290
Дүниежүзілік банк Қазақстанға 1 миллиард доллар қарыз бермек
Дүниежүзілік банк Қазақстанға 1 миллиард доллар қарыз бермек
Қазақстанның сыртқы қарызы шамамен ІЖӨ-нің 20 пайызын құрайды. Бұл туралы кеше Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті. Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
Келісімге 2016 жылдың 17 ақпанында Астана қаласында қол қойылған. Келісімге сәйкес, Дүниежүзілік банк Қазақстанға макроэкономикалық басқару және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру саясатын қаржыландыру үшін 1 миллиард доллар мөлшерінде қарыз береді. Қарыз қаражаты еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарын қолдауға және Үкіметтің экономикалық ынталандыру және экономикалық өсімге көмектесу жөніндегі стратегиялық шараларын орындауға мүмкіндік береді.
«Аталған қарыз ағымдағы жылғы бюджеттің тапшылығын қаржыландыруға бағытталады. Қарызды өтеу республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады – деді ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов. Жалпы қарыз Қазақстанға 2,5 жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда 20 жыл өтеу мерзімімен беріледі.
Б.Сұлтановтың сөзіне қарағанда қажеттілік туындаса Үкімет Дүниежүзілік банктен 2 млрд долларға дейін қарыз алуына болады екен. Оның айтуынша, түсімдердің төмендеуіне байланысты бюджет тапшылығы былтыр үш пайызға дейін арттырылды. Биыл да тапшылық шамамен үш пайызға болжанған болатын. «Әзірше бюджет тапшылығы бір пайыз шамасында тұрақтап тұр. Негізінен біз Дүниежүзілік банкпен келіссөздерді екі миллиард доллар көлемінде жүргізген болатынбыз. Сондықтан да бірінші кредит бойынша бір миллиард доллармен шектеліп отырмыз. Дегенмен, алдағы уақытта еліміз үшін тағы бір миллиард доллар алуға қажеттілік туындаса, онда біз оны тарта аламыз», ̶ деді Б. Сұлтанов.
Министрдің айтуынша, соңғы үш жылда еліміздің ІЖӨ өсімі болжанған деңгейге көтеріле алмады. «Қазақстан сыртқы қарыздың шамасын ІЖӨ-нің 45 пайызына дейін көтеру мүмкіндігіне ие. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіштің шегі ІЖӨ-нің 60 пайызына дейін жетеді. Ал Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы келісім бойынша біз қарызды елу пайызға дейін көтере аламыз. Қазіргі біздің жағдайымыз бұл көрсеткіштен әлдеқайда алыс», ̶ деп түсіндірді министр Б. Сұлтанов.
Мұнайға әлемдік бағаның құлдырауы бюджет түсімдеріне әсер етіп, соның салдарынан соңғы жылдары елімізде бюджет тапшылығы мен бюджетке түсімдер көлемінің азаюы орын ала бастаған. «Біз алдағы уақытта бюджет тапшылығын бір пайызға дейін төмендетуді де жоспарлап отырмыз. Қарызды қайтару бойынша да Қазақстанда ешқандай проблемалар болмауы керек. Тұтастай алғанда, бүгінгі күні Қазақстанның сыртқы қарызының жалпы сомасы 9 миллиард долларды құрайды. Бұл ІЖӨ-нің шамамен 20 пайызына тең», ̶ деді Қаржы министрі. Аталған заңға қатысты кейбір мәселелердің түйіні әлі шешілмей отыр. Бұған халық қалаулылары тоқталмай өтпеді. Мәселен, Азат Перуашев Қазақстан сыртқы қарызды бағалаудың индикативтік практикасына көшуі керек екендігін еске салды. «Біз мемлекеттік қарызды өтеудің мұнай нарығындағы жағымсыз жағдайлардың сақталуы аясындағы мәселесіне де назар аударуға тиіспіз. Жинақталған мемлекеттік қарыз аясындағы тиімсіз құрылымдар мен олардың өтелуі, валюталық тәуекелдер мен міндеттемелер экономикалық дағдарыстың өзекті факторлары болып табылады. Ал мемлекеттік қарызды тиімсіз басқару жеке бизнеске ғана емес, тұтастай халыққа проблема тудыруы мүмкін», ̶ деді Азат Перуашев. Оның айтуынша, қазіргі күні қалыптасқан қаржылық ахуалды ескере отырып елімізге тартылатын қарыздар бойынша жаңа стратегия қалыптастыратын кезең туып отыр. «2008 жылдардағы дағдарыстың бір себебі де сыртқы қарыздың артуынан болғаны құпия емес. Біздің экономика үшін қарыз әлі де тәуекелі зор болып отыр. Алайда мемлекеттік қарыздан бөлек квазимемлекеттік қарызды да естен шығармау керек. Ол жалпы қарыздың жетпіс пайызына жуықтайды. Бюджеттік саясат тұжырымдамасына қатысты Қазақстанның сыртқы қарызы квазимемлекеттік секторды қоса алғанда жиырма пайыздан аспауы керек. Осыған байланысты мемлекеттік қарызды индикаторлық бағалау практикасына көшуді ұсынамыз. Яғни, мемлекеттік қарызға квазимемлекеттік қарызды қосып бағалау керек», – деді А. Перуашев.
Ал сырттан қарыз алғанша бюджетті оңтайландыру дұрыс шешім деп санайтын депутат Нұртай Сабильянов: «Біз Дүниежүзілік банктен қарыз алып оны бюджеттің тапшылығын жабуға жұмсағалы отырмыз. Неге біз сырттан қарыз алғанша бюджетті оңтайландырмаймыз? Шындығында, бюджеттен кейбір шығындарды қысқартуға әбден болады», ̶ деді Н. Сабильянов. Бұл ретте депутат «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына миллиардтаған бюджет қаражаты бөлінетінін, алайда осы арқылы қаржы алатын кәсіпкерлер бюджетке дұрыс салық төлемейтінін алға тартты. «Бұл бостан босқа кетіп жатқан қаржы. Бізде ірі кәсіпкерлерді қаржыландыру бағдарламасы бар. Жыл сайын оған 17-18 миллиард теңге бөлінеді. Ондағы бағдарламада сауда-саттықты, неше түрлі кәсіпкерлерді қаржыландырамыз. Неге осыларды қысқартпасқа? Индустрияландыру бағдарламасындағы жобалар да салыққа тиімді түсім бермей отыр. Арнайы экономикалық аймақтарға да қыруар қаражат бөлінді. Оның нәтижесі қалай? Осылардың бәрін бюджеттен қысқарту керек. Басқа ешбір ел бизнесті қаржыландырмайды. Бізде керісінше, бизнеске қаражат бөлеміз, олар еш салық төлемейтін масыл болып алды», ̶ деді депутат Н. Сабильянов. Депутат Омархан Өксікбаев болса, сырттан алынатын қарыз бойынша бюджеттің тиімділігін бағалайтын тетік керек деп санайды. «Қазақстан осы қарыз арқылы бюджет тапшылығын жапқалы отыр. Бұның жақсылығы шамалы шығар. Дегенмен, осындай орасан зор қарыздың тиімділігін бақылау аса маңызды. Өйткені Дүниежүзілік банктен алынып отырған Қарыз толықтай бюджет тапшылығын жабуға жіберіледі. Олай болса, бұл қаражат бюджеттің тесігін бітеуге кетеді деген сөз. Ал оның тиімділігін бағалайтын тетік бізде жоқ», ̶ деді депутат. Осыған орай, О.Өксікбаев Дүниежүзілік банктен алынатын қаражаттың тиімділігі үшін қарызды нақты бір бағытқа жұмсап, оның тиімділігін бағалаудың маңыздылығын атап өтті. Депутаттардың пікірін тыңдаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ағымдағы мамыр айының соңына дейін Үкімет Парламентке бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсынатынын жеткізіп, соның аясында осындай қарыздардың барлығына бағалаулар жасалатынын атап өтті. «Ұлт жоспары аясында біз бюджет процесіне, оның атқарылу үдерісіне қатысты біраз заңнамалық өзгерістер енгізген болатынбыз. Бұның барлығы алдағы уақытта бюджеттің тиімділігін арттырады деп ойлаймыз», ̶ деді Б. Сұлтанов. Сөйтіп, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Макроэкономикалық басқару және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру саласындағы даму саясатын қаржыландыру бойынша бірінші кредит) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Енді заң жобасы Сенатқа жолданады.
Еркежан ЖҰМАТАЙ
Астана қаласы