгілі актер, дарынды композитор Мәлік Шипанұлының дерегінше, аймақтық қазақ-қырғыз ұйымы Н.Шалғынбаевтың басшылығымен Шәуешек театрында «Ер Тарғын», «Шұға», «Қыз Жібек» қойылымдары сахналанған. Нұртаза қазақ мектептерінің оқулық мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Осы түйткілді мәселені түбегейлі шешу мақсатында 1936 жылы Шәуешек қаласында «Қазақ әліппесі» мен «Қазақ әдебиеті оқулығын» құрастырып шықты. Бұл оқу құралдары уәлаят сыртындағы қазақ аймақтарына да кеңінен тарап кетті. Автор оқулық құрастыру кезінде А.Байтұрсынұлы ұсынған емле-ереже принциптеріне барынша адал болды. А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы бастаған Алаш көсемдері ұсынған ұлттық әліпби жобасының арғы беттегі рухани жоқтаушысына айналды. Осы кезеңде Шығыс Түркістандағы қазақ баспасөзі «әліпби дауын» қызу талқылап жатқан болатын. Ұлттық әліпби мен емле-ереже принциптерін анықтау кезінде екіжақты ғылыми пікір-таласты әуелде Мұқаш Жәкеұлы, Мырзасадық Құрбанов бастаған екен. «Емле дауы» деген атпен 1935-1940 жылдар арасында бір-бірінің ғылыми ұсынысын терістейтін, сынайтын мақалалар қазақ газеттерінде көптеп жарияланды. Даудың басты нысанасы «х, һ, в, ф, ч» таңбаларын әліпби құрамына қабылдау керек пе, керек болса жазу ережесі қалай өзгереді, керек емес болса араб, парсы, орыс, қытай сөздерін қалай игеріп жазамыз? «Оқұу» деп жазамыз ба, «оқыу» деп жазамыз ба, әлде «оқу» ма? Осы мәселе төңірегіндегі пікірталастар бұрын аудан, аймақ деңгейінде талқыланса, енді тұтас өлке деңгейінде жоғары мінберден талқылана бастады. Өлке орталығы Үрімжіде шығып тұрған «Шыңжаң газетінің» 1936, 1937, 1938 жылдардағы сандарында (180/186/190 сандар) Мұқаш Жәкеұлы, Мырзасадық Құрбанов, Нұртаза Шалғынбаев, Сәліс Әміреұлы, Әнуар Көкеев, Мұқаметқали Көксегенұлы, Омар Ақышұлы, Ақмет Сәлімжанұлы, Шайқы, т.б ұлт зиялылары екі тарапқа бөлініп пікірталас жүргізді. Пікірталас кезінде «жаңашылдар мен көнешілдер» бірін-бірі әжуалайтын зілді карикатураларды да басқан. 1939 жылы осы даудың белсенді қатысушысы, Алашшыл ұлт зиялысы Нұртаза Шалғынбаев өлкелік қазақ-қырғыз ұйымының төраға орынбасары болып тағайындалады. Нұртаза өлкелік ұйымға келген бетте «емле дауына» нүкте қоюға тырысты. Бірақ 1939 жылдан бастап ұлт зиялылары жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырағаны себепті, аталмыш пікірталас 1940 жылға келгенде кілт тоқтап қалады. Тек Сәліс Әміреұлы мен Әнуар Көкеев бастаған жаңа буын зиялы жастар емле мәселесіне байланысты баспасөз беттерінде ұсыныстар тастады (Шыңжаң газеті, 29 қыркүйек, 1940 ж). Нұртаза Шалғынбаев 1939 жылы Үрімжіге келер жолда өлке губернаторы Шэн Шицайдың саяси һәм әлеуметтік мәселелерге байланысты жүргізіп отырған кереғар саясаты мен қателіктерін әшкерелейтін «Жол естелігі» атты мақаласын «Шыңжаң газетіне» жариялады. Мақалада автор Шәуешек пен Үрімжі арасында көргендерін жазбаға түсіріп, әлеуметтік теңсіздік пен қордаланған саяси түйткілдерді көтерген.
Шығыс Түркістан қазақтарының маңдайына біткен тұлға, рухани жоқтаушысы һәм ағартушы Нұртаза Үкірдай Шалғынбаев 1939 жылы Үрімжіде ашылған өлкелік қазақ-қырғыз құрылтайы жиналысынан соң бірден ұсталды. Бес уәлаяттан келген жүзден астам қазақ зиялыларымен бірге қараңғы зынданға қамалды. Ұзақ уақыт тергеуден соң өз кінәсін мойындамаған қалпы 1942 жылы 46 жасында шахид болды. Санаулы ғұмырын ұлттың рухани-мәдени гүлденуіне жұмсаған, халқына адал қызмет атқарған біртуар ұлт интеллигенциясын кейінгі ұрпақ жадына сақтап жүруі тиіс. Олардың өмірі мен қызметі жаңа буын ұрпақ келешегіне жол сілтейтін басты бағдар.
Елдес ОРДА,
шығыстанушы, /Түркия/