268
Шілденің соңына дейін Қазақстанда инфекциялық төсек-орындар саны 50 пайызға артады
Шілденің соңына дейін Қазақстанда инфекциялық төсек-орындар саны 50 пайызға артады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шілде айының соңына дейін инфекциялық төсек-орындар санын 50 пайызға дейін арттыруды тапсырды.
«Біздің басты міндетіміз – денсаулық сақтау саласын негізгі ресурстармен қамтамасыз ету. Қазіргі төсек орындары айтарлықтай артық жүктемемен жұмысқа жарап жатыр. Сонымен бірге аймақ басшыларының баяндамалары мен пандемияға қарсы күрес жүргізіліп жатқан оқиға орнынан алынатын ақпараттардың арасында үлкен айырмашылық бар. Шынайы жағдай туралы баяндама жасау керек. Ақыр соңында қазіргі жағдаймен бетпе-бет келіп отырмыз. Шынайы ақпарат аламыз десек те әртүрлі ақпарат көзі барын атап өту керек», - деді Президент коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөніндегі кеңесте. Мемлекет басшысы дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдарының жетіспейтінін, тестілеу үшін зертханалардың қуаттылығы аз екенін, компьютерлік томография үшін және өкпені жасанды желдету құрылғылары жетіспей жатқанын да жеткізді. «Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі проблеманы шешу жөніндегі ұсыныстарды білдірді. Біз бүгінгі күні баяндамаларды, дағдарыс жағдайынан шығудың амалдарын тыңдадық. Бұл баяндама мен Денсаулық сақтау министрлігінің шараларын мен қолдаймын. Ендігі іс – бұл жоспардың тиімді жүзеге асырылуында», - деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерге қазіргі проблеманы шешу үшін қаржылық және инфрақұрылымдық ресурстардың бәрін жұмылдыруды жүктеді.
«Пандемияның екінші толқынының келу ықтималдығын ескере отырып, шілде айының соңына дейін инфекциялық төсек орындардың санын 50 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Оған дейін аймақтар жеке және ведомстволық медицинаның бүкіл резервін пайдалануы керек. Үкіметке дәрі-дәрмек препараттарымен қамтамасыз ету мәселесін бес күннің ішінде шешуді тапсырамын», - деді Президент.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметке 2 күннің ішінде осы жылдың наурыз-мамыр айындағыдай қатаң карантин шараларын енгізу бойынша ұсыныс әзірлеуді жүктеген.
Сондай-ақ, коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөніндегі кеңесте Қ.Тоқаев әкімдер мен министрлердің халықтың арыз-шағымына дер кезінде жауап бермейтінін сынға алды.