Белгілі ғалым Рәбиға Сыздық 96 жасында дүние салды

Белгілі ғалым Рәбиға Сыздық 96 жасында дүние салды

Белгілі ғалым Рәбиға Сыздық 96 жасында дүние салды
ашық дереккөзі
ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздық 96 жасында дүниеден озды. Бұл туралы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мәлімдеді. «Бүгін түнде қазақ тіл білімінің абыз анасы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық дүниеден өтті. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Рәбиға Сәтіғалиқызы отбасының қайғысына ортақтасып көңіл айтады», – деп хабарлады институт Facebook желісінде. Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық – филология ғылымдарының докторы, профессор, Түрік Тіл қоғамының корреспондент-мүшесі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері. Ол 1924 жылы 17 тамызда Ақтөбе облысы, Ойыл қалашығында туған. Көрнекті ғалым 1971 жылы «Құрмет Белгісі» орденінің иегері атанды. 1984 жылы Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері құрметті атағы берілді, оның есімі Қазақ ССР-інің «Құрметті Алтын кітабына» жазылды (1981), Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1995), ҚР Мемлекеттік сыйлықтың (1996) лауреаты атанды. 1945 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталды. 2004 жылы «Парасат» орденімен марапатталды. Ал 2019 жылдың 29 тамызында Р. Сыздық ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған еді.