202
ШҚО-да карантин режимі қашан аяқталады – әкім айтып берді
ШҚО-да карантин режимі қашан аяқталады – әкім айтып берді
Шығыс Қазақстан облысында 12-мамырдан бастап Семейден өзге барлық қалалар мен аудандарда кезең-кезеңмен жұмыс режиміне көшу басталады. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің Instagram-парақшасында жазды.
«Дер кезінде қабылданған шаралар мен тұрғындардың танытқан жауапкершілігінің арқасында Шығыс Қазақстанда басқа аймақтарға қарағанда COVID-19 вирусын жұқтыру деңгейі айтарлықтай төмен екені белгілі. Пандемияның алғашқы күндерінен бастап біздің межеге алған басты мақсатымыз – өңір халқының өмірі мен денсаулығын сақтау. Сондықтан коронавирустың жаңа жағдайларының болмауына кепілдік беретін тиісті шараларды қабылдаймыз», – дейді әкім.
Оның айтуынша, ШҚО карантиннен келесі ретпен шығады: 12 мамырда Семейден өзге барлық қалалар мен аудандарда кезең-кезеңмен жұмыс режиміне көшу басталды. Бүгінде 500 шаршы метрден аспайтын азық-түлік емес тауарлардың көтерме және бөлшек сауда объектілері, сондай-ақ, сұлулық салондары, гүл дүкендері жұмысқа кіріскен.
«18 мамырдан бастап компьютерлік, тұрмыстық техникаларды сату және жөндеу салондары ашылады. Бұл санатқа құрылыс материалдарын бөлшек сатумен айналысатын сауда орындары, автосалондар, ломбардтар, кір жуу және химиялық тазалау кәсіпкерлік нысандары кіреді. Бұдан бөлек, ашық алаңдағы спорт нысандары, қашықтан жеткізу және тамақты өзімен бірге алып кету шартымен қоғамдық тамақтану орындары іске кіріседі. Алдын ала кезекті брондау тәртібі бойынша ХҚКО жұмысы басталады», – дейді Даниал Ахметов.
Саяжайға жұп, тақ күндері, сенбі, жексенбі және мереке күндерін қоса алғанда баруға рұқсат берілген.
«Жағдай жақсарған жағдайда, рұқсаттама бойынша қозғалыс режимі тоқтатылады. Қауіпті вируспен күрес аяқталмағандықтан, сіздерден өз игіліктеріңіз үшін бетперде киіп жүруді, әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтауды сұраймын. Жұмыс режиміне көшудің барлық кезеңдері облыстағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты болатынын ерекше атап өткім келеді. Жалпы, карантин режимін аяқтау, қалыпты тыныс-тіршілікке оралу маусымның басына болжанып отыр», – дейді аймақ басшысы.