3 маусымнан бастап италиялықтарға ел ішінде саяхаттауға рұқсат беріледі

Италия билігі карантин режимін жеңілдетіп, 3 маусымнан бастап ел ішінде саяхаттауға рұқсат етпек. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Жекелеген аймақтарда тұрғындардың еркін қозғалуына салынған тыйым 18 мамырдан бастап алынбақ. Ал 3 маусымнан бастап өңірлер арасындағы көлік қатынасы жанданбақ.

4 мамырдан Италияда зауыттар жұмыс істей бастады. Ал дүкендерді 18 мамырдан бастап ашуға рұқсат берілді.

Кәсіпорындарға санитарлық талаптарды қатаң сақтау ескертілді. Қауіпсіздік шараларының орындалуын арнайы бақылау органдары тексеріп отырады.  Егер тұрғындар әлеуметтік ара қашықтықты сақтамайтын болса, жергілікті билік, қала мэрлері шектеу шараларын қайта енгізуге құқылы.

Эпидемия басталғалы елде коронавирустан 31,3 мыңнан астам адам көз жұмды. Италияда індет жұқтырғандардың жалпы саны жөнінен АҚШ, Ресей, Испания, Ұлыбританиядан кейінгі бесінші орында: елде 223,6 мың адамнан қатерлі вирус анықталған.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 5689-ға жетті. Соңғы тәулікте 118 адамнан індет анықталды.

Back to top button