«Тар жол, тайғақ кешуден» сабыр мен төзімнің арқасында аман өттік – Мәулен Әшімбаев

«Тар жол, тайғақ кешуден» сабыр мен төзімнің арқасында аман өттік – Мәулен Әшімбаев

«Тар жол, тайғақ кешуден» сабыр мен төзімнің арқасында аман өттік – Мәулен Әшімбаев
ашық дереккөзі
377
Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз.   Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook-парақшасында жазды. «Біз 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде атап өтеміз. Бұл – халқымыз басынан өткерген қасіретті жылдар жаңғырығы. ХХ ғасырдың басындағы тоталитарлық жүйенің салдарынан дәстүрлі тұрмысымыз күшпен өзгертілді. Ел ашаршылыққа тап болып, екі миллионға жуық адам көз жұмды. Жүздеген мың қандасымыз туған жерін тастап көшуге мәжбүр болды. Саяси қуғын-сүргін жылдары да қазаққа оңай тиген жоқ. Ұлттың көшін бастаған зиялы тұлғаларымыз тар қапастарға қамалды және ату жазасына кесілді. Олардың жақындары да қудалаудан құтыла алмады. Біз осындай «тар жол, тайғақ кешуден» береке мен бірліктің, сабыр мен төзімнің, үміт пен сенімнің арқасында аман өтіп, ата-бабамыз аңсаған азаттыққа қол жеткіздік. Аз уақыттың ішінде елдіктің іргесін нығайтып, тәуелсіз мемлекет құрдық. Қазіргідей күрделі кезеңдердің өзін абыроймен еңсеріп келеміз», - деп жазды Сенат спикері. Мәулен Әшімбаев Президенттің саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырмасының тарихи әділдікті орнатуда маңызы зор екенін атап өтті. «Президентіміз атап көрсеткендей, өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз. Сондықтан тарихтан тағылым алып, ұлт үшін бастарын бәйгеге тіккен арыстарымыздың есімдерін мәңгі ұлықтап өткеніміз жөн. Енді ешқашан мұндай зұлмат болмасын! Тәуелсіз Қазақ елі жасай берсін!», - деп түйіндеді палата Төрағасы. Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялады. Президент өз үндеуінде cаяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін елімізде арнайы мемлекеттік комиссия құрылатынын мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары