Қазақстан ішінде ұшу үшін анықтама қажет пе – әуе компания жауап берді

1 мамырдан бастап Қазақстан қалалары арасында әуе тасымалдары қайта жанданып келеді. Осы орайда жолаушылар «басқа қалаға ұшу үшін жұмыс орнынан, әкімдіктен анықтама, тіркеу қажет пе, емделу, қыдыру, жұмыс сынды ұшу себебін көрсетеміз бе?» деп сұраған еді. «Air Astana» әуе компаниясы бұл сұрақтарға жауап берді.

«Егер қала карантинге жабық болмаса, жолаушылар емін-еркін билет алып, ұша алады. Ол үшін ешқандай анықтама талап етілмейді. Коронавирус инфекциясына ПТР тест тапсыру талабы да 11 мамырда алынып тасталды. Бірақ, қорғаныс бетпердесін кию, әуежайдағы әлеуметтік қашықтық және дене қызуын өлшеу шаралары күшінде қалады», – деп жауап берді әуе компаниясының баспасөз қызметі.

Компания барлық рәсімдерді орындау үшін жолаушылардың ұшудан 2 сағат бұрын әуежайға келуі керектігін айтты.

«Ұшақ бортындағы тағам бір реттік ыдыс-аяқта беріледі. Тамақтанған соң жолаушылар қайтадан бетперде киіп, рейс бойы тағып отыру тиіс.12 мамырдан бастап «Air Astana» Қазақстанның басқа қалаларында ашылып жатқан әуежайларда ішкі бағыттар желісін қалпына келтіре бастады. Барлық өзекті ақпаратты жолаушылар ресми сайтымыздан немесе әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан біле алады», – дейді әуе компаниясы.

Back to top button