Медбикені зорлаған шымкенттік дәрігер 2,6 жылға сотталды

Медбикені зорлаған шымкенттік дәрігер 2,6 жылға сотталды

Медбикені зорлаған шымкенттік дәрігер 2,6 жылға сотталды
ашық дереккөзі
Шымкентте медбикені зорлады деп айыпталған дәрігер 2 жыл 6 ай мерзімге сотталды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Бұған дейін дәрігерге осы айып бойынша ақтау туралы әл-Фараби аудандық сотының 2019 жылғы 21 қазандағы үкімінің күші жойылған. Апелляциялық сот алқасы сот тергеуін қайта жаңғыртып, іс материалдарын объективті түрде жан-жақты әрі толыққанды зерделеген. Жәбірленушінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезіндегі және сот отырыстарындағы біркелкі берген жауаптарын шынайы деп бағалап, Н. тарапынан зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері орын алған деп тапқан. «Жаңа айыптау үкімімен Н-ға ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 1-бөлігімен 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, ал ҚК 121-бабының 1-бөлігімен 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК 58-бабының 2-бөлігін басшылыққа алып, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы Н-ға түпкілікті 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Н-ға қатысты қолданылған «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылып, ол сот залынан дереу қамауға алынды. Сонымен қатар, моральдық зиянды өтеу туралы жәбірленушінің қойып отырған азаматтық талап арызы сот алқасымен ішінара қанағаттандырылып, жәбірленушінің пайдасына сотталған Н-дан 1 млн теңге өндірілді» делінген хабарламада. Еске салайық, өткен жылы Түркістан облыстық клиникалық аурухананың медбикесі жұмыс уақытында өзін дәрігерлердің бірі зорлады деп айыптаған болатын. Аталған істі қараған Шымкент қалалық әл-Фараби аудандық соты дәрігерге ақтау үкімін шығарған еді.