Астанада TikTok желісі арқылы адамдарды алдаған күдіктіні ұстады

/
Астанада TikTok желісі арқылы адамдарды алдаған күдіктіні ұстады
Polisia.kz

«Алматы» аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында интернет-алаяқтық дерегі бойынша күдікті азаматшаны ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу барысында күдіктінің әлеуметтік желі, нақтырақ айтқанда TikTok платформасы арқылы жалған хабарландыру жариялап, әйелдер аяқ киімін сатамын деген желеумен азаматтарды алдағаны анықталды. Ол сатып алушылардың сеніміне кіріп, алдын ала төлем жасату арқылы 15 мың теңге көлеміндегі қаражатты заңсыз иемденген.

Аталған дерек бойынша алаяқтық негізінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азаматша өз кінәсін мойындады. Қазір оның елорда аумағында осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Полиция азаматтарды қырағы болуға шақырады. Полицейлер бейтаныс адамдарға ақша аудармауға, күмәнді ұсыныстар мен әлеуметтік желілердегі жарнамаларға сене бермеуге кеңес береді. Сондай-ақ тауарды көрмей тұрып немесе сатушының сенімділігіне көз жеткізбей алдын ала төлем жасамау, жеке деректерді — банк картасының нөмірін, SMS-кодтарды және құпиясөздерді бөгде адамдарға бермеу қажеттігін ескертеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары