251
Әлемдегі ең қарт ер адам қайтыс болды
Әлемдегі ең қарт ер адам қайтыс болды
Әлемдегі ең қарт ер адам – ұлыбританиялық Роберт Уэйтон қайтыс болды, деп хабарлайды ВВС.
Роберт Уэйтон Шығыс Йоркширдегі Халл қаласында дүниеге келген. Марқұм 29 наурызда 112 жасқа толған. Ақпан айында 112 жастағы жапон азаматы Титэцу Ватанабе өмірден өткеннен кейін Роберт Уэйтон әлемдегі ең ұзақ өмір сүруші ер адам ретінде танылған болатын.
Уэйтон өмір бойы инженер болып жұмыс істеген және ұзақ жылдар Тайвань, Жапония және Канадада іссапарларда болған.
Журналистерге берген сұхбатында ол коронавирусқа байланысты әлемдегі жағдайға алаңдайтынын айтқан. "Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жеңіс үшін не істеу керегін жақсы білдік, өйткені Черчилль елді біріктірді. Ал мына вируспен қалай күресу керегін білмейміз", - депті Уэйтон.
Марқұмның артында екі баласы, 10 немересі және 25 шөбересі қалды.
Айта кетейік, әлемдегі ең қарт әйел – жапониялық Канэ Танака, ол жыл басында 117 жасқа толған туған күнін атап өткен еді.