218
Көне тараздағы келелі істер
Көне тараздағы келелі істер
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мен жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіттім. Ол ауылдық, селолық деңгейде басқару саласын арттыруға мүмкіндік жасайды және азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысуын кеңейтеді»,– деп атап көрсеткен болатын. Президенттің бұл тұжырымды сөзінің түп – төркінінен қоғамнан, жергілікті маңызы бар мәселелерден ешкім де шет қалмайтынын аңғарамыз. Қазіргі республика бойынша шенеуніктер белгіленген кестеге сәйкес халық алдында есеп беруді дағдыға айналдырған. Соның бір дәлелі таяуда Орталық коммуникация қызметіндегі брифингте Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев БАҚ өкілдерімен жолығып, аталған аймақтағы жетістіктерді сөз етті. «Облыста Ұлт Жоспарының 5 бағыты бойынша нақты іс-шаралар жоспары бекітілген. Арнайы медиа-жоспар әзірленіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – деп тоқталды өңір әкімі. Оның айтуынша, бірінші бағыт – кәсіби мемлекеттік аппарат құру бойынша жұмыс «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң аясында жүргізілмек. «Облыста бірыңғай конкурстық комиссиялар және персоналды басқару қызметтері құрылды. Облыстағы мемлекеттік қызметшілердің жалпы штаттық саны 5195 бірлікті құрайды, соның ішінде жергілікті атқарушы органдарда – 2747 бірлік (саяси мемлекеттік қызметші – 6, әкімшілік А» корпусы – 16, әкімшілік «Б» корпусы – 5173)»,– деді әкім. Бұған қоса, «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесі» бекітілген. Әдістемеге сәйкес «Б» корпусы қызметкерлерінің 2346 жеке жоспары құрылып, «А» корпусының қызметкерлері жұмыстарының басымдықтары туралы 11 келісім жасалған. Мұнымен қоса, ол облыс әкімдігінде мемлекеттік органдардың қадр қызметтерімен тығыз байланыста болатын Әдеп жөнiндегi өкілетті өкіл лауазымы енгізіліп, тәлімгерлер кеңестері құрылғандығын жеткізді. «100 нақты қадамның» 1-15-ші қадамдары аясында өңірлік қолға алған бастамалар мұнымен бітпейді. «Мемлекеттік қызметшілерді ротациялаудың 2016-2018 жылдарға арналған жоспары бекітілді. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мақсатында 42 млн теңге қаражат қарастырылған. Сондай-ақ, 869 мемлекеттік қызметшіні оқумен қамту жоспарлануда. Өткен тоқсан ішінде 225 мемлекеттік қызметші оқытудан өтті немесе 26% (оның ішінде 165 адам (30,2%) біліктілігін арттыру және 60 адам (18,6%) қайта даярлау курстарынан өтті», ̶ деді Кәрім Көкірекбаев.
Жиын барысында белгілі болғандай, Жамбыл облысында 2,4 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын қамтитын 80 жер учаскесінің құжаттары дайындалып, 1 шілдеден бастап аукцион арқылы сатылымға шығармақ. «Ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беру бойынша аймақтарда ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ауыл шаруашылығы жерлерін кадастрлық құнынан 50 пайыздық жеңілдікпен 10 жыл мерзімі ішінде сатып алуға мүмкіндіктер береді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сатуға шығару мақсатында жергілікті атқарушы органдар тарапынан 22,2 млн теңге қарастырылды»,– деді облыс әкімі. Жалпы, облыс бойынша жер пайдаланушыларға жалға берілген ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі 4,3 млн гектарды құрайды.
Қазіргі таңда 43 жалға алушы 1,4 мың гектар жерді жеке меншікке сатып алуға ниет білдіріп отыр. Бүгінгі күнге 2,4 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын құрайтын 80 жер учаскесінің құжаттары дайындалып, 1 шілдеден бастап аукцион арқылы сатылымға шығарылады». Бұдан бөлек, Жамбыл облысында инвестициялық жобаларға 55,8 мың гектар жер берілген. Бұл туралы жиында кеңінен сөз еткен әкім: «Бүгінгі күні 547 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 538 мың гектары қайта айналымға енгізілді. Инвестициялық жобаларға 55,8 мың гектар жер берілді», – деді.
2015 жылдағы статистикалық есеп бойынша облыста 62,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері пайдаға аспай жатыр. Айта кетерлігі, 30,3 мың гектар жерге жүргізілген тексеру нәтижесінде 19,1 мың гектар жер пайдаланылмайтыны анықталған. ҚР Жер кодексіне сәйкес, мұндай жерлер бір жылдың ішінде пайдаланбаса мемлекетке сот шешімімен қайтарылмақ.
Келесі кезекте өңір әкімі Жамбыл облысына тартылған инвестицияларды жіпке тізді. Ең алдымен Жамбыл өңіріне ет өнімдерін шығару мақсатында 5 инвестор 6,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салуға ниет білдіргендігін айтқан әкім: «Облысқа ірі қара мал еті мен тауық етін өндіру және қайта өңдеуді дамыту үшін жалпы инвестиция көлемі 6,5 млрд теңгені құрайтын 5 ірі инвестор тартылды»,– деді К.Көкірекбаев. Өңір басшысы деректеріне сәйкес, «Халал» стандартымен 1757 тонна ет өнімдерін шығаратын өндіріс орны Жамбыл ауданында ашылады. «ОңтүстікХалалТағамдары» серіктестігі жүзеге асыратын жобаға Біріккен Араб Әмірлігінің «ADEAS Development» компаниясы инвестиция құятын болады. Жоба құны 2,5 млрд теңгені құраса, бүгінде оның 1,8 млрд теңгесі толығымен игерілген. «Agrostanferms» ЖШС малайзиялық инвесторлардың көмегімен Меркі ауданында 3 мың бас ірі қараға арналған бордақылау орнын салмақ. Инвестиция көлемі шамамен 10 млн долларға тең. «Агро фирма Түрікпен» ЖШС-і де 3 мың ірі қараға арналған бордақылау кешенін салып, 5 мың бас ірі қараға арналған мал тұқымын асылдандыру шаруашылығын құрмақ. Бұл жобаның құны шамамен 500 млн теңгені құрайды. Бұған қоса, аталған өңірде алдағы уақытта қытайлық компаниялардың қатысуымен құны 170 млн доллардан асатын 14 жоба жүзеге асырылмақ. «Қазіргі уақытта әлеуетті инвесторлармен 26 болашағы зор инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Оның ішінде Қытай Халық Республикасымен экономикалық ынтымақтастықты жандандыру аясында қытайлық компаниялардың қатысуымен 14 инвестициялық жобаны жүзеге асыру мүмкіншілігі қарастырылуда. Жобалардың жалпы құны шамамен 170,4 млн долларды құрайды», ̶ деді өңір басшысы. Оның атап өтуінше, Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында облыс әкімдігі сүт, сүт өнімдері, сонымен бірге ет өнімдері өндірісіне стратегиялық инвесторлар тарту бойынша шаралар қабылдауда. Мәселен, жаңазеландиялық «FRONTERRA» мен даниялық «ARLA» компанияларымен 40 шаруашылықтың басын қосатын, сүт және сүт өнімдерін қайта өңдейтін «Меркі өнімдері» атты ірі жобаны жүзеге асыру қолға алынған. «Таяу аралықта өндірістік кооперативтер төңірегінде 70-тен 200-ге дейін асыл тұқымды сүтті сиыр ұстайтын сүтті-тауарлы фермалар құрылады. Бүгінгі күні сүт зауыты салынатын учаске анықталып, техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда. Бұл жобаларды жүзеге асыру әрбір кооперативтің таяу 5 жылдың ішінде тәулігіне 50 тоннаға дейін сүтті қайта өңдеуіне қол жеткізетін болады», – еді К.Көкірекбаев.
Брифинг барысында өңірдегі білім мәселесі де сөз болды. «Ұлт жоспарының 76, 77, 78, 79 қадамдарында Мемлекет басшысы білім беру жүйесін реформалау бойынша зор міндеттер жүктеді. Облыста 2 мектеп жаңартылған стандарттармен 12 жылдық білім беру эксперименті бағдарламасымен жұмыс істеуде»,– деді өңір басшысы. Сонымен қатар оның атап өтуінше, педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін өткен жылы 3745 мұғалім мен 33 мектеп директоры арнайы курстардан өткен. «Жаңа оқу жылынан бастап 1-ші сыныпқа баратын шамамен 26 мың бала жаңа білім беру бағдарламасымен оқитын болады», деді К.Көкірекбаев.
Тағы бір айта кетерлігі, жергілікті полицияның материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 600 млн теңге қаржы бөлінген. «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету бойынша (16-34 қадам) отандық тәжірибедегі мүлдем жаңа құрылым – жергілікті полиция қызметі құрылды. Штаттық саны – 1167 адамды құрайды. Материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 600 млн. теңге қаржы бөлінді», – деді облыс әкімі. Оның сөзіне қарағанда, жергілікті полиция тарапынан қабылданған шаралар өз кезегінде облыстағы ахуалды тұрақтандыруға ықпал етуде. Атап айтқанда, өткен үш ай ішінде облыста жалпы қылмыстың 0,7 пайызға төмендеуі байқалады, оның ішінде ауыр қылмыстар 3,1 пайызға (350 ден 339 ға дейін) төмендеген. Белгілі болғандай, өңірде ЖПҚ қызметкерлерімен 587 қылмыс ашылды. 44947 әкімшілік хаттамалар толтырылды. Толтырылған хаттамалардың саны өткен жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға өскен. 33577 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды. Бұған қоса, полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Ішкі істер департаментінде этикалық нормаларды бұзуға жол берген полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызын қарайтын консультативтік кеңесші орган құрылған. Сөйтіп, «қылмыстық құқық бұзу картасына» Жамбыл облысының барлық аудандары қосылып отыр. Өңір басшысының айтуынша, Ұлт жоспарының 32 қадамын іске асыру бойынша аудан орталықтары мен елді мекендердің «Қылмыстық құқық бұзу картасы» әзірленуде. Бүгінде Тараз, Қаратау және Жаңатас қалаларының геоақпараттық карталары іске қосылды. «Алдағы уақытта «Қылмыстық құқық бұзу картасына» облыстың барлық аудандары қосылатын болады»,– деді Кәрім Көкірекбаев. Әкім тілге тиек еткен өңірдегі жағымды жаңалықтардың бірі – «Нұрлы жол» аясында «Ақсүйек – Бурылбайтал» жолының жаңғыртылуы. Ұлт жоспарының 65-ші қадамы Қазақстанның халықаралық көлік-коммуникация ағынына ықпалдасуын қарастырады. Бұл ретте облыста «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің жалпы ұзындығы 495 шақырымды құрайтын учаскесі салынып, толығымен пайдалануға берілген. К.Көкірекбаевтың айтуынша, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ақсүйек-Бурылбайтал» республикалық автомобиль жолының 62 шақырымын жаңғырту алдағы уақытта жоспарланып отыр.
Еркежан ЖҰМАТАЙ
Астана қаласы