195
14 күндік карантин: Вице-премьер шектеу шараларының мерзіміне қатысты түсініктеме берді
14 күндік карантин: Вице-премьер шектеу шараларының мерзіміне қатысты түсініктеме берді
Мемлекеттік комиссия эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шаралардың бірнеше нұсқасын пысықтаған. Нәтижесінде екі апталық карантин таңдалып отыр. Мұның себебін Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов түсіндірді.
«Біріншіден, халық арасында вирустың таралуын барынша азайту мақсат етіп қойылды. Екіншіден, инкубациялық кезең екі аптаны құрап отыр. Ол маңызды мерзім және оны ескеру керек болды. Осы орайда тиісті ескерту жасадық», - деді Е. Тоғжанов.
Вице-премьер екі апталық карантиннен кейін қатаң шараларды қабылдау туралы тиісті мәселе көтерілсе, онда қажетті күшейтілген шаралар енгізілуі мүмкін екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, бүгін Мемлекеттік комиссия эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шараларды бекітті. Комиссия шешіміне сәйкес, 5 шілдеден бастап елімізде 14 күнге бірқатар шектеу шаралары енгізіледі.
Каратин талаптарын орындамағандар айыппұл арқалайды. Карантиндік режим мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке жеке тұлғалар 30 АЕК-ке (1 АЕК - 2778 теңге / 30 АЕК - 83 340 теңге), ал кәсіпкерлік субъектілері 230 АЕК-тен (638 940 теңге) жоғары сомаға тартылады.