Коронавирусқа шалдыққан әлемдегі танымал саясаткерлер кімдер?

Коронавирусқа шалдыққан әлемдегі танымал саясаткерлер кімдер?

Коронавирусқа шалдыққан әлемдегі танымал саясаткерлер кімдер?
ашық дереккөзі

Әлемді жайлаған кесірлі вирус ешкімді аямайтынын көрсетті. Індет адамның жасына, жынысына, бай-кедейлігіне, тіпті лауазымына да қарамайды. Коронавирус жұқтырғандар арасында саясаткерлердің, мемлекет басшыларының көбеюі сөзімізге дәлел. Қатерлі вирусты жұқтырған ең алғашқы мемлекет басшысы – Монако князі ІІ Альбер. Оның індетке шалдыққаны 17 наурызда белгілі болды. Індет анықталған бойда князь оқшауланып, онымен байланыста болғандардың бәрінен сынама алынды. Көп ұзамай Монако князімен 10 наурызда кездескен Ұлыбритания ханзадасы Чарльздан да  коронавирус анықталды. Ханзада 30 наурызға дейін Балморд сарайында оқшауланды. Кейіннен Букингем сарайының бірнеше қызметкері індетке шалдыққаны хабарланды. 29 наурызда коронавирустан испан ханшайымы Мария Тереза көз жұмды. Ол – Еуропадағы корольдік отбасылардың мүшелері арасында індеттен көз жұмған алғашқы адам. 86 жастағы ханшайым Парижда көз жұмды. Жерлеу рәсімі Мадридте өтті. Ханзада Чарльздан бөлек, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон да қатерлі індетпен ауырды. Үкімет басшысының коронавирус жұқтырғаны 27 наурызда белгілі болған. Дерті асқынған Джонсон 5 сәуірде ауруханаға жеткізіліп, интенсивті терапия бөліміне түсті. 12 сәуірде емделіп шықты. Жуырда жергілікті БАҚ-қа сұхбат берген премьер-министр коронавируспен ауырғалы көру қабілетінің нашарлағанын айтты. Коронавирус жұқтырған тағы бір мемлекет басшысы – Бразилия президенті Жаир  Болсонару. Ол АҚШ-қа өзімен бірге іссапарға барып келген көмекшісінен індет анықталғаннан кейін тест тапсырған. Тест оң нәтиже көрсетті. Болсонару АҚШ-та Дональд Трамппен кездескен болатын. Алайда Ақ үй басшысының сынамасынан індет анықталған жоқ. Францияда коронавирустен бұрынғы өндіріс министрі Патрик Деведжян көз жұмды. Өзінің індет жұқтырғанын ол 27 наурызда Twitter парақшасында хабарлаған болатын. Бастапқыда дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалаған, алайда 29 наурызда экс-министрдің қайтыс болғаны хабарланды. Оның жасы 75-те еді. Францияның мәдениет министрі Франк Ристер де коронавирусқа шалдықты. Ол «министрлерге арналған ереже барлық фрацуздарға арналған қағидамен бірдей» екенін мәлімдеп, екі апта оқшауланды. Пандемияның ең көп зардап шеккен мемлекеттердің бірі – Иранда да індет жұқтырған саясаткерлердің қатары аз емес. Атап айтқанда, елдің әйелдер істері және отбасы істері жөніндегі вице-президенті Масума Ебтекардан, денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ирадж Харирчиден және депутаттар Махмуд Садеки мен Мужтаб Зиннуриден қатерлі вирус анықталды. Польшада Поляк халықтық партиясының вице-президенті, Еуропарламент мүшесі Адам Ярубас және қоршаған орта министрі Михал Вось індет жұқтырды. Солтүстіктегі көршіміз – Ресейде де бірқатар саясаткер коронавируспен күресті. Елдің премьер-министрі Михаил Мишустин, мәдениет министрі Ольга Любимова індет жұқтырып, аурудан айыққанша қашықтан жұмыс істеді. Қатерлі вирус қазақстандық саясаткерлерді де айналып өтпеді. Сәуірде бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыровтың індет жұқтырғаны белгілі болса, жуырда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан індет анықталды. Министрмен байланыста болған әріптестерінің бәрі оқшауланып, тест тапсырды. 9 және 11 маусымда «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасын талқылау үшін Е.Біртановты қабылдаған Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің індет жұқтырғаны кеше белгілі болды. Оның 16 маусымда тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткен. Мәжіліс төрағасы оқшаулану режиміне көшіп, қашықтан жұмыс істеуін жалғастырып жатыр. Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Елбасының да коронавирусқа шалдыққан мәлімдеді. А.Үкібайдың айтуынша, алаңдауға негіз жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев қашықтан жұмыс істеуге көшті.