Қазақ па тек қудаланған, атылған?..

Қазақ па тек қудаланған, атылған?..

Қазақ па тек қудаланған, атылған?..
ашық дереккөзі
...Кейде біліп тұрсаң да жазғың келмейтін тақырыптар, айт­қың келмейтін әңгімелер болады. Себебі ол – жазған адамның жүре­гін жаншып, оқыған адамның жанын ауыртады… Бірақ жазбауға тағы болмайды. Неге? Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ста­линдік репрессия жайындағы шындық саналы адамның төбе құйқасын шымырла­тады. Кеңестік кезеңнің қызыл қырғыны өркениет жолына енді қосылып, ғылым-білім­ге енді бет бұрған халықтардың көзі ашық перзенттерін баудай түсіріп, жұрт ал­дында сөз сөйлей білер көсем­дерін қыр­шынынан қиды. Ең жаманы, осыны халық өте кеш білді. Соның кесірінен, жарты ғасыр­дан аса уақыт өзіне қиянат жасаған мем­лекеттік құрылымның туын көтеріп, әнұра­нын шырқады. Бірақ мәңгілік ештеңе жоқ екен, әлемнің алтыдан бі­рін алып, тең жартысына үкімін жүр­гізген алып ел жиырма бірінші ға­сырға таяқ тастам қалғанда за­мана дауылы қатты шайқап, кере­гесі сөгіліп, уығы қирап, шаңыра­ғы ортасына түсті. Содан бері еркіндік желі со­ғып, тынысымызды кең алып, о жақ бұ жағымызға көз са­лып, ненің ақ, ненің қара екенін ба­ғамдай бастағандай болдық. Алайда өкініштісі сол, ұлтты тану­ға, өткенімізді түсінуге келгенде обьективті түрде қарауға параса­ты­мыз жетпей жатыр... Бір ақиқат бар: тұтасымен ке­ремет немесе тұтасымен сор­лы ұлт болмайды. Бұл мектеп оқу­шысына да белгілі нәрсе. Десек те, тұтас ұлтқа, ең жаманы өз ұл­ты­на жала жапқыш қазақтарды көр­генде жаның түршігеді. Он­дайларға ешкімнің обал-сауабы керек емес, өз сөзін өткізсе, пікі­рін дәлелдесе болды. Өзі қаралап отырған тұтас халықтың ішінде өзін дүниеге әкелген әке-шешесі кетіп жатыр ма, басқа ма, шаруасы жоқ. Ендеше ондай қаны қарай­ған­дардан ұлтқа пайда бар ма?.. Бүгінгі қоғамда сауатсыз­дық­тың сұмдық өркен жай­ғаны сондай, «көп айтса көн­ді, жұрт айтса болдымен» (Абай) өмір сүрудің түк те ұяты болмай барады. Өз көзің көріп, өз миың қорытпаған нәрсені әлдебіреудің күмәнді пікірімен өлшеп, шындық деп танудан асқан қасірет жоқ де­сек, өкініштісі, бүгінгі қазақ қо­ғамында осы тенденция басым. Арандатушылар қай кезде де болған, бірақ тұтас ұлт­тың намысына тиіп, жалалы сөз­бен рухын жаншып жатқанда «апыр-ай, шынымен осылай ма?» деп тіксініп, шындық іздеуге тиіс оқығандардың өзі қоғадай жа­пырылып, қаскөй әңгіменің ығы­на жығылып жатқанда ақ пен қара­ны айыруға сауаты жете бер­мейтін былайғы жұртқа не жо­рық? Бұл аз болғандай, әжеп­тәуір атақ-даңқы бар кейбір кісілердің одағай ойлары шындыққа бала­нып, алдыңнан қайта-қайта кес-кестеп шыға беретінін қайтерсің?.. Жыл сайын мамырдың соңын­да қазақ халқы­ның жан жарасы ауырып, өткенін қинала бір рет еске алатын күні ке­леді. Міне, осы кезде түрлі әңгі­ме­нің қазанын қайнататын әлеуметтік желілерде жамандық­тың жарамазанындай бір сөз ке­зіп жүреді: «37 жылы халық жауы боп атылғандар саны ұлтқа шақ­қан­да тәжіктен – 1, өзбектен – 7, қыр­ғыздан – 40, ал қазақтан 25 000 адам көз жұмыпты...». Кім айт­қан деп сұрастырып көрсек, сөз иесі, анау-мынау емес, белгілі абайтану­шы ғалым Мекемтас Мырзахметов болып шығады. Осы кісі айтқан деп біреулердің жазғаны сайттар­да тұр... «Япыр-ай, деп таңғаласың сон­да. – Басқасы басқа, қарғыс ат­қыр 30-жылдардағы репрессия ма­шинасының өңеші ұлт таң­дамағанын сауаты бар адамның бәрі білетін сияқты еді ғой. Енде­ше белгілі ғалым мына пікірді не­ге сүйеніп айтып жүр?». Мына заманда жер басып жүрген кез келген пенде­ні тауып алып, жөн сұраудың тіпті де қиындығы жоқ. Бірақ жасы тоқсаннан асқан ақсақалдың жағасынан алып, асығыстықпен, бәлкім білмей айтқан сөзі үшін табалағандай болмайық дедік. Дегенмен тұтас қазақты тұқыр­туға Әзірет Әлінің күрзісіндей төніп жүрген шындықтан алыс сөздің жаңсақтығын ашып көр­сет­пей тағы болмас. Өйткені «бас­қалардан көп қырылғанына қара­ғанда, қазақтар бірін-бірі сат­қан болуы керек» деген әңгіме­нің үніне су құймасақ, бүтін ел өзі­нен өзі жеріп бара жатқандай жай бар... Ал шындығы қалай еді? Қа­зақстаннан басқа ел­дер­де репрессия жүрмеді ме, адам­дар жер аударылып, ату жазасына ке­сіл­меді ме? Ол туралы архивтегі құжаттар не дейді? 1920-1930 жылдардағы жап­пай жазалау кезінде ала­қан­дай Қырғызстанда саяси се­беп­термен 30 мың адам репрессияға ұшыраса, 1940-1950  жылдарда тағы 10 мың адам жазықсыз жаза­ланған. Ең жаманы, сталиндік қа­сап­ханаға түскендердің жер­лен­ген жері белгісіз болып келген. 1990 жылдардың басында ел ас­танасы Бішкек қаласынан 30 ша­қырым қашықтағы Чон Таш ауы­лының маңынан атылғандар жерленген орын табылған. Кез­дейсоқ табылған қорымнан 138 адамның мүрдесі шыққан… Қазір ел ол жерді «Ата бейіт» деп атайды. Репрессия тек байлар мен дін­шілдердің тұқымдарын ғана емес, қырғыз елінің беткеұс­тар қаймақтарын да сыпырып тастады. Қараңыз: қырғыздың әлем таныған классигі Шыңғыс Айт­матовтың әкесі Төреқұл Айт­матов (Қырғызстанның партия және мемлекет қайраткері, Қыр­ғыз КП ОК екінші секретары, Кырғыз АССР сауда халық комис­сары), Юсуп Абдырахманов (мем­ле­кет қайраткері, Қырғыз АССР Халық комииссарлар кеңесінің алғашқы төрағасы), Қасым Ты­ныс­танов (ақын, ғалым, мемле­кеттік қайраткер. Қырғыз латын әліпбиінің негізін салушы), Баялы Исакеев (мемлекет қайраткері, Қыр­ғыз Ауыл шаруашылығы халық комиссары), Абдыкерим Сыдыков (Қырғыз АССР Мемле­кет­тік жоспарлау комиссиясы төрағасының орынбасары), Ише­на­лы Арабаев (қоғам қайраткері, ағартушы. «Кыргыз алиппеси» авторы), Зияш Бектенов (қырғыз тілі мен әдебиетіне арналған оқу­лықтардың негізін салушы) т.б. Осының соңғысынан басқасының бәрі атылған... 30-жылдар ойраны Өзбек­станға да оңай тимеген. Сталин қол қойып, бекіткен жа­заланушылар тізіміндегі 496 адам­ның 437-сі ату жазасына кесілген. 59 адам 10 жылға бас бостан­ды­ғынан айырылған. Өзбек елінде жа­салған бұдан басқа тағы осын­дай алты тізім болған. Оның бе­сеуіне Владимир Цесарский, біреуіне Исаак Шапиро қол қой­ған. Шапиро қол қойған тізімдегі 293 адамның 248-і атуға бұйырыл­ған. Өзбекстандық «Шахидлар хотираси» қорының дере­гі бойынша осы елде 1937 жыл­дың 30 қыркүйегінде 10 700 адам қа­малып, жазаға тартылған. Оның 3 613-і ату жазасын алса, 7 087 адам 8, 10 жылға лагерьлерге ай­далып кеткен. Сол жылдың 13-28 қарашасында тағы 1 611 адам сотталса, желтоқсан айында және 3 610 адам түрмеге жіберілген. Бұлардан басқа Өзбекстанда үкімет басқарған, әдебиет, мәдениет қайраткерлері ату жаза­сына ілініп, мезгілсіз мерт болған (олар жайында Өзбекстан ком­мунистік партиясы орталық ко­ми­теті мен халық ағарту комис­сары баспа бөлімінің меңгерушісі болған Рахим Иногамовтың «Өз­бек интеллигенциясы» кітабында кең түрде айтылады). Тәжікстандық зерттеуші жур­налист Курбони Алам­шо өз елінде сталиндік репрес­сия­ның құрбаны болған қандас­тары­ның санын 25 000 адамнан асады деп көрсетеді. Олардың бәрі де 1937-1938 жылдарда құрбан бол­ған. Тек қана тәжік елі емес, КСРО бойынша отызыншы жылдарда шейіт кеткендер мен сотталғандар туралы деректер іздеп, архивтерді шарлаған Курбони қызыл террор қыршыннан қиған тәжіктер саны өзі көрсеткен мөлшерден артық болуы әбден мүмкін деп санайды. Себебі архивтерде әлі күнге «құ­пия» грифімен сақталған құжат­тарды ашу мүмкін емес екен. Өзі көр­ген деректер негізінде «По­мир,1937» деген кітап жазған тәжік зерттеушісі сол тұстағы өз елінде болған саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени жағдайды кейінгі ұрпақ білгені жөн деп санайды. Бүгінде зерттеушілер 1930-1941 жылдар аралығында бұрынғы Кеңестер Одағында 3 млн 778 мың адам контрре­во­люция­­­лық ұйымдарда болды деп айып­талып, соның 786 098 (жал­пы айыпталғандардың 20 пайызы) атылған, 2 млн 369 адам түр­меге қамалған, 765 мың адам жер аударылған деректер келтіріп отыр. Ал кейінірек өзге де дерек­терді алға тартып, репрессияға ұшырағандардың ұзын саны 20 млн адамға жетіп жығылады дейді. Қалай десе де, айдың-күн­нің ама­нында өз халқын осынша қыр­ғынға ұшыратқан ел қай та­рих­та да болмаған шығар-ау. Бірақ ендігілер одан сабақ алса қане! ...Жалғанда о дүниелік бол­ғандарды санап, өзіңнің жоғалт­қаныңның көлемін жұрттыкімен салыстырудан асқан азап жоқ. Бірақ жоғалтқанын жұрттан кө­бірек көрсетіп, соны ұлтының бетіне салық қылғысы келетін ойсыздарға қандай қырғынның болса да дерегін нақтап көрсетіп, шындықпен көзіне шұқымаса болмайды екен. Амалсыздың күнінен біз де сөйттік. Отызыншы жылдарда қырылған жалғыз қа­зақ емес екен. Басқалар да қы­ры­лыпты. Бірақ сол үшін олардың ешбірі халқын сатқынға бала­майды екен. Бәрі оны сталиндік репрессияның кесапаты дейді. Біз де солай дейік. Сонда тек қазақ­тың ғана қудаланып, атылмаға­нына шүбә келтірмейді ешкім. P.S. Жалғанда ұлттың өзінен-өзі жеріп, жиіркенуінен өткен қасірет жоқ. Бірақ ұзақ жылдар бойы бізге сырттан таңылған теріс пиғылды түсініктер мен сайқал саясаттың арандатқыш әңгімелері бізді соған жеткізді. Дегенмен қай нәрсенің болса да ақиқатын ашып, шындығына жетуге мүмкіндік мол мына заманда әрекетсіз отырып, шешендігі қара басының қамынан аспайтын әлдебіреулердің көсеген отына жылына беретін болсақ, адамдық қасиетімізден айырылып, елдігімізді қатерге тігеміз. Оның ар жағы құлдықтың мәңгілік қара құрдымы. Қазақтың қазақтығы өзіне таңылған өзгенің шындықсымағына аузын ашып, көзін жұмумен емес, ұлт тұтастығы үшін өткеннің өзекті өртер өкініштерін көктеп өтіп, түпкі жеңіс үшін ауызбірлікті сақтауымен өлшенеді. Осыны ғана ұмытпасақ жетеді.