200
Қ.Тоқаев пен Ш.Мирзиёев су басқан ауылдарды қалпына келтіру жұмыстарын талқылады
Қ.Тоқаев пен Ш.Мирзиёев су басқан ауылдарды қалпына келтіру жұмыстарын талқылады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылу салдарынан Қазақстан мен Өзбекстанның су басқан аймақтарындағы жағдайды тұрақтандыруға қатысты екі ел үкіметтерінің атқарып жатқан жұмыстарын егжей-тегжейлі талқылады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекеттер басшылары халықты эвакуациялау және әлеуметтік қолдау, инженерлік және көлік инфрақұрылымын қайта қалпына келтіру секілді шұғыл атқарылуы тиіс бірқатар міндеттерді шешу барысындағы тараптардың тығыз әрі үйлесімді жұмысына оң баға берді.
Өзбекстан басшысы бауырлас халықтар арасындағы қатынас достық және тату көршілік дәстүрге негізделгенін айтып, кез-келген қиындықты бірлесіп еңсеруге болатынын атап өтті. Шавкат Мирзиёев Өзбекстан тарапының жан-жақты қолдау көрсететінін, оның ішінде, еркін ақпарат алмасып, бөгетті қайта қалпына келтіру кезінде Қазақстанның мүддесі мен халықаралық құқық қағидаттарын ескеріп, ашық жұмыс жүргізуге дайын екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке осындай қысылтаяң шақта Өзбекстанның көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін ризашылығын білдірді
. – Біз бір өзеннің бойында отырмыз. Өзара сенім мен ашықтық негізінде ғана су ресурстарын әділ, тиімді пайдалануға қол жеткіземіз және трансшекаралық сипаттағы қауіп пен сын-қатерлердің алдын алуға мүмкіндігіміз болады, – деді Қазақстан Президенті.
Тараптар трансшекаралық өзендердің ресурстарын бірлесіп басқару және пайдалану тетіктерін одан әрі жетілдіру туралы келісімге келді. Осы орайда екі ел үкіметтеріне тұрақты әрі жоғары деңгейде жұмыс істейтін арнайы топ құру мәселесін ойластыру жүктелді.
Әңгіме соңында тараптар бірін-бірі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бұл мерекеге ерекше мән беріп, құрметпен қарау керек екенін атап өтіп, барлық ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне шын жүректен зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр, ал, бауырлас Қазақстан мен Өзбекстан халықтарына амандық пен өркендеу тіледі.
Телефон арқылы сөйлесуге өзбек тарапы бастамашы болды.