987
Cарысу – Созақ тағдыры ортақ
Cарысу – Созақ тағдыры ортақ
Қазіргі Саудакент ауылы Байқадам аталып тұрған кеңестік дәуірде (өткен ғасырдың 50-60-жылдары) Байқадам орта мектебінің қызыл галстукті шәкірттері ауыл тарихы жайындағы әңгімелерге заманына сай революцияшыл албырт көңілмен құмарта құлақ тігетін еді. Сонау 30-жылдары осы жерде түрлі құрылыс салуды ұйымдастырып жүрген комсомол мүшесі Байқадам Қашқынбаевты Созақ жағынан «Аңқай! Аңқай!» деген ұранмен ат ойнатып келген бандылар Кеңес өкіметінің өкілі болғандықтан өлтіріп кетіпті, қызыл әскерлер олардың көзін жойғаннан кейін ел жиналып, ауылға Байқадам есімін беріпті делінетін. Басқа көп дерек сол кезгі жеткіншектерге беймәлім еді. 60-жылдар ішінде Сарысу аупарткомының бірінші хатшысы Ұзақбай Сыздықбаев берген тапсырмаға сәйкес, аудандық газеттің басшылары, газет редакторы Төкен Мақашев пен редактордың орынбасары, ақын, жазушы Дулат Шалқарбаев Байқадамның тағдырын анықтауды, Сарысу ауданының ел аузындағы тарихын жинастыруды қолға алып, өлшеусіз көп іс тындырды. (Олар жинаған материалдар мен кейінгі өзге де естеліктер, зерттеулер негізінде жазушы Пернебай Дүйсенбин бертінде бірнеше танымды кітап шығарды). Көрші Созақ ауданында да елеулі жұмыстар атқарылды. 90- жылдары «Әділет» тарихи-ағарту ұйымының бөлімшесін құрып, басқарған ақын Дулат Тұрантегі 30-жылдарғы Созақ көтерілісінің деректерін жинастыруға кірісті. Ұзамай Қазақстандағы 30-жылдарда болған барлық қарсылық ошақтары қатарында Созақ жайын да қарастырған тарихшы ғалым Талас Омарбековтің іргелі зерттеуі жарық көрді. Бұл көтеріліс жайын жазушы Өтеш Қырғызбаев та қаламына арқау етті. Басқа да зерттеу жұмыстары шығып жатты. Солармен таныс жұртшылық бүгінде жапсарлас жатқан Сарысу мен Созақ аудандарында болған халық көтерілісінің себеп-салдарларын біршама жақсы біледі.
1928 жылдың күзінде тек Сарысу ауданының өзінде атақты қобызшы-композитор Ықыластың ұлы Түсіпбек, Өксікбай Арғынбайұлы, Қаһу Арғынбайұлы бастаған өңірдегі жұрт ауыздарына қараған бір топ беделді, ауқатты кісі (Қонақұлы Әлі, Кеңгөзұлы Ақберген, Отыншыұлы Сыздық, Жанбекұлы Төленбек, Темешбайұлы Әлі) ірі феодал-бай санатында тәркіленді. Науқанның соңына қарай, «тәркілеуге қарсылық жасауды ұйымдастырмақ болды» деген желеумен «алашордашыларға» қарсы бағытталған саяси репрессияның алғашқы толқыны басталды. 1928 жылғы желтоқсанда екі қарулы жасақ Шу бойына келді де, патшаның тақтан құлауы айрықша жандандырған қазақ ұлт-азаттық қозғалысына қатысып, Қазан төңкерісінен кейін Кеңес өкіметін орнатуға атсалысқан, алғашқы ҚазЦИК-тің (Қазақ АКСР Орталық Атқару комитетінің) мүшесі болған ағайынды Әділовтердің соңына түсті. Революцияға дейін-ақ елге сіңірген еңбегімен, әділдігімен, әсіресе жастарды оқуға тарту істерімен халық сүйіспеншілігіне бөленіп, «Ақ Байсейіт» атанған, Кеңес өкіметінің әділетсіз саясатына наразы қырық бір жастағы Байсейіт Әділов әскери жасақ жатқан үйін қоршап, сырттан мылтықпен атқылағанда қаза тапты. Ал інісі – қызуқанды, революцияшыл албырт жас. Ол Омбыдағы «Бірлік» ұйымының мүшелері қатарында 1917 жылы қазақ съезін өткізуге атсалысқан, жазғытұрым, он жеті жасында Ақмола облыстық Қазақ атқару комитетінің комиссары болып, Ақмола уезінде Сәкен Сейфуллинмен бірге қазақ комитетін, «Жас қазақ» ұйымын құруға қатысқан, күзде Омбыдағы қазақтардың Әлихан Бөкейхановтың қатысуымен Алаш партиясын құрған жиналысында Ақмола облыстық комитетінің мүшесі болып сайланған. 1918 жылы жазғытұрым қызыл партизан жасағымен Қиыр Шығысқа барып, ақтармен шайқасқан, сол жылғы қыста Омбыда большевиктердің Колчак билігіне қарсы көтерілісіне қатысқан. Одан жасырын Түркістан Республикасы аумағына өтіп, Ташкентте мұғалімдер училищесінде сабақ берген, Түркаткомның тапсырмасымен Алматыда Жетісу облыстық оқу бөлімінің меңгеруші қызметін атқарған. Орынборда Қазақ Республикасы Ішкі істер халкоматының алқа мүшесі, халкомның орынбасары, комиссар міндетін атқарушы болған. Қызылордада Ұлт театрының шаңырағын 1925 жылы алғаш көтерген Дінмұхамед Әділов қонған үйін әскери жасақ қоршап, атқылай бастағанда, қарсылықсыз берілді. Сонымен бірге үй иесі, жолдасы Ағабек Байдуллаев тұтқындалды. Олар Қызылордаға жеткізіліп, тергеуге алынғаннан кейін елдегі Әбуәлі, Әбубәкір, Жолдасбай, Асқар Әділовтер, Нұрлан Кәрібаев, Әкпар Ыбыраев, Мұхамедия Арғынбаев, Артықбай Әлин, Мәдібек Кеншімов т.б. ел ішінде белгілі азаматтар, барлығы 16 адам ұсталды. (Асан Жұмаділдин «Жаңарқа. Дерекнама» кітабында оларды «сол кездегі бес болыс Тамада милиция бастығы болған Мұсин Мұқатай ұстап, Арқадан Әулиеатаға дейін тұтқындарды қыс ішінде жайдақ түйеге екі-екіден мінгестіріп алып жүрген» дейді. Олар «Алаш ісіне» тартылған Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Дінмұхамет Әділов, Мағжан Жұмабаевтар қатарында Қызылорда, Алматы түрмелеріне, одан Мәскеуге апарып тергелді. Кеңес өкіметінің іс-шараларына бұрыннан кедергі келтіріп келе жатқан, «1923 жылы Шу бойында милиционерлерді өлтіруге қатысқан», алашордашылардың басқарушы тобы үлкен міндеттер артқан «Әділовтің алыс Сарысу ауданындағы бандасы» деп танылып, 1930 жылғы 4 сәуірде ОГПУ үштігінің шешімімен жазалаудың жоғарғы шарасынан бастап түрлі мерзімге сотталды.
Осылай сарысулықтардың басына түскен қасірет өзіндік түрмен барлық жерде орын алды. Ел ішіндегі ірі байларды кәмпескелеу, одан кейін орташа дәулеттілердің мал-мүлкін сыпырып алу, сонымен қатар жасалған қуғын-сүргін жұртты шошытты. Салық ауыртпалығын сезінбеген шаңырақ қалмады. Шолақ белсенділік үдеді. Осы жәйттер ел тұрмысын қиындатып, кеңестік биліктің солақай реформасына наразылық сезімін күшейтті. БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.Голощекин 1930 жылғы наурызда бас хатшы И.Сталинге жолдаған құпия ақпарат-хатында Сарысу ауданымен іргелес жатқан Созақ ауданындағы (екеуі де Сырдария округінде) наразылықты ірі бұқаралық қарулы көтеріліс ретінде көрсетті. Сол хатында ол коммунистік отрядтармен, яғни жазалаушылармен шайқаста 400-ден аса көтерілісшінің (бандиттің) өлгенін хабарлаған. 200-ге тарта адам тұтқынға алыныпты. Көтерілісшілерден қолға түскен қару-жарақ саны 70-тей мылтық, 50 шақты темір сүңгі, балта, айыр, найза, қылыш, т.б. қарабайыр қару екен. Бұлар 600 көтерілісшінің 120-сында ғана болған. Демек, жазалаушылар іс жүзінде Кеңес өкіметінің бұрмалауларына өкпелі қарусыз, бейбіт халықты аяусыз қырып тастаған. Осы шығыны мол көтерілістің басты ошағы – Сарысу ауданы болды (ауданның №1 ауылында ұйысқан). ОГПУ ақпараттарына қарағанда, «өзін хан деп атайтын бай Сұлтанбек Шолақтың бандасы Сырдария округінің Сарысу ауданында, Әулиеатаның солтүстік-шығысындағы 160 шақырым жерде ұйымдасқан». Көтерілісшілердің 1930 жылғы 5 ақпанда Шолаққорғанға беттегенін, одан Сарысу ауданының Түркістаннан 225 шақырым қашықтағы орталығы Кентарал қыстағын басып алмақ ниетте екенін ГПУ органдары біліп отырыпты. Тарлан шатқалында қолға түскен «Банатаев Қарынбай деген бандит… банданың белсенді әрекет етіп жатқанын растады». «Сарысу аудандық ГПУ өкілі Тыныштықбаевты атыс кезінде бандиттер өлтірген». Осыған байланысты «Кентаралда нашар қаруланған 200 адамнан тұратын өзін-өзі қорғау отряды ұйымдастырылды», Сарысу ауданын қорғауды күшейту, сонымен бірге шешуші Созақ операциясын өткізу шаралары қолға алынған. Одан Созақ операциясын «табысты» аяқтаған жазалаушылар Сарысу, Талас аудандарына екі-екіден коммунистік отряд жіберіп, көтерілісшілерді іздестіреді. Сарысулық «банда» алғашқы қақтығыста-ақ талқандалып, жетекшілері қолға түсірілген екен. «Сарысу ханы Серік» пен Сарысу көтерілісін ұйымдастырған Жантірешманов, Сараев «қашып кететін болғандықтан» деген желеумен атып тасталыпты. Жүздеген адам түрмеге қамалған.
Қырық жылдай архив саласында қызмет атқарып келе жатқан ғалым, «Әділет» тарихи ағарту қоғамы басқармасының байырғы мүшесі Елена Грибанова өзінің әріптестерімен бірге 30-жылдарғы көтерілістерге қатысты көптеген мұрағаттық құжат пен материалдарды ғылыми айналымға қосқан болатын. Солардың ішінде біздің қарастырған тақырыбымызға байланысты маңызды деректер кездеседі. Мәселен, Созақ ауданынан коммунист Әбдіқадыр Омаров бастаған бірқатар қызметкер Қызыл Армия штабының бастығына: «Созақта 1930 жылғы 7 ақпанда таңғы сағат 4-5-терде ауылда бір топ салт атты қазақ пайда болды. Шамамен 300-400 қаралы», – деп хабарлаған. Олар қыстақ тұрғындарын тез жинастырып, бәрінің «қасиетті соғысқа – ғазауатқа» шығатынын жария етіпті. Сол сәттен-ақ партия мүшелерін, еуропалықтарды өлтіруге кіріскен көрінеді. Сол күні аупарткомның жауапты хатшысын, ауатком төрағасын, халық сотын өлтірген. Күн сайын жұртқа құдды «Шымкент, Түркістан алынды» деген сияқты жалған ақпарат таратады екен. Осыларды айта келе, басқа да өлтірілгендер мен жараланғандар жайында дәл мәлімет бере алатындарын жазыпты. «Естуімізше, бандиттер Шу-Қоңыр, Алшын-Тама аймағынан келген. Шайканың басшысын хан сайлап алған және оның ауғандық орынбасары бар. Ханның аты – Сұлтанбек, орынбасары – Асадулла». Көтерілісшілер азаматтардың ханға сөзсіз бағынуын, баршасының мұсылман дінін мойындауын талап етіпті. Парбилеттерді жыртып тастаған, іс-қағаздардың бәрін өртеп жіберген. Ауатком кассасынан шамамен 40 мың сомды сыпырып алған. Бүгін осы бандиттер аттарды жинауға бұйырды, сосын қарулы бандиттер біздің қызыл жасақтардың (коммунарлардың) соңынан, шығысқа қарай кетті. Жаныс ауылында болар деп шамалаймыз» деген. Ары қарай «Жақында олар бір дін адамын, аты-жөні – Мұсәлі Дамулла, Түркістанға жіберді. Милиция бастығы Бейсенбаев жолдастан сұраңыз, ол барлық жағдайды растап бере алады» дейді. Омаровтың көтеріліс жайын хабарлаған осы мәліметін Созақ аудандық аурухананың дәрігері А.Довгалевскийдің хатындағы деректер толықтыра түседі. «Созақ сыртындағы алаңда қарулы-қарусыз 300-400 қаралы атты және жаяу қазақтар дөңгеленіп тұр екен», – деп баяндайды ол әйелі екеуін көтерілісшілер алып келе жатқанда көргендерін. – Әлдене деп айқайлап, ақ туларын бұлғап қояды. 40-45-тердегі ер кісі, тонының сыртынан ақ жамылғы киген хан ортада отыр. Жанында сырып тігілген мақталы қара шапан киіп, қызыл белбеу буынған құлақшынды ер адам – көмекшісі тұр. Олардан былайырақ Әден Көкішев пен бірқатар басқалары отыр. Ханның алдындағы сақал-мұрты қырылған, қызыл тақиялы жас қазаққа ханның көмекшісі бірдеңені айтып жазғызуда. Бізді ханнан он шақты қадам жерге, киізге отырғызды, екі жағымыздан Рүстем, оның ұлы Төлеш, тағы үш-төрт маған беймәлім қазақ орналасты. Бір сағаттан кейін маған басмашылар соққыға жыққан қаржы бөлімінің қызметкері Алау жолдас пен комсомол ұясының хатшысы Тарпықбаевтың жараларын таңып беруге бұйрық берілді. Рүстемнің күзетшілігімен әуелі дәріханаға соғып, йод, мақта, дәке алдым да, жаралыларға бардым. ...Бір сағаттан кейін бізді қайтадан ханға апарды. Жолшыбай біз Созақ шаштаразы Абдулла Әшірбаевты кезіктірдік, ол орысша білетін, бізге тәржімеші болды. Бізді ханның алдына киізге отырғызды. Абдулла Әшірбаев ханға дәрігерлердің бар мүлкі, аурухана мен дәріхана тоналғанын айтты. Хан «дәрігерлерге ешкім тиіспесін, қалаған жерінде тұрсын» деді, бізге азық-түлік берілсін, дәріханада жөндеу жүргізілсін, емхана жұмысын бастасын деп бұйырды».
Тағы бір маңызды құжат. Орта Азия бойынша ОГПУ өкілдері Созақта қаза тапқан 400-дей көтерілісшінің мәйіттерін тексерсе керек. Тексерудің нәтижесі жайында: «Хаттама. 1930 жылғы 17 ақпан, Созақ қыстағы. Біз, төменде қол қойып отырған ОГПУ Сырдария округтік бөлімінің бастығы Журавлев, Орта Азия бойынша ОГПУ Шығыс бөлімінің уәкілі Мартыненко, 1930 жылғы 16 ақпанда Созақ қыстағын алу кезінде болған шайқаста өлтірілген басмашылардың өліктерін қарап шықтық», – деп жазыпты. Қараудың басты мақсаты – көтеріліс басшыларының жойылғанына көз жеткізу болғанға ұқсайды, сол үшін қастарына оларды танитындарды қосып алған. «Сұлтан-Бек Шолах ханның жеке хатшысы болған Лисихан Оңғарбаевтың және ханды бірнеше рет көрген, тұқым себу науқаны бойынша екпінді бригаданың мүшесі, БК(б)П кандидаты Гончаров Никита мен БЛКЖО Өлкеком уәкілі Шуранбаев Аржанның қатысуымен» қаза тапқан көтерілісшілерді қарай келіп, «өлтірілгендердің ішінде көтеріліс жетекшісі, өзін хан деп жариялаған, бұрынғы болыс басқарушысы Шолақов Сұлтанбекті» тауыпты. Оны: «бір қарағанға 50 жаста, қалмақ тұрпатты, бет сүйегі шығыңқы, талпақ мұрын, қасы сына тәрізді қара, алдыңғы екі тісі жоқ, бойы ортадан жоғары, дене бітімі дұрыс» деп суреттеген. Одан басқа «ханның соғыс министрі Мырза Ахмет Баскиевті, ханның кеңесшісі Жаманқара Достманбаевты, азық-түлік министрі Мұстафа Ахмедовті, ханның жеке күзетінің командирі Досжан Атамышевті, ханның ағасы, оның өте жақын кеңесшісі Арнотамбек Оңдабаевты (бұрынғы болыс басқарушысы), ханның немере бауыры Мозанда Тынышбаевты, ханның аса жақын кеңесшісі Хознақ Джемолтдиновты» тауып, солар жайында аталмыш хаттаманы толтырған. Байқалып тұрғандай, солақай реформаға наразылық білдірген, іс жүзінде жеткілікті қару-жарағы да жоқ көтерілісшілерді (яғни советтік терминмен – «бандиттерді») бес қаруы сай қызыл әскерлер көтеріліс басталғаннан тоғыз күн өткенде, 1930 жылғы 16 ақпанда, басшыларымен қоса түгелдей қырып тастаған.
Көтерілістің мән-жайы сол кездегі әскери-саяси қызметкер Л.Идельсонның көзімен қалай түсіндірілгеніне көз жүгіртейік. Ол 1915-1919 жылдары еврейлердің ұлтшыл ұйымы Бундтың мүшесі болған, 1919 жылдан компартия мүшесі, сол жылдан әуелі Украинадағы Қызыл Армияның саяси жұмысында, ал 1925 жылдан Қазақстанда істеп келе жатқан, 30-жылдарғы халық көтерілістері уақытында – ҚазАССР Әскери комиссариаты саяси секретариатының бастығы болған қызметші. Міне, осы қызметкер 1930 жылғы 15 наурызда БК(б)П Қазөлкекомының жауапты хатшысына, яғни Ф.Голощекинге «Сырдария округіндегі бай-ишан көтерілісі» тақырыбымен хабар-мәлімет берген. Онда «Ақпанның басында Сарысудың байлары мен ишандары Совет өкіметіне қарсы көтеріліс ұйымдастырды» деген тұжырыммен бастап, «Сарысуда ұйымдасқан банда 7 ақпанда Созақ ауданының орталығы Созақ қыстағын басып алды, осы кезде Созақ ауданының байлары бандаға қосылып кетті» деген нақты хабар айтқан да, соған байланысты атқарылған істерді баяндаған. «Банданы жою үшін» әскери бөлімдер Ташкенттен (Орта Азия Ленин мектебінің жасағы) және Алматыдан (Жеке қазақ ұлттық атты әскер дивизионы) жұмылдырылған көрінеді. Осыны баяндай келіп, Сарысу ауданын сипаттайды. Оның округке 1928 жылы ғана қосылған, Сарысу және Шу өзендері бассейнінде аса зор аумақты алып жатқан көшпенді мал шаруашылығын кәсіп ететін аудан екенін, онда бай мен ишан ықпалы өте күшті боп тұрғанын хабарлайды. «Ауданның халқы – 40 мыңдай қазақ. Кеңес аппараты мүлдем жақында ғана рәсімделген, сапасы нашар, ауданның партия ұйымы да сондай». Сондықтан шығар, 1928 жылғы күзде жартылай феодал-байлардың мал-мүлкін тәркілеу шарасын «арнайы жасақталған экспедиция жүргізген». Дегенмен тұңғыш рет 1928 жылы өткен Жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясына (РККА) шақыру, яғни жігіттерді әскер қатарына алу кезінде ешқандай эксцесс, ұстамсыздық белгісі көрінбеген екен. Округтік ұйымдардың практикалық жұмысына аудан тек 1929 жылы тартыла бастапты. Оған дейін округ қызметкерлері ол жаққа мүлдем бармаған, көпшілігі баруға қорқыпты да. Баян-хат беруші мұндай жағдайдың бір себебі ауданның округ орталығынан алыстығында «және аудан халқының көктемгі, жазғы кезеңдерде Қазақстанның тереңіне, Ақмола округі шегіне (бұрынғы Атбасар үйезіне дейін) жаппай көшіп-қонып жүретінінде жатқан болатын» деп түйеді. Содан кейін оған көрші, жапсарлас жатқан Созақ ауданына көшеді. Ал «Созақ ауданы – жартылай көшпенді аудан. Сарысудан айырмашылы-ғы – отырықшы қыстақтары мен ауылдары бар», сондықтан да ондағы жұрт кеңестік-партиялық жұмыспен көбірек қамтылған дейді. Сосын екеуінің ортақ сипатын айтады. «Екі ауданда да қылмысты бандитизм үнемі орын алып келеді. Осындай ахуалда... Сырдария партия ұйымының таптық шабуыл жасау жөніндегі практикалық іс-шаралары, әсіресе 1929 жылдың күзінен бері (астық-мақта, жүн дайындау) қыстақ пен ауылдағы тап жауының аласұрған қарсылығын туғызды. Бұл тікелей антисоветтік көтеріліске дайындық түріне енді» дей келіп, соған ұқсайтын басқа оқиғаны еске салады. «Бұрынырақта, астық дайындау мен ауылшаруашылық салықтарын жинау кезінде Бостандық ауданының байлары мен ишандары басмашылардан қолдау тауып, Совет өкіметіне қарсы ашық бас көтерген» (Сырдария округінің Бостандық ауданындағы көтеріліс 1929 жылғы 29 қыркүйекте басталған). Бұған «жекелеген асыра сілтеулер және кедейлер мен батрақтар арасындағы жұмыстың әлсіздігі себеп болғаны мәлім. 1930 жылдың ақпанындағы Созақ оқиғаларын да дәл осылай түсіндіруге болады» дейді. Қозғалысқа дайындық жасаудың екі айдай уақытқа созылғаны енді ғана анықталып отырғанын хабарлайды. Ұжымдастыру (коллективизация) және байларды тап ретінде жою жөніндегі іс-шараларды совет-партия органдары тарапынан іскерлікпен түсіндіру жұмысы тым төменгі дәрежеде болғандықтан, бай мен ишан ықпалы басымдық көрсеткен деп санайды. Олар «Совет өкіметі жеке шаруашылықтарды жойып жатыр, Совет өкіметі Құранды аяққа таптауда» деген байбаламмен, жұртты билікке шешімді түрде қарсылық көрсетуге шақырыпты. Сол орайда кең көлемде үгіт жүргізіпті. Сонымен бірге «Совет өкіметіне қарсы ауқымды көтеріліс» басталғаны, Шымкент, Ташкент, Түркістан қалалары көтерілісшілердің қолына алынғаны жайында жалған мағлұмат таратқан. Шаруашылықтардың 85 пайызы кәмпескеленетіні, ұжымшарларда ортақтандырылған қоғамдық мүліктің бәрі мемлекет меншігіне өтетіні, ораза ұстағандарға ауыр айыппұл салынатыны жайлы және т.с.с. өсек жайған, солар жөнінде құдды арнайы шыққан шешім бар деп дуылдатып, арандатушылық тәсіл қолданылған. Осыларды айта келе, баянхат беруші «Негізінен бандиттік қозғалыс Советтерге қарсы күресу, «хандықты қалпына келтіру», «дін жолындағы қасиетті күреске – ғазауатқа шығу», «кәпірлерге, кәуірлергеқарсы күресу» ұранымен ұйымдастырылды» деп қорытады.
«Бандитизмнің бағдарламасы» ханның алғашқы бұйрығында айқын көрсетілген көрінеді. Бас көтергендердің ақ тулары болған. Әр «бандит» қарына байлап, бас киіміне таңған маталарға Құраннан: «Алла атымен бастаймын. Алладан басқа Құдай жоқ. Мұхамед оның елшісі» деген үзінділерді және «Өзімді дін жолына құрбан етемін» деген сөздерді жазып қойған. Осыларды баяндай келе, Идельсон «антисоветтік көтерілістің бастамашылары – Сарысу мен оған жапсарлас Созақ аудандарының Тама және Алшын руларындағы байлар мен молдалар» деп көрсеткен. (Еске сала кеткен жөн, аудан халқының құрамында Тама көп болғандықтан, саны шағын Жағалбайлыны да Тама дей берген, Арғынның Тарақты, Алтай тармақтарының өкілдері де аз болғандықтан, жеке бөліп аталмаған. Ал Алшын делінетін, құрамына Байұлы мен Әлімұлы тайпалары кіретін жалпы атаумен Арқа мен оңтүстік қазақтары алыс жылдарда араларына батыстан келген Байұлының Шеркеш руын атап кеткен). «Олар ұйымдастырған, алғашқы кезде байлардың өздерінен басқа, олармен туыстық дәнекерлермен тығыз байланысты руластарын біріктірген банда қатарында 400-500 адам болатын», – дейді ол. «Олар өздерінің жетекшісі, ханы мәртебесіне Созақ ауданындағы бұрынғы болыс басқарушысының ұлы Сұлтанбек Шонанов (дұрысы – Шолақов) дегенді сайлап алды». Содан соң «банда» 7 ақпанда Созақ ауданының орталығы, 4 мың шамасында тұрғыны бар Созақ қыстағын алды. Аудан қызметкерлерінің басшы құрамын өлтіріп, дайындау бекеті мен өзге мекемелерді де тонаған «банда Созақты алғаннан кейін өз ықпалын көрші жатқан Түркістан, Шаян және Жаңақорған аудандарына таратуға тырысты. Созақтың қазақ, өзбек тұрғындары түгелге жуық бандаға қосылып кетті, олар жаппай одан кейінгі шайқастарға қатысты». Көтерілісшілер шағын жасақтармен ұсақ қақтығыстарда жеңіске жетіп, ұзын саны 2 мың салт аттыға дейін жеткен. Сонда «жан-жақтан апарылған әскери жасақтарды басқару, операцияға жалпы басшылық жасау Малышев жолдасқа тапсырылды. 16 ақпанда негізгі жасақ Созақ қыстағына жетті, банданың үстінен түсті де, ұзаққа созылған ұрыс нәтижесінде оның көзін жойды. 400 шамасында бандит өлтірілді, шағын топтар тығылып қалды. Олардың көпшілігі артынша-ақ қолға түсті».
Сосын бәрі ұмыттырылған стандартты өмір сүру дәуірі болды. Одан Қайта құру саясаты өрістеген жылдары тарихтағы «ақтаңдақтардың» бірі санатында отызыншы жылдарғы Сарысу – Созақ көтерілісін зерттеуде қолға алынған. Басталғанына биыл тоқсан жыл толып отырған сол халық көтерілісінің тууына Алаш қайраткерлеріне қарсы жүргізілген алғашқы саяси репрессия да түрткі болғаны түсінікті. Репрессияның тұңғыш құрбаны Байсейіт Әділов 1928 жылғы желтоқсанда Сарысу ауданының сол кезгі орталығы Кентарал қыстауына тақау маңға әскерилердің бақылауымен жерленген де, 1930 жылғы көтеріліс салдарынан жойылған Кентаралмен бірге ұмыт қалған болатын. Қаза тапқанына тоқсан жыл болғанда, жерлестері оның сүйегін қаралы-салтанатты жағдайда Саудакентке әкеліп қойды. Елге еңбегі сіңген азаматтар есімі де, озбыр билікке қарсы ел азаттығы үшін жасалған көтеріліс пен оған қатысушылар да ұмытылмауы тиіс.Тәуелсіз еліміздің тиісті органдары кеңестік терминмен 30-жылдарғы «бандиттік қозғалыс» атанған халық көтерілістеріне әділ бағасын беретін уақыт әлдеқашан жеткенін еске алғаны жөн. Азаттық сарбаздары, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған көтерілісшілер мен сан мың жазықсыз құрбан ақталуы керек. Олардың жанын пида еткен жағдайды айқын ажыратып, қанды оқиғаның себеп-салдарын әділдікпен талдау және баршасын ұлт-азаттық қозғалысқа қатысқандар ретінде ардақ-
тау – бүгінгі ұрпақтың парызы.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ