191
Путин президенттік сайлауға тағы түсуі мүмкін екенін айтты
Путин президенттік сайлауға тағы түсуі мүмкін екенін айтты
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин ел Конституциясына тиісті өзгертулер енгізілген жағдайда президентікке жаңа мерзімге өз кандидатурасын ұсынатынын жоққа шығармады.
Ол бұл туралы «Россия-1» телеарнасында көрсетілген «Ресей. Кремль. Путин» фильміне қатысты берген сұхбатында айтты, – деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
«Өзім үшін әлі шешім қабылдамадым. Егер Конституцияда мүмкіндік жасалса, сайлауға түсуім туралы ықтималдылықты жоққа шығармаймын. Оны уақыт көрсетеді», – деді ол.
Бұл ретте, В.Путин шенеуніктерге оның ізін басатын адамды қазірден іздеп кетпей, өз жұмыстарымен айналысуды ескертті.
«Ізбасарды іздеумен емес, жұмыспен айналысу қажет», – деді РФ басшысы.
Ресей Президенті Конституцияға өзгеріс енгізу ұсынысы өте орынды екеніне сенімді.
«Қолданыстағы Конституцияға түзетулер қабылдап жатқанымыз өте дұрыс екеніне кәміл сенемін», – деген ол, соңғы айлардағы оқиғалар соған дәлел бола алатынын айтып өтті.
«Қазіргі Конституция ерекше кезеңде – танкілер парламентке оқ жаудырып, Мәскеуде қақтығыстар болып жатқан, өткір ішкісаяси дағдарыс жағдайында қабылданды», – деп еске салды ол.