Мақтаарал тұрғындарына 1 мың АҚШ доллары көлемінде өтемақы берілді

Мақтаарал тұрғындарына 1 мың АҚШ доллары көлемінде өтемақы берілді

Мақтаарал тұрғындарына 1 мың АҚШ доллары көлемінде өтемақы берілді
ашық дереккөзі
Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен 5202 жанұяға Әлишер Усманов қорынан 5 млн 202 мың АҚШ доллары көлемінде өтемақы беріледі. Қазақпараттың мәліметінше, бүгінде бұл қаржыны 1308 отбасы алып үлгерген. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Әбдірахман Тасыбаевтың айтуынша, тұрғындарға бүгінгі таңда 4638 банк картасының басым бөлігі таратылған. Төтенше жағдай кезінде эвакуацияланған 13 ауылдың тұрғындарына қаржы алдағы күндері аударылмақ. «Атап айтқанда, 1 мың АҚШ доллары көлеміндегі өтемақы Мырзакент, Жаңатұрмыс, Т.Жайлыбаев, Нұрлы таң, Шұғыла, Жантақсай, Нұрлы жол, Жеңіс, Фердауси, Достық, Өргебас, Арайлы, Ақжол ауылдарының тұрғындарына үлестірілуде. Ондағы халықтың тек мекенжай анықтамасы не ауыл тұрғыны екенін растайтын басқа құжаты болуы керек», – деді басқарма басшысы. Айта кетейік, бұған дейін Мақтаарал ауданындағы су басқан Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фердауси, Достық, Өргебас елдімекендерінде тұратын әр отбасына Үкіметтің резервінен 100 мың теңгеден берілетіні айтылған болатын. Бұл мақсатта Үкіметтен 650 млн теңге бөлініп, қаражат 846 үйдің 6128 адамына төленеді деп жоспарланып отыр.