292
Мемлекеттен «субсидия алып беремін» деп кәсіпкерлерді алдап соққан алаяқ ұсталды
Мемлекеттен «субсидия алып беремін» деп кәсіпкерлерді алдап соққан алаяқ ұсталды
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында субсидия алып беруге уәде еткен күдікті 30-ға жуық тұрғынды алдап соққан. Бүгінгі таңда жәбірленушілерге келтірілген шығын 2,5 миллион теңгеге жуықтаған.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті тұрғын аудандық полицияға арызданған. Оның айтуынша, күдікті жеке кәсіпкерлікпен айналысу үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз 1 миллион ақша алып беретініне сендіріп, 100 мың теңге алған.
Бұдан бөлек, аудандық полиция бөліміне бірнеше тұрғыннан осыған ұқсас арыздар түскен. Күдікті оларға да 750 мың теңге көлемінде субсидия алып беретінін айтып, 80 мың теңгеден жинап алған.
Бұл қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктінің жеке-басын анықтаған. Ол өз үйінен ұсталды.
Қазірдің өзінде осы қылмыстық іс бойынша 30-ға жуық жәбірленуші аталмыш азаматтың атына арыз түсірген. Дегенмен тергеушілер күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде.
Күдікті қамауға алынып, «Алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.