432
Солақай саясаттың ақиқатын әйгілеген еңбек
Солақай саясаттың ақиқатын әйгілеген еңбек
Мұстафа Шоқай шығармаларының негізгі тақырыбы сын садағына алынғаны Кеңес шындығы болатын. «Кеңестер қол астындағы Түркістан. (Пролетариат диктатурасына мінездеме)» атты еңбек Түркістан аймағындағы кеңестік биліктің 20-30-жылдарғы саяси-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық жағдайын барынша ашып берді. Еңбектің бірінші бөлімі 1928 жылы Les Sovievts en Asie Cenirale («Орта Азия Кеңестер қоластында») деген атпен жарық көрді. Оған алғысөзді 1920 жылы Тифлисте Мұстафа Шоқаймен кездесіп, ықыласты сұхбат құрған, француз ғалымы Пьер Ренодель жазды. Оның пікірінше, Мұстафа Шоқай сол кездің өзінде-ақ өз елінің аса зиялы тобына жататын адам ретінде Орта Азияда болып жатқан оқиғаларды жақсы біліп, мәселені терең түсіністікпен толқи отырып баяндаған.
Кітаптың «автордан» деген бөлігінде жеті жылдан кейін, орыс тілінде қайта жарық көргені айтылған. Советтік құрылыстың 18 жылдық мерейтойы мен салтанатына орай шыққан бұл кітапта Түркістан аумағындағы лениндік ұлт саясаттың шынайы шындығын көрсетуге, соңғы кездерде большевиктердің «Түркістандық Қазан» деп шындықты әсіре боямалап жазғандарына негіз болған құжаттық материалдар ұсынылады. Олар большевик Георгий Сафаровтың өзінің жеке көріп-оқығандар негізінде 1921 жылы жазылған «Отарлаушылық революция. Түркістан сабақтары», сол кезде РСФСР халық комиссариатының орынбасары жоғары лауазымындағы Тұрар Рысқұловтың «Революция және Түркістанның жергілікті халықтары», С.Брайнин мен Ш.Шафироның 1934 жылы шыққан «Советтердің Жетісудағы алғашқы кадамдары» және 1935 жылы шыққан «Алашорда тарихының очерктері». Бірақ шықпай жатып контрреволюциялық зиянды деп айдар тағылған кітаптар болатын.
Қазірге дейін бұл еңбек әлемнің бірнеше тілдеріне аударылды. Алайда азаттығын аңсаған Мұстафа Шоқайдың Отанына тәуелсіздік жылдары ғана оралуына байланысты бұл қазақ тіліне де аударылып, 1998 және 2007 жылдарғы шығармаларының екі және үш томдықтарына кірді. Алайда бұл басылымдарда 1928 жылғы француз тіліндегі еңбекпен шектелді, екінші бөлімі қазақ тіліне аударылмай, оларға енбей де қалды.
Мұстафа Шоқайдың бұл еңбекті жазуына негізгі түрткі болған басты себеп Қазан революциясының X жылдығына орай Мәскеуге арнайы келген француз жұмысшылары делегациясының бір тобының Түркістанға сапары еді. Олар өздерінің көзбен көріп куә болғандарымен де, тіпті көрмегендерімен де Ташкентте шығатын «Правда Востока» газетінің қызметкерлерімен ерекше ықыласпен бөлісіп, осы көргендерін елге қайтар алдарында да айрықша жарияланымдармен мәлім еткен. Өздері қалаған жердің бәрінде болып, өздеріне емін-еркін жүріп-тұрудың барлық мүмкіндіктері жасалғанын, Түркістандағы ұлт саясатындағы шындықты көргендеріне ризалық танытып, тіпті бұған куәлік беруге дайын екендіктерін жазған.
Мұстафа Шоқай жергілікті елдің тілінен ешбір хабары жоқ француз делегаттарының өздеріне көрсетілген емін-еркіндікті қалай пайдалана қойды деп сұрақ қоя да, өздерінің ешқандай ұғымында жоқ елдің өкілдерімен тек аудармашы арқылы ғана сөйлескенін, ал мәскеулік аудармашылар үкіметке тиімсіз шындықтың бәрін жасырып қалып отырғанын атап көрсетеді. Француз бен жергілікті ұлттардың арасында аудармашылықты жүзеге асыратын бірде-бір өзбекті, түрікменді, тәжікті, қазақ немесе қырғызды бүкіл Түркістаннан таба алмайтындықтарын, сол себепті француз делегаттары жергілікті өкілдермен ешқандай тікелей байланысқа бара алмағанын, әр қадам жасаған сайын олардың ортасында мәскеулік тыңшы жүретінін жазады.
Француз делегаттарының Ташкентте, Қоқанда, Самарқанда, Бұқарада және Ашхабадта алған әсерлерінің негізгі түйіндері қысқаша айтқанда мынадай: бірінші, советтік жас Өзбекстанда жергілікті халықтың өздерін-өздері басқаратындықтарын анық көруге мүмкіндік болған. Екіншіден, жинаған анықтамалардан мемлекеттік мекемелердің басым көпшілігіндегі басшылар құрамының негізгі бөлігі жергілікті халықтардың өкілдері екенін білген. Үшіншіден, Совет мемлекетінде, барлық ұлттардың тең құқылы екені шынымен-ақ жүзеге асырылып жатқанын көрген. Олар тіпті советтер еліндегілер капитал билеген өз елдеріндегілермен салыстырғанда бақытты екенін көзбен көргенін мәлімдеген. Мұстафа Шоқай дәл осындай пікірлерді Францияда отырып-ақ айтуға да, жазуға да болатын, қажетті анықтамаларды Еуропадағы советтік өкілдіктің кез келгені жеткізіп беретін еді ғой дейді.
Мұстафа Шоқай кітапта француз делегаттарының түйінді деген мәселелеріне Түркістан өмірінен нақты мысалдар келтіреді. Жергілікті халықтың билікке қатысуына байланысты 1917 жылдын 19 карашасында өткен Советтердің түркістандық 3-съезі өзінің қарарында батыл әрі қатаң түрде: «Тап қазіргі кезеңде өлкелік революциялық жоғарғы басшылыққа мұсылмандарды қосуға ешқандай болмайды» дегенін мысал етеді. Онан әрі Сталиннің Түркістандағы басшылықты «ұлттық шаруалар советіне» жатқызғанына сәйкес 1919 жылдың 5 маусымында Ташкентте өткен Түркістан коммунистер партиясының өлкелік 3-съезінің отырысында «мұсылман-кедейдің» ағынан жарыла айтқан мына сөзін дәлелге келтіреді: «Біздер, мұсылман сорлылар, Николайдың кезінде де мал соңында зар еңіредік, қазіргі пролетарлық үкіметте де тап сол қалпымыз, Тіпті одан да жаманбыз...». Сонан соң жоғарыда аталған Тұрар Рысқұловтың «Революция және Түркістанның жергілікті халқы» деп аталатын кітабының (өзбектің Мемлекеттік баспасынан 1925 жылы, Ташкент) 101-бетінен келесі мысал келтірілген: «Басшылықтың өкілдері өздерінің орыстарын ғана қорғаштады, олардың тамақтары тоқ, киімдері бүтін, басқалардың торқасымен, қымбат жиһаздарымен үйлерін жабдықтады. Ал біздерге, мұсылмандарға, не жақсылық істей қойды? Тамақ берді ме? Жоқ! Киіндірді ме? Жоқ. ...Егер тамақ берсе, 1 000-дап, 10 000-дап аштан қырылар ма еді?». Сондай-ақ Совет өкіметі Түркістанда аштықты ұйымдастырып, кедейлердің миллиондап қырылуына көпе-көрнеу себепші болған кінәлілерді жазалаудың орнына «олардың көпшілігін партиялық тәртіпке шақырып», Ресейдің ішкі губернияларына ауыстырғаны сияқты нақты мысалдар да келтірілген.
Мұстафа Шоқай Түркістандағы советтік билеушіліктің негізгі түп-тамыры, міне, осындай деген қорытынды жасайды да, мұның барлығын большевик басшылары білмеді емес, өте жақсы білді дейді. Бұған РКП ЦК-сының 1920 жылғы 29 маусымдағы қарарында жазылған: «Еуропадан келген қоныстанушылар мен жергілікті халықтардың (түркістандықтар) арақатынастары отаршылдық дағдыға әбден уланған (Түркістандағы Совет өкіметінің лениндік партиясы ЦК-ның өзі берген осы бағаны әрқашан есіңізде ұстаңыз) орыс жұмысшыларының қолындағы Совет өкіметінің екі жарым жыл ішінде оң өзгеріске жол бастағаны былай тұрсын, оларды өзгеше сыпатты «коммунистік» іс-әрекеттердің салдарынан одан ары асқындыра түсті», – дегенді мысал етеді.
Кеңес өкіметінің шет аймақтардағы алғашқы ұрандарының бірі мемлекеттік басқару аппараттарын міндетті түрде «ұлттандыру», жалпы алғанда, қоғамдық өмірдің барлық салаларын «ұлттандыру» болғаны белгілі. Мұның мәні басқару органдарына жергілікті халықтың өкілдерін молырақ тарту еді. Сонау 1919 жылы (12 шілде) ЦК РКП Түркістан республикасының Халық комиссарлар советіне «халықтың сан мөлшеріне тепе-теңдік дәрежеде түркістандық далалықтарды мемлекеттік қызметке тартуды» міндеттеді. Бірақ одан ештеңе шыға қоймайды. Содан большевиктер енді басқару аппаратын «ұлттандыру» дегеннің мазмұнына келесі өзгерістерді енгізіп, мемлекеттік аппараттың жергілікті тұрғындарға қарай бетін бұрып, олардың тілін жаттықтыру мақсатында қысқамерзімді курстар ұйымдастырып, содан өткен орыстармен мемлекеттік аппараттың қызметкерлері толықтырылады.
«Маркстік көзқараспен қарағанда, экономикалық жағынан әлсіз элементтер» деп аштан қырылып жатқан түркістандықтарға жәрдем беруден бас тартқан Түркістандағы «Қазан төңкерісінің көрнекті басшысы Иван Тоболин, Түркістандағы барлық тап өкілдерін өз еліндегі үкімет басшылығын ұйымдастыруға қатыстырмай қойған Тоболин советтік орталыққа: «Мемлекеттік автономия құру жолымен Түркістанда ұлттық өзін-өзі билеушілік толық жүзеге асты...» десе, Мәскеуден келген Шалуа Элиава, Георгий Сафаров және басқа большевиктер Түркістанда жергілікті тұрғындарды отарлаушылық жолымен қанаудың ең асқынған түрі қолданылғанын анықтаған. Ал жергілікті тұрғындар мемлекеттік іске қалай тартылып жатқанына Г.Сафаровтың «Отарлаушы Революция. Түркістан тәжірибесі» деген кітабынан мынандай мысал келтіріледі: «Отаршылдарға далалық кедейлерден шыққан, өздерімен тең түсетін нағыз басшылардың қажеті болмаған. Оларға аудармашылар мен орындаушы полицейлер қажет».
Мұстафа Шоқай еңбегінде Совет өкіметінің Түркістанда жергілікті халық үшін маңызды болған екі реформаға тоқталған. Оның бірі, жүргізілгеніне үш жыл өткенде «помещиктердің жері жартылай жерсіз және мүлде жері жоқ кедейлерге» берілді деген, екіншісі – әйелдердің бетперделеріне байланысты реформа. Алайда қайшылықты жүргізілген бұл реформаларға баспасөз мәліметтеріне сүйене отырып нақты дәлелдер келтірілген. Мысалы, «аса сақтықпен істеліп жатқан іскерлік» деп француз делегаттарын сендірген, ал шын мәнісінде әкімшіліктің дөрекі қысымшылығымен емес, өте мұқият дайындықпен жүргізілуі тиіс соңғы реформа баспасөз бетінде сынға алынған еді. «Қызыл Өзбекстан» газеті (6.1.1928ж.) «Басқаларға үлгі көрсетуге тиісті партия және комсомол мүшелері әйелдердің беттері ашық жүруі жөнінде дауыс көтере сөз жүзінде көп айтады да, ал іс жүзінде беттерінің ашық жүргеніне қарсы болады».
Мұстафа Шоқай Ташкентте француз коммунистері өздері көрген ел басшыларына қатысты қолдарына тиген анықтамалар бойынша, Түркістан ұлттық республикасын ұстап тұрған нағыз және шынайы революционер-интернационалдық кадрлардың «революциялық портреттерін кескіндей алады дейді. Сондай кадрлармен таныстыру мақсатында оқырмандар назарына Георгий Сафаровтың «Отаршыл революция». Түркістан тәжірибесі» деген кітабының 109-6етінен мынадай жолдарды ұсынады: «партияның (большевиктік) ұрандарының соңынан ерер өзге партия болмағандықтан, өзбектердің кәрісі де, жасы да ере жөнеледі, ал олардың партия туралы ешқандай ұғымдары да жоқ». Автор тектік түбірі осындай тамырдан қазіргі Түркістан «ұлттық республикасының» партиялық және үкіметтік басқарушылары құралған деген қорытынды жасап, Өзбекстан коммунистік партия құрамынан нақты мысалдар келтірген.
Кітапшада француз делегаттарының советтік Қазақстанға сапары туралы да біраз мәліметтер берілген. Олар сапар барысында Ташкент теміржолы бойындағы Қызылордаға түн ортасында келеді. Пойыздың 7 минуттық аялдамасында оларды «қазақ пролетариатының» төрағасы Голощекиннің өзі қарсы алып, құттықтап, сөзінің соңында советтік Қазақстан азаматтарының ғажайып жетістіктерін танытатын ескерткіш альбом сыйлайды. Бұл альбомда қазақстандықтардың тұрмысы пен еңбегінің бақытты жағдайлары, Совет өкіметінің ұлт саясатының басқа да игіліктері көрсетілген. Осылардың бәрінің артында советтік Қазақстанның жүрген жолымен жүріп, «қаһарман коммунистік партияның» басшылығының арқасында қазақ пролетариатының жеткен жетістіктермен мақтанса, француз пролетариатының да сондай жетістіктерге жетулеріне тілектестік тұрды. Бұдан ары кітапшада «қазақтың бақытты пролетариатының қаһарман коммунистік партиясы» өмірінен бірнеше мысал ұсынып, партия мүшесіндегі жалпы қазақтар жөнінде Голощекиннің: «Біздің коммунистердің көпшілігі сауатсыз. Олар, ең болмаса, аз-маз сауатты болса, аздап саяси сауаттары ашылса, партияның нұсқаулары орындалып жатар еді, олардың өздері рулық қалдықтардың шырмауынан арылар еді» деген сөзі келтірілген («Еңбекші Қазақ», 21.11.1927 ж.). Бұл француз делегаттарын соншалықты сүйсіндірген қазақ коммунистерінің бет бейнесі болатын.
Қазақстан пролетариатының жағдайы туралы осы айтылған аздаған мәліметтер, большевиктер сөзімен айтқанда, «Октябрь арқылы өздерінің ұлттық тәуелсіздігін және ұлттық еркіндігін алғандығымен» қоса, Қазақ автономиялық советтік социалистік республикасының да мемлекеттік құрылысын көз алдыңызға оңай келтіреді дей отырып, Мұстафа Шоқай өзінің көкейіндегісін егер Қазақстан өзін өзі басқаратын дербес ұлттық бірлік болса, мемлекеттің барлық басқару механизмдерінің басты бөліктерін шынымен ұлттық кадрлары басқарып отырса, сол жағдайда басқару жүйесіне ұлттық пролетариаты қатынасса, онда шынайы Қазақстан туралы айтуға болар еді деген пікір білдіреді.
Большевиктердің кеңестік өкімет жүйесін құрудағы негізгі идеясы пролетариат диктатурасын орнату болғаны белгілі. Алайда ондай пролетариат табы Қазақстанда жоқ деуге болатын немесе тіпті азшылық еді. Кітапшада сол кездегі Қазақстандағы 148 мың кәсіподақ мүшелерінің ішіндегі қазақтардың саны 34 мың, яғни 25% («За партию» журналы, №3). Өндірістегі жұмысшылардың жалпы санына шаққанда жұмысшы қазақтар – 2,2 пайыз. Ал жоғарыда көрсетілген 34 мың жұмысшы қазақтардың басым көпшілігі кәсіптік қозғалысы жағынан ешқандай рөл атқармайтын малшылар мен мерзімдік ауыл шаруашылығы жұмысшыларынан тұрады. Бұдан ары кітапшада осы жұмысшылардың жұмыс, тұрмыс жағдайы арнайы сөз болады. Осындай жағдай кеңестік Қазақстан жағдайында шаруашылықты «социалистік жолмен құрудың» ең басты нысанасы саналып отырған тұтынушылар кооперациясында да қалыптасып отырғандығы, кооперацияның 1 078 бөлімшелерінің қазақтар тұратын жерлерге қызмет көрсететіндері 29,6% екендігін айталады.
Мұстафа Шоқай Совет өкіметінің қазақ жұртшылығына деген саясатының бетпердесін анық көрсететін сала мектеп жұмысы дейді. Осы саладағы «ұлы жетістіктерін» көрсету үшін «За партию» журналында келтірген мынандай мәліметтерге сүйенеді. Онда қазақ мектептерінің саны революцияға дейінгі 560-тың орнына 1 600-ге жеткен. Бірақ «Еңбекші қазақ» газетінің 1927 жылғы 14 маусымдағы санында осы көрсетілген мектептердің ішінде үй жаймен қамтамасыз етілгені 40-қа да жетпейді деп жазылған.
Бұдан ары Мұстафа Шоқай «За партию» журналында мақала авторының дәлелдегісі келетін «қазақ еңбекшілерінің тағдыры олардың өз қолдарында» деген тұжырымына тоқталады. Оның дәлеліне ол «статистикадан аздаған мәліметтер» келтіреді: Қазақстан ОАК президиумындағы 21 адамның 12-сі қазақтар, ОАК-тің 151 пленум мүшелерінің 81-і, совнаркомның 16 мүшесінің 11-і қазақтар, уездік атқару комитеттері төрағаларының жалпы саны 32 болса, оның 19-ы қазақтар... т.с.с.
Мұстафа Шоқай Совет өкіметінің қазақ кедейлерінің жасап отырған қысастықтарын анық ұғыну үшін патшалық режим кезінде қазақ халқының ең құнарлы 40 млн десятина жерін орыс қоныстанушыларына алып бергенін, кейін «дүниежүзілік революциялық пролетариаттың» атынан ант беріп, ол жер үлесіне байланысты жүргізілген әділетсіздікті жөнге келтіретіндіктерін, қазақтардан тартып алынған жерлерін өздеріне қайтаратындықтарын айтып уәде бергендерін француз коммунист мырзалар және сириялық революционерлер білгені дұрыс болар еді дейді. Олардың осыларды көрмей, білмей, әлемге жар салып, қазіргі Қазақстан туралы ешқандай ұғым түсініксіз, «қазақ еңбекшілерінің бақытты тұрмысын өз көзімізбен көрдік» деп жар салғандар таңданыс білдіреді.
Мұстафа Шоқай жоғарыда айтылғанның бәрі халықтардың арасында ешқандай да қоян-қолтық «бауырластықтың» жоқтығына айқын дәлел болады деп советтік Қазақстандағы ұлтаралық қарым-қатынасқа тоқтап, бұған ең соңғы мәліметтерді келтіреді. «Еңбекші қазақтың» 1928 жылғы 1 және 3 қаңтарда шыққан жаңа жылдық сандарында «Ұлтаралық алауыздық» деген ұзақ фельетондар басылған. Соның біреуі былай басталады: «Ұлтаралық араздықтың бар екені біздің бәрімізге де белгілі. Бұл жаңалық көрініс емес, ескі құбылыс, ол турасында біздің барлық съездеріміз бен конференцияларымызда айтылып келеді.... Орыстың ұлы державалық ескі саясатының тура және заңды ұрпағының жалғасы отарлаушы кулактар әлі күнге дейін қазақтарға, өзбектерге, тағы басқа езілген халықтарға үстемдігін жүргізіп келеді...»
Кітапшада келтірген фактілері мен анықтамаларының бәрі түгелдей ресми құжаттардан алынған шындық екеніне қарамастан Мұстафа Шоқай француз коммунистерін өз сенімдерінен айыра алмайтынын, өйткені оның бәрін коммунист емес адамның, өзінің айтып отырғанын ескертеді. Сонымен бірге өзінің келтірген анықтамаларының біреуі жалған болса, өз кінәсін жазбаша түрде мойындауға дайын екенін, жарыққа шығар алдында кітапшаның мәтінін мұқият тағы қарап шыққанын, онда келтірілген фактілерге аса ұқыптылықпен зер салғанын ескертеді.
Бірінші бөлімнің «Сөз соңында» автор кітапшасын жазып жатқанда қолында үзік үзік мәліметтер болғанын, баспасөзде жарияланған материалдарға жүгіну аздық еткенін айтып, кітапшаның қазақшаға аударылмай қалған екінші бөлімін «Қосымша» деп атауы жайдан жай болмаса керек. Өкінішке қарай, белгісіз жағдайлармен екінші бөлім осы күйінде қалған. Мұнда өзінің «Последние новости» (1928. 25, 26 қыркүйек) газетінде жарияланған Орта Азия су шаруашылығы басшыларының қылмыстық істері туралы жазған «Ташкенттік мырзалар» деген мақаласы ғана бар.
Сөзіміздің қорытындысы есебінде кітапшаның қосымшасындағы «Кеңестер Орта Азияда» деген (орыс және француз тілдерінде) материалдан мынандай бір дерексөз келтіре кетейік: «Мұстафа Шоқай таза ғылыми дәлдікпен біздің алдымызда бүркемеленген шындықты ашып беруге талпынған. Оның дәлелі кеңестік деректерге сүйенуімен нанымды». Шынында да, өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы коммунистік партияның Түркістандағы ұлттық саясатын осылайша айқын ашып берген мұндай баға жетпес еңбекті таба қою оңай бола қоймас.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдарының докторы, профессор