271
«Болашақ» стипендиясына үміткер іріктеудің жаңа ережесі бекітілді
«Болашақ» стипендиясына үміткер іріктеудің жаңа ережесі бекітілді
«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеудің жаңа ережесі бекітілді, – деп хабарлады «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қызметі.
ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 6 мамырдағы №271 қаулысымен «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын анықтау ережелеріне өзгерістер енгізілді.
«Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеудің жаңа ережелері барлығына бірдей мүмкіндіктер ұсынады. Барлық квоталық санаттар алынып тасталған. Биылдан бастап «Болашақ» стипендиясының конкурсына ауылдық елдімекендерден келген үміткерлерді қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыртуға ие талапкерлер ғана қатыса алады», – делінген хабарламада.
Өзгерістер ең алдымен «Болашақ» стипендиясына үміткерлерді конкурстық іріктеу процесіне, сондай-ақ конкурсқа қатысудың бастапқы талаптарына қатысты.
«Конкурстық кезең саны 6-дан 3-ке дейін қысқартылды, атап айтқанда уәждемелік пен ұсыныс хаттарды бағалаудың іріктеу кезеңі, сонымен қатар мемлекеттік және шет тілін білуге арналған кезең алынып тасталды. Үміткерлер өздігінен тест тапсырып, құжат өткізген кезде мемлекеттік тілді білу туралы сертификатын ұсынуы керек. Ауылан келген үміткерлер қосымша шет тілін білу туралы сертификатты ұсынады», – делінген хабарламада.
Мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтауға арналған сынақ Ұлттық тестілеу орталығының аймақтық филиалдарында өткізіледі. Іріктеу кезеңдері мыналарды қамтиды:
- 1-кезең: Интеллектуалды қабілет деңгейін, жеке және іскерлік қабілетін, шетелде оқуға психологиялық дайындығын анықтайтын кешенді тест;
- 2-кезең: Тәуелсіз сарапшылар комиссиясының мүшелерімен жеке сұхбат;
- 3-кезең: Шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы.