Журналист Анар Лепесова. Санкт-Петербург.[/caption]
‒ Ұйым жанынан құрылған «Арай» ансамбілінің атағы да кезінде алысқа жетті. Оның бастауында кімдер тұр?
‒ «Құрғақ қасық ауыз жыртады» деген қазақтың мақалы бар емес пе. Ұйымымыздың сыртқы ортамен байланысын күшейтіп, жұмысын ілгерілете түсу үшін ансамбль құрғанды жөн көрдік. Консерваторияда оқитын Жаманбаев Базик деген жігіт болды. Сол Базикті шақырып алып, әр оқу орнынан ән айтып, би билей алатын 40 шақты қыз-жігіт жинауды тапсырдым. Солардың арасында іріктеу өткізіп, ансамбль құрамына алынатын студенттерді таңдау керек болды. Өзім басқа жұмыстармен кетіп қалдым. Келсем, есік алдында бір топ жас үйіліп тұр. Біріңнің дауысың жоқ, біріңнің биге икемің жоқ деп Базик ешқайсысын жаратпапты. Ішке кірсем, Жаманбаев жалғыз отыр екен. «Базик, сен интеграл дегеннің не екенін білесің бе?», – дедім. Басын шайқады. Консерваторияның студенті оны қайдан білсін? «Бұл қыз-жігіттер интегралды біледі, математиканы, сопроматты біледі. Ал сен нота білесің. Оларды консерваторияға түсір деген жоқпын ғой. 30 баланың ішінен ансамбльге мүше болуға жарайтын 15 қыз-жігіт іріктеп берсең болды», – дедім. Сөйтіп Базик икемге келеді ау деген 10 студентті таңдап алды: 7 жігіт, 3 қыз. Араларында нота білетін бір қыз, аккордеонда ойнай алатын бір жігіт бар.
Мәскеуден жолдама алып, Ресейдің көптеген қалаларына гастрольдік сапармен барып жүрдік. Бір күні кезекті сапарға аттанғалы тұрғанда аккордеонда ойнайтын жігіттің әкесі ауырып қалып, бізбен бара алмайтын болды. Оның орнына адам іздеуге тура келді. Ансамбльдің жігіттері бір орыс жігітті ертіп әкелді. Оған үнемі ақ төсекте жатпайтынымызды, кейде қой-ешкінің жанында ұйықтауға тура келетінін түсіндірдім. Қыңқыл-сыңқылы жоқ, өзіміз секілді күй талғамайтын жігіт екенін бірден ұқтырып, қатарымызға сіңісіп кетті. Ансамбль күніне төрт концерттен беріп жүрді. Қой қырқып жатқан, пішен шауып жатқан жерде де өнер көрсеттік. Кешке елдің бәрі орталыққа жиналады. 2 сағат концерт береміз, артынан жергілікті жастар 1-2 сағат билейді. Сахна қылуға қолайлы орын болмаса, көліктің бортын ашып жібереміз де, соның үстінде ән салып, би билеген кездеріміз де болды. Гастрольдік сапармен Қазақстанның көптеген облыстары мен қалаларында: Алматы, Гурьев, Ақтөбе, Орал, Жамбыл, Көкшетауда болдық. 1967 жылы «Арай» ансамблі Бүкілкеңестік телевизия эфирінде өнер көрсетті. Ансамбльдің өрісі кеңейген сайын ленинградтық студенттердің Мәскеудегі, Харковь, Киев қалаларындағы қазақстандық білімгерлермен байланысы тереңдей түсті. Әсіресе, Мәскеудегі қазақстандық студенттердің «Жас тұлпар» атты ұйымымен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Ұйымның жарқын өкілдері ‒ Мұрат Әуезов, Тайжан Болатхан, Алтай Қадыржанов сияқты азаматтармен достығымыз нығайды.
‒ Демек, «Атамекен» қазақстандық студенттер мен аспиранттар кеңесінің заңды жалғасы ғой?
‒ Иә, 1989 жылдан бастап Санкт-Петербург пен Ленинград облысында тұратын қазақстандықтар «Атамекен» деп аталатын қазақ қоғамын құрды. Ондағы мақсат халықаралық байланыстарды арттырып, Ресей мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай тереңдете түсу болатын. Қоғамның бастауында Алма Құнанбаева, Тұрсын Сұлтанов, Лилия Әбдірахманова, Қажымұрат Мұқанов сынды азаматтар тұр. Ұйымның алғашқы президенті – Қазақстан Парламентінің өкілі Халеке Бәкенов болды. 1993-1996 жылға дейін медицина ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Еспаев басшылық етті. Ал 1996 жылдан бүгінгі күнге дейін қоғамды мен басқарып келемін.
Құрылған күнінен бастап қазақ қоғамы қала басшылығы, Ұлттық мәдениеттер үйі, «Ұлттар лигасы», «Ұлттық шығармашылық үйі» ұйымдастыратын барлық қоғамық және мерекелік шараларға белсенді қатысып келеді. Қазір «Атамекен» Санкт-Петербург қаласы мен Ленинград облысындағы 10 мыңға жуық қазақстандықтың басын қосып отыр. Арамызда 4-6 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар көп. Өзім осы қалада үш перзентімді тәрбиелеп өсірдім. Үшеуі де мектепті «Алтын белгіге» бітірді. Жоғарғы білім алып, қазір Қазақстанға қызмет етуде. Немерелерімнің тарихи Отанымда өсіп-өніп жатқанына қуанамын.
2007 жылы «Атамекеннің» жастар қанаты ‒ «D.O.S.T.A.R.» құрылды. Санкт-Петербургқа Қазақстаннан келген студенттердің бәрі бізбен тығыз байланыста. Қоғам ұйымдастырған іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Мәдени шараларға дайындық жасайтын арнайы орындарымыз бар. Жастар сабақтан қолдары қалт етсе, сол жерден табылады. Ең бірінші орында сабақ тұруы керек екенін құлақтарына құйып қойғанмын.
‒ Санкт-Петербург қаласына келген қазақтар жыр алыбы ‒ Жамбылдың ескерткішіне соқпай кетпейді. Жат жерде қазақ ақынына ескерткіш орнатудың машақаты аз болмаған шығар...
‒ Жамбылдың ескерткішін орнатар кезде Санкт-Петербургта Қазақстанның консулдығы болған жоқ. Сөзімізді сөйлейтін, қағаз-қарарымызға болысатын ешкім болмады. 1952 жылдан бері Жамбылдың есімімен аталып келе жатқан көшенің атауын қала билігі ойда жоқта өзгертіп жіберді. Біз шу көтерген жоқпыз. Қарсылығымызды мәдениетті түрде жеткізуді жөн көрдік. Сөзімізге құлақ асады-ау деген кісілерге хат жазып, наразылық білдірдік. 13 күннің ішінде көшенің атауы қалпына келтірілді. Содан соң «Атамекеннің» құрамындағы үш ұйым ‒ Ақсақалдар кеңесі, Ғалымдар кеңесі мен Жастар кеңесі мүшелерін жинап алып: «Бір күні тағы біреу «Жамбыл деген кім?» деп шықпас үшін ақынға ескерткіш қояйық», ‒ деген ұсыныс жасадым. Бәрі бірауыздан қолдады. Сосын Законодательное собраниенің депутаты, Ленинград облыстық полициясының бұрынғы бастығы Анатолий Крамердің алдына бардым. Кабинетіне кіріп, мән-жайды түсіндіре бергенім сол еді:
‒ Уайымдамай-ақ қойсаң болады. Законодательное собраниеде Жамбылға ескерткіш орнату мәселесін көтеремін. Жақында қаржы бөледі, ақынның мүсінін орнатасыңдар, ‒ деді.
‒ Анатолий Григорьевич, мен ақша үшін келген жоқпын. Маған ескерткіш орнататын орынды белгілеуге, губернатор рұқсатын алуға көмектесіңіз.
‒ Көздеген жерлерің бар ма?
‒ Әрине, бар.
‒ Көлікпен жүрсің бе?
‒ Иә.
‒ Кеттік онда, көріп қайтайық, ‒ деді. Көрді. Құлаған үйлердің ортасындағы күйі келіспеген орын болатын. Жаратпады. Бәрін қалпына келтіріп, ескерткіш орнатылатын тұсты аз уақыттың ішінде жөнге салатынымызға сендірдім. Өйткені бізде басқа амал болған жоқ. Жамбылдың ескерткішін 2003 жылы, Санкт-Петербургтың 300 жылдығын тойлау қарсаңында ашу жоспарланып қойған еді. Межелі уақытқа дейін рұқсат алып, қажетті қаражатты тауып, ескерткішті белгіленген орынға орнатып үлгеруіміз керек болды. Валентин Свешников деген скульпторға барып, Жамбылдың мүсінін сомдау туралы өтініш жасадым. Қазақтарды жақсы білмейтінін, өтінішімді орындау қолынан келмейтінін айтып, қашқақтағандай болды. Бұл істі басқа ешкімге сеніп тапсыра алмайтынымды айтып, көндірдім. Ол көп ұзамай белгілі сәулетші Феликс Романовскиймен тізе қосып, мүсінді жасауға кірісіп кетті. Алайда бөлінген қаражат тек ескерткіштің ашылуына 28 күн қалғанда қолымызға тиді. Егер ақшаның бетіне қарап, қол қусырып отыра берсек, бір айға жетер-жетпес уақытта ақынның мүсінін тұрғызып үлгермейтініміз анық еді. Кейін Свешниковтан: «Пәтерім мен саяжайымды сатсам да, оның үстіне әйелімді қосып берсем де қарыздан құтылмас едім. Сендер бұл жұмысқа өз ақшаларыңды саларда неге сендіңдер?» ‒ деп сұрадым. Сонда ол: «Біз саған, сенің Қазақстаныңа сендік» ‒ дегенде кеудемді мақтаныш кернеді. Егер біз дер кезінде қимылдамағанда, Жамбылдың ескерткіші қоймаға кетер еді. Ал қоймадан қаланың ортасына қайтып келуі екіталай. Өйткені қаланың 300 жылдығына бізден де басқа Канада, Германия, Франция, Ұлыбритания сынды бірнеше мемлекет өз ескерткіштерін орнатуға өтініш білдірген болатын.
Сөйтіп 2003 жылдың 30 мамырында Жамбыл ақынның ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Айтулы шараға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келді. Санкт-Петербург қаласының губернаторы В.Яковлев пен Жамбыл Жабаевтың ұлы да ескерткіштің ашылуына қатысты. Қазір қалаға келген жолдастарымыздың бәрі ең әуелі сол ескерткіштің алдына барып, Жамбылға сәлем береді. Содан кейін ғана біздің қоғамға келеді.
Мүсін орнатылып, көңіліміз жайланғаннан соң Жамбылға Пискарев атындағы мемориалдық зиратқа ескерткіш тақта орнату қамына кірістік. Ол ісіміз де сәтімен болып, қазақ және орыс тілдерінде жазылған тақта межелі жерге қойылды. Одан кейін Орыс Географиялық қоғамының Даңқ галереясына Шоқанның портретін ілдіруге күш салдық. Ол да оңай шаруа болған жоқ. Кері тартқысы келгендер, ғалымның сіңірген еңбегін мойындағысы келмегендер болды. «Ол қазақ болып туды, бірақ патшалық Ресейге қызмет етті» ‒ деп, қазақтың ұлы Ресей төрінде құрметтелуге лайық екеніне көздерін жеткіздік.
Биылға жоспарланған негізгі ісіміз ‒ Жамбылдың 170 жылдығын, Олжас Сүлейменовтің 80 жасын атап өту. Сүлейменовтің қазаққа, екі елдің достығын нығайтуға сіңірген еңбегі ерен. Басқасын айтпағанда, «Невада‒Семей» қозғалысын құрып, Семей полигонын жабуға атсалысқанының өзі оның парасаты биік азамат екенін көрсетті.
‒ Санкт-Петербургтағы қазақтарды ұлттық салт-дәстүрден жырақтатпау бағытында қандай шаралар атқарылуда?
– Жуырда өңірдегі барлық қазақстандықтардың басын қосып, Наурыз мерекесін атап өттік. Ұлттық тағамдарымыз әзірленіп, ұлттық киім-кешектеріміз киіліп, төл дәстүрлеріміз ұлықталды. Шараға 950-ге жуық адам қатысты. Әсіресе, студент жастардың белсенділік танытқаны қуантты. Өзге де ұлттық мейрамдарды, Қазақстанда жыл сайын тойланатын мемлекеттік мерекелерді атаусыз қалдырмаймыз.
«Атамекеннің» арқасында қалада 16 қазақ отбасы құрылды. Ең алғаш Санкт-Петербургта қарағандылық жігіт пен шымкенттік ару шаңырақ көтерді. Қыз дәулетті отбасынан, әке-шешесі жігіттің ата-анасын өздеріне тең көрмеді ме, жастардың үй болуына қарсы болды. Бірақ бір-бірін қатты ұнатқан қыз бен жігіт ештеңеге қарамастан отау құрды. Екі жастың тойын жасау үшін аспиранттардан 5 сом, студенттерден 3 сомнан жинадық. 9 такси жалдап, той кортежін ұйымдастырдық. Естен кетпес той болған еді.
Ресейде қазақ отбасыларының көбеюіне «Арай» ансамблінің ықпалы зор болды. Гастрольдік сапармен Бурабайда, Алматыда, Атырауда екі рет болдық. Барған жерімізде біздің жүріп-тұруымыз үшін астымызға көлік беретін. Жарнамалық парақшалармен безендірілген көлікті көріп, жергілікті тұрғындар «Әртістер келе жатыр» деп бар құрмет-қошеметімен күтіп алады. Бірте-бірте өрісіміз кеңейіп, Одақ көлеміне атымыз жайылды. Мәскеуге, Киевке шақырту алдық. Әр өңірдегі қазақстандық студенттердің байланысы артқан сайын той көбейді. Тұсаукесер, бесік тойға баруымыз жиіледі.
«Атамекен» ұйымдастырған іс-шараларға Санкт-Петербург пен Ленинград облысындағы қазақстандықтардан бөлек, өзге ұлттық ұйымдардың, диаспоралардың өкілдері қатысады. Біз де олардың бастамаларына қолдау көрсетеміз. Мәселен, өткен жексенбіде 9 команданың басын қосып, қоғамның жастар қанаты – «D.O.S.T.A.R.» кубогы үшін футболдан жарыс ұйымдастырдық. Қаладағы әр түрлі ұлттар мен ұлыстардың ауызбіршілігін нығайтқан сәтті басқосу болды.
Сайыс деген соң есіме түсіп отыр, осыдан төрт жыл бұрын диаспоралар арасында волейболдан турнир өткен еді. Диаспоралар өкілдерінен құралған 19 команда бақ сынады. Орыс, татар, еврейлердің мықты командалары қатысты. Үздік бестікке кірсек те жаман емес деп ойлағанбыз, арық айтып семіз шықтық. Қазақтар сайыста бірінші орынды еншіледі. Губернатор кубогы үшін де қалада спорттық сайыстар жиі ұйымдастырылып тұрады. Біздің қоғам мүшелері әрқашан жүлделі орындардан көрініп келеді.
Мерекелік шараларды өткізу, спорттық сайыстарға қатысудан басқа да шаруамыз жеткілікті. Шалыс басып, полицияның уысына түскен отандастарымызды босатуға көмектесетін сәттер болып тұрады. Әрине, қанша жерден қандасымыз болса да, жасаған қылмысы ауыр болса, заңның алдында қауқарсызбыз. Алайда ұсақ-түйек бұзақылық, ұрлық-қарлықпен ұсталғандарға ара түсеміз. Әсіресе, бұл қалаға білім алу үшін келген жастар жаңа ортаның тыныс-тіршілігіне әбден үйренгенше, оқыс әрекеттерге үйір болады. Соларды тезге салып, қаланың тәртібіне бейімдеуге тырысамыз.
– Оқу бітірген қазақстандық жастардың осында қалып қоятындары көп пе?
‒ Көпшілігі оқуларын тәмамдаған соң елге оралады. Санкт-Петербургта қалып қоятындардың көбі – орыстар. Олар оқуға келмес бұрын осы қалада орнығуды жоспарлап келетін болуы керек. Соңғы кезде «Болашақ» бағдарламасымен келетін қазақстандық жастарға көңілім толыңқырамайды. Көпшілігі оқу үшін емес, қалталарына Қазақстан салып берген ақшаны оңды-солды шашу үшін келетіндей көрінеді. 60 бала келсе, соның алтауы ғана – білім іздегендер. Оқу-білім мәселесіне келгенде өте қатал адаммын. Ізденуге құлқы жоқ, тек бүгінмен өмір сүретін жастарды жаратпаймын. Болашақ керек болса, оқысын! Оқығысы келмесе мал бақсын, егін ексін. Білім алуды көксемейтін болса, бұл жаққа келудің не қажеті бар? Қазақстанда да оқу орындары жеткілікті емес пе? Білім емес, диплом керек болса, солардың біріне-ақ түсуге болады. Ғылым-білімі озық елдерге барып, білікті маман атанғысы келетіндердің жолына кедергі болмасын. Петербургке келіп, сандалбай күн өткізіп жүрген кейбір жастар «Атамекен» ұйымдастаратын кештерге бас сұғып тұрады. Отандастарымен араласуды емес, көңіл көтеру, ішіп-жеуді көксейтіндердің талайын тәртіпке салдым. Ескерту алғаннан кейін қоғамның жұмысына көмектесіп, қоғамдық шараларға атсалысатын болды. Келесі аптада Санкт-Петербург политехникалық университетінде дәріс оқимын. Қазағы, орысы, кәрісі мен татары бар ‒ қалада оқитын барлық қазақстандық студенттер сол жерге жиналады. Сол кезде мұнда келген мақсаттарын тағы бір естеріне салмақпын.
– Ел мен елдің берекелі қарым-қатынасы елшіліктердің еңбегіне тікелей тәуелді. Қазақстан Республикасының Санкт-Петербургтағы бас консулдығымен байланыстарыңыз байыпты ма?
‒ Қырымбек Көшербаев елші болған тұста біздің қоғамның консулдықпен байланысы мықты болды. 2005 жылы ол кісі бізді арнайы қабылдаған еді. Сол кездесуде: «Нағыз елші біз емес, сіздерсіздер! Өйткені біз атқарған ісіміз үшін жалақы аламыз. Ал сіздер екі елдің ынтымағын арттырып, татулығын тереңдетуге өлшеусіз үлес қосып жүрсеңіздер де, ешкімнен ақы сұрамайсыздар», – деген болатын. Қырымбек Елеуұлы Лужковтың өзін қазақша сөйлетіп жіберген еді. Мәскеу төрінде ұйымдастырылған Наурыз мейрамында Лужков мырза: «Ассалаумағалейкум, жерлестер!» дегенде бәріміз марқайып қалған едік. Қазір де консулдық біздің іс-шараларымызға қолдау білдіріп отырады. Алайда бұрынғыдай байыпты байланыс жоқ. Мақсатымыз бір болғанымен, қызметіміз екі бөлек.
Бүгінде «Атамекеннің» құрамында 9 ғылым докторы, 22 ғылым кандидаты бар. Бір қуанатыным, мұндағы қазақтардың ешқайсысы көше сыпырып, еден сүртіп жүрген жоқ. Сыйлы қызметтері, жақсы жалақылары бар. Қалаға жаңадан келген жастарға да қазақ деген халықтың, Қазақстан деген елдің атына кір келтірмеу керегін үнемі ескертіп отырамыз. Санкт-Петербургке келгендегі мақсаттарың басқа болса да, біздің қоғамға арнайы ат басын бұрғандарыңа қуаныштымыз. Демек, біздің еткен еңбегіміз еш болмағаны.
– Әңгімеңізге рахмет! Істеріңіз табысты болсын!
Сұхбаттасқан
Анар ЛЕПЕСОВА