28 Маусым, 19:47 724 0 Білім Анар ЛЕПЕСОВА

ҰБТ: Шымкентте 171 оқушы сынақ залына кіргізілген жоқ

Сурет интернеттен алынды
Сурет интернеттен алынды

Шымкентте 171 оқушы ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айрылды.  Олар сынақ тәртібін өрескел бұзған.

Қалалық білім басқармасының хабарлауынша, тағы 51 түлектің тест қорытындысы жойылған. Жалпы 222 оқушы тест ережесіне бағынбаған. Олар сынақ барысында рұқсат етілмеген заттарды пайдаланған.

Десе де, сынақты ойдағыдай тапсыра алмай қалған түлектерде әлі де бір мүмкіндік бар. Олар тамыз айында кешенді тестілеуге қатысып, ЖОО-лардың ақылы бөліміне түсе алады.

Қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, биыл Шымкентте 8 885 шәкірт мектеп бітіріп жатыр. Оның 8 мың 570-і ұлттық бірыңғай тестке қатысуға ниет білдірген.

"Биыл ҰБТ-ға өтінішті электронды түрде беруге мүмкіндік туды. Сонымен қатар ҰБТ қорытындысын яғни сертификатты міндетті түрде электронды түрде алу мүмкіндігі бар. Педагогикалық мамандықты таңдаған үміткерлер үшін шектік бал 70 болып белгіленіп отыр. Биылғы талаптарға сәйкес аудиториядағы барлық бейнебақылау алынып, қайта тексеру жүргізілетін болады. Әсіресе жоғары балл жинаған түлектердікі қайта қаралып, егер ол жерде заң бұзушылықтар тағы да анықталатын болса, жинаған балы да ұтып алған гранты да жоққа шығарылатын болады", - дейді  Ж. Тәжиева.

Айта кетейік, бұған дейін мектеп түлектерінің 72 пайызы сынақ тапсырып үлгергенін хабарлағанбыз.

Сондай-ақ, ҰБТ кезінде телефон пайдаланған «Алтын белгі» иегерлері сынақ залынан шығарылғаны туралы жаздық. Сынақтан шеттетілген балалармен психологтар жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар