Тіліңде күш болмаса, еліңде сұс болар ма?!

Тіліңде күш болмаса, еліңде сұс болар ма?!

Тіліңде күш болмаса, еліңде сұс болар ма?!
ашық дереккөзі
965
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында «Ана тілі» ап­талығында берген сұхбатында еліміздегі қазақ тіліне қатысты мем­лекеттік ұстаным жөнінде айта келіп, былай деді: «Мемлекеттік тілді да­мыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық... Бірақ бұл мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарды тоқтатып қою керек дегенді білдірмейді. Қайта оны ың-шың­сыз, айғайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажет». Шынында, тіл саясаты өте нәзік мәселе, әсіресе ұзақ уақыт өзге­нің тілі үстемдік еткен, соның себебінен өз тілі еркін қолданыс аясы­нан тарлық көрген біздің елде. Жасыратын несі бар, «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады демекші», өрке­ниет көшінде тұтас бір ғасырдан аса уақыт те­періш көрген қазақ тілінің бойына дендеп ен­ген дертті сол ғасырдың үштен біріне жет­пейтін уақытта тұғырына жөндеп қондыра алмасақ, оның сан себептері бар. Сондықтан мәселеге жан-жақты қарау керек. Өткен ғасырдың соңғы он жылдығында, әлі тәуелсіз елге айнала қоймаған Қа­зақ­станның сол кездегі ең батыл шешімінің бірегейі − 1989 жылғы 11 қыркүйекте қабыл­даған «Тіл туралы» заңы еді. Бұл ғасырлар бойы ұлттық тіліміздің қордаланып қалған күрделі мәселелерін толық көлемде шешуге арналған ең алғашқы талпыныс болатын. Осы заңда тұңғыш рет «Қазақ тілі − мем­лекеттік тіл» деп белгіленді. Ал Қазақ­стан­ның «Тіл туралы заңы» қабылданған соң көп ұзамай, 1989 жылғы 21-22 қазанда өткен тұң­ғыш құрылтайда «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Отыз бір жылдай уақыт бұрын, КСРО-ның қылышынан қан тамып тұрғанда жасалған осы маңызды екі қадам кейінгі дәуір­дегі қазақ тілінің дамуына, Мемлекеттік тіл статусын алып, өз тұғырына нық қонуға септігін тигізгені сөзсіз. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бас­тамасымен 1990 жылғы 22 наурызда рес­публикалық «Ана тілі» апталығы ашы­лып, онда тұрақты түрде қазақ тілінің қор­даланып қалған мәселелері көтерілді. Оған көптеген ғалымдар араласып қазақ тілін дамытудың түрлі жолдары туралы батыл да өткір ойларын айтып отырды. Аз уақыттың ішінде газет дүниежүзі қазақ­тарына кең танылып, таралымы 120 мыңнан асты. Сондай-ақ жер-жерлерде Халықаралық «Қа­зақ тілі» қоғамының бөлімшелері ашы­лып, қоғамның жергілікті бөлімшелерінің мү­ше­лері өздері тұрған жердегі елді мекен­дердің тарихи атауларының қайтарылуына, мектептер мен көшелердің аттарының қазақшалануына көп еңбек сіңірді. «Қазақ тілі» қоғамын басқарушылар мен ірі қалалардағы жетекшілері қазақтың тіл бі­лімі саласындағы ірі ғалымдар болған­дық­тан, олар тарапынан қазақ тілін жан-жақ­ты дамыту жолында нақты қадамдар жасалды. Шынын айту керек, сол тұста тіл, әде­биет, тарих, журналистика секілді  гумани­тарлық салалардан басқаларында орыс тілі үстем еді. Берілетін дәрістер де, пайдала­на­тын кітаптар да орыс тілінде болатын. Міне, осы олқылықтың орнын толтырудың қажеттілігін түсінген түрлі салалардағы қа­зақ ғалымдары өз салаларында қазақ ті­лінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында терминологиялық сөздіктер жасап, кітап­тар шығарды. Бұл да өз кезегінде қазақ тілі­нің барлық салаға дендеп енуіне көп кө­мегін тигізді. Әрине, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық негізде құрылған ұйым болатын. Сондықтан тіл мәселесінде олқылықтар жіберген мемлекеттік және жеке сектордағы мекемелерді қандай да бір әкімшілік жазаға тартатын құзыреті бол­мады. Дегенмен олардың Мемлекеттік тіл­дің қолданылуын бақылайтын орган құру жөніндегі ұсыныс-тілектері аяқсыз қалған жоқ, Қазақстан Президентінің 1993 жылғы 5 сәуірдегі №1166 Жарлығымен  Қазақстан Министрлер Кабинетінің жанында Тiл комитетi құрылды. Содан бері мемлекеттік тіл саясатын жүргізетін бұл мекеме Мә­дениет министрлігінің Тіл комитеті, Тіл­дерді дамыту және қоғамдық-саяси жұ­мыс комитеті, Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің Тіл саясаты комитеті т.б. болып бірнеше рет аты өзгергенмен, заты өзгере қойған жоқ. Өз құзыреті шегінде іске асыру және бақылау-қадағалау қызметтерін, өз құзыретіне жатқызылған қызмет саласында салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын бұл мекеменің қызметі үнемі көпшілік тарапынан сыналып келеді. Неге? Ең алдымен, осы мемлекеттік тіл коми­тетінің ұсынысымен жыл сайын еліміздегі мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарға тіл үйрету үшін көп мөлшерде қаржы бөлінеді. Бірақ басқаны былай қойғанда, билікте жүр­ген көптеген лауазымды тұлғалар (қара­пайым қызметкерден министрлерге дейін) қазақ тілін меңгермей-ақ, қыз­мет­терін атқарып жүре береді. Баяндамаларын «ресми тілде» оқиды, «ресми тілде» сұхбат береді. Сынға пысқырмайды. Кейбіреулері ұялғанынан «тез арада мемлекеттік тілді мең­геріп алатынын» айтып уәде береді, бірақ айтылған сөз айтылған жерде қала береді. Кейбір лауазымды тұлғалар өздері шала білетін мемлекеттік тілде сөйлеймін деп ыңғайсыз жағдайға қалып жатады. Бірақ одан сабақ алып, нәтиже шығарған­дарын көрмейміз... Жасыратын несі бар, бізде қызмет көр­сету  саласынан басқа салада қазақ тілінде қыз­мет алу қиын. Сауда орындары, тамақ­тану орындарынан басқа жерлерде (оның да біразында әлі де ала-құла) қазақ тілінде тапсырыс алу, тапсырысты орындау мүм­кін­дігі жоқ десе де болады. Халықпен тығыз байланыста деп саналатын банктер де қазақ тіліне байланысты жиі дау туындап жататыны белгілі. Кейбір банктер клиент­теріне қазақ тілінде қызмет көрсетуге құлық­ты емес деп жатады. (Бірақ кейінгі кез­де банк секторында мемлекеттік тілді қол­дауда аздап ілгерілеушілік бары бай­қалады). Шынына келгенде, мемлекеттің тіл үйрету мақсатында бөлінген қаржысын пайдаланбай-ақ, өз бетінше қазақша үй­реніп, еркін сөйлеп, жаза білетін аза­мат­тарға қарап, тіл үйрену үшін сонша қаражат бөлудің де қажеті жоқ па деп қаласың. Қарап көріңіз: Оксана Лоскутова, Игорь Сахар, Майя Веронская, Ирина Тен, Оксана Петерс, Максим Рожин секілді телевидение саласында танылған өзге ұлт өкілдері еш­қан­дай мемлекеттік тіл үйрету орталық­тарына бармай-ақ қазақ тілін үйренгендер. Тізімді созу керек болса, Марина Вольнова, Ислам Байрамуков, Александр Зайчиков, Геннадий Шиповских, т.б. деп кете беруге болады. Бұндай азаматтардың саны ондап емес, жүздеп саналады. Марқұм, саясаттанушы Нұрлан Ерімбе­тов өзінің қазақ тілін қалай үйренгені тура­лы былай деп еді: «Институтты тамамдап, елге оралған соң, партияның жас маманы ретінде аймақтарды аралап, баяндамалар жасап жүрдім. Кезекті бір лекциямды аяқ­таған соң, маған бір ақсақал келіп: «Сенің ақылды, білімді екеніңді көріп тұрмыз, Мәскеуде оқып келіпсің, бірақ сен өз тіліңді үйреніп, осыны қазақша айтсаңшы», – деді. Мен сол кезде ұялып кеттім. Үйге оралған соң, бірден сөздіктерді ақтарып, мақал жаттап, тіл үйрендім. Ол үшін маған қыруар қаржының керегі болған жоқ қой. Демек, мемлекеттің қаржысына масыл болмай-ақ тіл үйренуге болады». Яғни, тілді үйренуге қаражат аудару соншалықты қажет болмаса, тіл үйрену үшін де мемл­е­кеттің мойнына түсе беру ыңғайсыз. Тағы бір айтпаса болмайтын жайт, жыл сайын журналистер арасында Мемлекеттік тіл және БАҚ деген байқау ұйымдастырылады. Биыл да Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдас­тырылған сол байқаудың жүлдегерге берілетін жүлденің өзіне 5 миллион теңге ажыратылған. Соншалық көп ақша да емес шығар, бірақ мемлекеттік тілді насихаттады деп, қазақтілді журналистер үшін байқау ұйымдастыруда қандай логика бар? Ол байқаудың қазақ тілін кең қолданысқа енгізуге қандай пайдасы тиіп жатыр? Әлде қаражатты игерудің бір тәсілі ме бұл? Жалпы, қазақ тілінің мәселесін қазақша білмейтін аудиторияда қозғаған абзал-ау. Әрі қозғап қана қоймай, қазақ тілін білуге қажеттілік тудыратын, онсыз күнің қараң болатынын ұғындыратын кез әлдеқашан жетті ғой. Неден, кімнен жасқанамыз?! Бізде үлкен жиындар орыс тілінде өтіп, Мәжілісте болсын, Сенатта болсын спикер­лер бір-екі ауыз қазақша сөйлейді де, соңын орыс тілінде жалғастырып кете баратын бір дәстүр қалыптасқан. Бұл нені білдіреді? Қазақстанның қос палаталы Парламентіне депутат болғандар қазақ тілін білмей ме, әлде білсе де сөйлегісі келмей ме? Парламент Сенатының депутаттары М.Бақтиярұлы, Л.Сүлеймен, Н.Жүсіп, Н.Төреғалиев, Д.Нұржігітова, Д.Нөкетаеваның 2019 жылғы 23 желтоқсандағы мемлекеттік тіл­ді дамыту мәселесіне қатысты депутат­тық сауалына осы жылдың басында Пре­мьер-министр Асқар Маминнің берген жауабында мынадай сөздер бар: «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2019 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде 2011 – 2018 жылдар аралығында мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың үлесі 25% өсіп, бүгін 86%-ды құрап отыр. Аталған кезеңде мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 56%-дан 73%-ға дейін, ал мемлекеттік орган­дарда қазақ тілінде құжат айналымы­ның үлесі 88%-дан 93%-ға дейін өсті». Егер расымен ел азаматтарының 86 пайызы мемлекеттік тілді игерген болса, құжат айналымы 100 пайызға жуық қазақ тілінде жүргізілетін болса, онда неге түрлі салада қазақ тілінде қызмет ала алмай жүргендер көп, неге тіл дауы өрши береді? Неге құжат мәселесінде қазақтілді азаматтарға орыс тілінде қызмет ұсынылып жатады? Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейіп жатыр дегенге сенбейін десең, Үкімет басшысы нақты сандарды келтіріп дәлелдеп отыр, сенейін десең шулап жүрген халық... Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында: «Мемлекеттік тілді оқыту­дың тиімділігін барынша арттыруы­мыз керек. Бұл мәселеде Еуропа елдерінің тәжіри­бесіне назар аудару қажет. Олар тіл үйрету барысында негізінен оқу орын­дарындағы жастарға көбірек мән береді. Сондықтан Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына беру керек. Бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұндай қадам қолданысқа енгізілетін оқу бағдарламаларының тиімділігін талдау және мониторинг жүргізу жүйесін жасауға септігін тигізеді», − деп Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым ми­нистрлігінің қарамағына өткізген дұрыс екенін айтқан болатын. Алайда онсыз да білім саласындағы түрлі проблемаларды шешумен басы қатып жүрген сала басшы­сының мемлекеттік тілді дамыту жолында да тер төгіп, жақсы нәтижеге жетуі мүмкін бола қояр ма екен? Білім және ғылым ми­нистрлігі мектепке дейінгі оқыту-тәрбиелеу мекемелері мен орта мектептер, орта ар­наулы оқу орындары мен жоғары оқу орын­дарында білім берудің тиімді әдістерін жасау, қолданысқа енгізу, түрлі оқулықтар жа­сау секілді қыруар шаруа сала басшысын мемлекеттік тілді дамыту ісіне уақытын қалдыра қояр ма екен?.. Егер шындыққа тіке қарасақ, мемле­кеттік тілдің бесігі саналатын мектептерден бастап тіл мәселесі ақсап тұр десек болады. Мек­тептегі бастауыш сыныптарға арналған тіл, әдебиет үйрететін оқулықтарды жасауға методист мұғалімдер қатыспағасын бала­лардың тілді игеруі қиынға соғып жатыр. Оны мектеп мұғалімдерінен сұрасаң аһы­лап-уһілеп отырып айтып береді. Бірақ айт­қандарының баспасөзге жариялануынан қорқады. Себебі нанынан айырылып қалуы мүмкін. Газеттер мен журналдар біршама тәуір, ал телевидение мен радиода тікелей эфир ке­зінде сөйлейтін жүргізушілер жіберетін сти­листикалық қателерді санап тауыса ал­майсың. Ең жаманы, кейбір қазақ дыбыс­та­рына тілі келмейтін жүргізушілерді сөйлетіп қоятын теле-радио басшылары көп... Бүгінгі тіл мәселесінің қайнаған орта-сы − әлеуметтік желілер. Өйткені онда мил­лиондаған халық отырады. Ал олардың жиі қаузайтын тақырыптары болады. Соның бірі − мемлекеттік тіл мәселесі. Бірі мемлекеттің тіл саясатын сынап отырса, екінші біреулері өзі естімеген қазақ сөз­дерін жоққа шығарып, бір-бірімен қы­зыл­шеке болып, айтысып жатады. Өкініштісі сол, осының бәрі қазақ тілін өз ана тілім деп санайтындардың арасында жиі бо­латын жағдай. Кейбіреулері тіпті мемле­кеттік тіл саясатын радикалдандыруды қолдайды. Жалпы, тіліміз өсіп-өркендесін десек, ең алдымен оған өзіміз жанашыр болуымыз керек. Әлеуметтік желілерде тіл үшін жұртпен жағаласып, өзіміздің ұлтшыл екенімізді бет қаратпай дәлелдеп бағып, одан шыға сала теледидарымызды орыс­тілді арнаға бұрып, ресми тілдегі кино­ларды не бағдарламаларды тамашалап оты­ратын болсақ, ешкім келіп біздің тілі­мізді дамытып бермейді. Сол сияқты «қазақ басылымдарында ештеңе жоқ» деп аузы­мызды қу шөппен сүртіп, өзге тілде газет-журнал парақтап отырсақ, ол да біздің патриоттығымыздың, білімділігі­міздің не мәдениеттілігіміздің көрсеткіші емес. Жоғарыда айтып кеткен «Ана тілі» ап­талығына берген сұхбатында Мемлекет басшысы қазақ тілін дамытудың мынадай төрт жолын айтқан: «Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мем­лекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында  анах­рониз­мге айналуға тиіс. Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Олар­ды Парламентке, өкілетті органдарға сай­лап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жо­ғары лауазымдарға тағайындап, мем­ле­кеттік наградалармен марапаттап отырға­нымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәре­жесіне көтеруге көмектеседі. Үшіншіден, қазақ тілін қолдану бары­сында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық та­нытуымыз керек. Мұндай азаматтар жас­тары­­мыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн. Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының кө­шірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күл­кіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін то­пырағымыздан тамыр алған төл бағдар­ламаларды молайту қажет». Қазақстан Президенті бұл сөздерді тек­тен-текке айтып отырған жоқ. Мемлекеттік тілді дамыту үшін не істеу керек екенін тиіс­ті орындардың қаперіне салып отыр. Сондай-ақ ол үдерістің дұрыс жүруі үшін халықтың қандай әсері болатынын да ишаралап жеткізген. Ұзын сөздің қысқасы, қазақ тілін дамыту үшін ең алдымен қоғамның бірлігі керек. Билік тарапы тілді дамыту мәселесін шешу үшін мемлекет қаражатын босқа шашпайтын жол тауып, тіл саясатын пәрменді іске асыруға бейілді болса, халық та оны қолдап, мемлекеттік тіл  Қазақстан қоғамын біріктіретін мызғымас күшке айналар еді.  

Серіктес жаңалықтары