233
Жеңіске – 75 жыл: ТМД елдерінің басшылары Елбасын айтулы мерекемен құттықтады
Жеңіске – 75 жыл: ТМД елдерінің басшылары Елбасын айтулы мерекемен құттықтады
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге орай бірқатар мемлекет пен үкімет басшыларынан құттықтау хаттар келіп түсті, – деп хабарлайды Елбасының ресми сайты.
«Бұл қастерлі мерекені атап өте отырып, туған жерімізді иық тіресе қорғаған және әлемді фашизмнен құтқарған әкелеріміз бен аталарымыздың қайыспас қайсарлығы мен өшпес ерлігін құрметпен еске аламыз. Аға буыннан мұра болған достық пен өзара түсіністік дәстүрлері бұдан әрі қарай да біздің елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды дамыту үшін берік негіз болады деп сенемін», – делінген Ресей Президенті Владимир Путиннің жеделхатында.
Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко Елбасына зор денсаулық, бейбітшілік пен бақ-береке тілеп, құттықтау хат жолдады.
«Күллі беларусь халқының атынан және жеке өз атымнан Сізді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Соғыс даласындағы әкелеріміз бен аталарымыздың ерлігі, сондай-ақ тылдағы Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосқандардың қажырлы еңбегі біз үшін өшпес мақтаныш, шексіз патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі болып қала береді», – делінген А.Лукашенконың хатында.
Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков өз жеделхатында Ұлы Жеңіс – жаумен иық тіресе соғысқан және әлемді фашизмнен құтқарған біздің халықтарымыздың баға жетпес қазынасы екендігін атап өтті.
«Бүгін біз сарбаздар мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіп, бейбітшілік пен бостандықты сақтап қалғаны үшін аталарымыз бен аналарымызға зор ризашылығымызды білдіреміз. Ата-бабаларымыздың ерлігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – қастерлі борышымыз бен міндетіміз», – делінген жеделхатта.
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Молдова Республикасының Президенті Игорь Додонның атынан да құттықтау жеделхаты келіп түсті.
«Осы күндері 75 жылдығын атап өтіп жатқан баршамызға ортақ Ұлы Жеңіске деген үлкен мақтаныш сезіммен Сізді шын жүректен құттықтаймын және бақыт, игілік пен бақ-береке тілеймін. 1945 жылдың 9 мамыры – Достастықтың барлық елдері үшін ерекше күн, кеңес халқының ерлігі мен абыройының нышаны», – делінген И.Додонның құттықтауында.
Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян өз хатында мықты денсаулық, қажымас қайрат пен сәттілік тіледі.
«Бұл күні біз майдандағы ерлігі мен тылдағы қайсарлығы фашизмді жеңуге шешуші үлес қосқандарды мақтанышпен еске аламыз. Біздің ортақ міндетіміз – жеңіс жолында қандай қиындық көргенімізді есте сақтау, фашизмді дәріптеу, соғысқұмар ұлтшылдық пен ксенофобия идеологиясын тарату әрекеттеріне бірлесе қарсы тұру», – делінген жеделхатта.