288
Алматы әуежайының орталық Азияда маңызы артады
Алматы әуежайының орталық Азияда маңызы артады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Әлеуметтік қызмет көрсету үйін аралап, оны қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Аталған мекеме халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарына, әртүрлі жағдаймен жүгінген азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді.
Қазақстан Президенті мұндай орталық ашу бастамасын қолдап, халыққа көмек көрсету жұмыстарының маңызын атап өтті.
«Пандемияға қарамастан, азаматтарымызды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелерімен айналысу маңызды. Бұл – басым әрі стратегиялық міндет. Сондықтан бірыңғай әлеуметтік қамту орталығының салынуын қолдаймын. Бұл – дұрыс бастама. Мұны тиімді жүзеге асыру керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Алматыдағы Бас ботаникалық бақты қайта жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қаланың дамуы жөніндегі есебін тыңдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы әкімдігі мен Болат Өтемұратов қорының бірлескен жұмыстарын жоғары бағалап, ботаникалық бақтың қала тұрғындары мен қонақтары үшін бұрынғыдай негізгі демалыс орындарының біріне айналуы қажет екенін айтты.
«Ботаникалық бақ – алматылықтар мен қазақстандықтар үшін, әсіресе осында туып-өсіп, жастық шағын өткізгендер үшін танымал жер. Алматы тұрғындарын осы аумақты сақтауға, оған өз үйіндей қарауға шақырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Президент жұмыс сапары барысында коронавирусты анықтауға арналған мобильді скрининг орталығына барды. COVID-19 індетін анықтауға арналған жаңа мобильді скрининг орталығының қызметімен танысты. Орталық Оңтүстік Корея технологиясы бойынша жұмыс істейді.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысына қаладағы эпидемиологиялық ахуал жайында есеп берді.
Кореялық Medical Partners Korea медицина компаниясының басшылары Ким Даёнг пен Мин Хисук Қазақстан Президентіне мобильді лабораторияның мүмкіндігі мен Drive-through жүйесі бойынша сынама алудағы тәжірибелері туралы айтты.
Дәрігерлермен әңгімелесіп, оларға қажырлы еңбектері үшін ризашылығын білдіріп, Орталық қызметкерлерін Халықаралық медбикелер күнімен құттықтаған Президент: «Пандемия – шын мәніндегі соғыс. Бүкіл әлем пандемияға қарсы соғыс жариялады. Француздарда «Соғыстың аты – соғыс» деген сөз бар. Біз жұдырықтай жұмылсақ, пандемияны жеңе аламыз», – деді.
Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында Алматы қаласында жүзеге асырылып жатқан бірқатар инфрақұрылымның жобасымен танысты.
Қазақстан Президентіне Алматының халықаралық әуежайын қайта жөндеу жоспары таныстырылды.
Түркияның TAV airport Holding компаниясы бас директорының орынбасары Серкан Каптан Қасым-Жомарт Тоқаевқа әуежайдың жаңа терминалының құрылысы туралы мәлімет берді. Жалпы көлемі 55 мың шаршы метр болатын терминал жобасының құны – 150 миллион еуро. Терминал жылына 6 миллион жолаушыға қызмет көрсетеді. Аталған нысанның құрылысы 2022 жылдың екінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының халықаралық әуежайы қайта жөндеуден өткеннен кейін Орталық Азия аймағындағы ірі авиациялық хабқа айналатынына сенім білдірді.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті Бұқтырма көшесі мен Құлжа трактісінің қиылысында салынатын ұзындығы 784 метрлік көлік жолайрығы құрылысының жобасымен танысты.